Демалыс базалары және жағажай басшыларымен кездесу өтті
15 Июня 2015 (10:54) | 2293 |
Автор: Нұрганым Имашева
Жұма күні «Ақтау қалалық тұтынушулар құқығын қорғау басқармасында» жазғы демалыс маусымының ашылуына орай қалалық демалыс базалары және жағажай басшыларымен семинар ұйымдастырылды.
Жиын барысында аталмыш нысан жетекшілеріне эпидемиолог-мамандар тарапынан маусымдық жіті ішек инфекциялары, ол бойынша шолу, оның алдын алу шаралары және 2014 жылы шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жариялануына байланысты тексеру болмау салдарынан республика көлемінде жіті ішек инфекциялары бойынша жаппай сырқаттану жағдайларының қай жерлерде тіркелгені, қанша адам ауырғаны, қандай себептермен мұндай аурулар туындағаны туралы және оларды болдырмау жөнінде келелі әңгіме қозғалды.
Нысанның жалпы техникалық, санитарлық-гигиеналық және ашылмастан бұрын сол жердің суы, топырағы, ауасы, тағамы лабораториялық зерттеуге алынуы қажет екені ескертілді.
Жағажайлар мен демалыс базалары қаладан алыс жерлерде орналасқандықтан адамдардың жарақаттану жағдайы бола қалған кезде алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры болуы туралы да сөз қозғалды.
Нысан басшыларына азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжаттардың міндетті түрде болуы қажет екені және тұтынушылар болып табылатын демалушылардың құқықтарының толық сақталуына жауаптылықтары түсіндірілді.
Жиынға қатысушылар тарапынан өздерін толғандырған сауалдары қойылып, мамандар оларға тиісті жауаптар берді.
«Ақтау қалалық тұтынушулар құқығын қорғау басқармасының» басшысы Назгүл Ермұратқызы Тұрғаналиева:
-Бүгінгі таңда бізге «Монтажник», «Серебряные пески», «Чайка» және «ЖК Есенгельдин» сынды бірнеше базадан ашылуы алдында тексеру өткізу туралы өтініштер келіп түсті. Сондықтан біз оларды қазір тексеріп жатырмыз. Оның өзі құптарлық, себебі, кейбір нысандар ешбір тексеріссіз өз бетімен ашылып, жұмыс жасай беруі де мүмкін. Сонда ол жерлердің не суының, не топырағының санитарлық нормаларға сай келуі, қызметкерлерінің медициналық тексеруден өткендігі туралы санитарлық кітапшалары тексерілмегені.
Осындай тазалық жағдайы ешбір тексеруден өтпей жұмыс жасайтын кейбір нысандар да бар. Бізге «нысанымыз жұмыс жасамайды, бізде жөндеу жүріп жатыр» дейді де, өздері жасырын түрде жұмыс жасап жатады. Жасырмаймыз, ондай жағдайлар да анықталып жатады,-деп мәлімдеді.
Биыл жазғы маусымда Ақтауда 12 демалыс базасы мен 3 жағажай («Достар», «Манила», «НұрПлаза») жұмыс жасап, демалушыларға қызмет көрсетеді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему