Ақтауда қайырымды жандар көпбалалы анаға пәтер сыйлады
4 Апреля 2019 (11:35) | 2632 | Автор: Нурганым Имашева
Облыс орталығында Ақтау қаласы әкімдігінің, «Ақжүніс» республикалық аналар қоғамының Маңғыстау тобының қолдауымен және «K7 Grouр» құрылыс компаниясының демеушілігімен «Күміс Алқа» иегері Нағима Көпжасароваға жаңа баспананың кілті табысталды.
Осыған дейін түрлі қиын жағдайды басынан өткерген алты балалы ананың 2 бірдей баласы мен жолдасы бірінші топтағы мүгедек. Олар қала іргесіндегі өндірістік аймақтағы иесіз жатқан темір вагонды паналауға мәжбүр болған.
30 шағынаудандағы су жаңа пәтерге қоныс тойын тойлауға игілікті іске ұйтқы болған жергілікті билік пен республикалық «Ақжүніс» аналар қоғамының Ақтаудағы филиалының өкілдері және «K7 Grouр» құрылыс компаниясының қайырымды қызметкерлері де келді.
Тосын сыйды күтпеген «Күміс Алқа» иегері Нағима Көпжасарованың қуанышында шек болмады, толқумен қайта-қайта көзіне жас алумен болды.
--Бүгін біздің отбасымыз үшін керемет жаңалық, қуанышты күн болды. Әлі де толқып тұрмын. Қыздарым қатты қуанып жатыр. Мұндай пәтерге қол жеткіземін деп ешқашан ойлаған жоқпын. Қуаныштымын, қолдау көрсеткен жандарға Алла разы болсын,-деген көпбалалы ана жомарт жандарға алғысын жаудырды.
АНАР ШАМШАДИНОВА, «АҚЖҮНІС» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АНАЛАР ҚОҒАМЫНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ ЖЕТЕКШІСІ:
-Бұл отбасының қиын жағдайын көргенде ешкім де бей-жай қалмады. Адамгершілік жасап, көмек көрсету дұрыс деп санаймын. Өз атымнан, «Ақжүніс» аналар қоғамының атынан Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязовқа және «K7 Grouр» құрылыс компаниясына, Шадырақ Ермекбайұлы ағамызға үлкен алғысымды айтамын.
Нағима Көпжасарова осы үйде өз бала-шағасымен, отағасымен бақытты өмір сүретініне сенеміз. Отағасы Серік ағамызды қолының шеберлігі бар екен. Біз ол кісіні Ақтау қаласы бойынша «Бизнес 3 күнде» жобасына тартуды ойлап отырмыз. Ол кісі ағаштан әртүрлі бұйымдар ажсайды екен. Сол бойынша ол кісінің кәсібін дамытуға қолұшын бергіміз келеді,- деп мәлімдеді.
Танымал ақын Анар Шамшадинова жетекшілік ететін «Ақжүніс» Республикалық аналар қоғамының Маңғыстау тобы 2019 жылдың ақпан айында құрылған. Оның құрамында бүгінгі таңда 700-ге жуық көп балалы, жалғызбасты, мүгедек бала бағып отырған аналар бар. Солардың арасынан осы қоғамның жұмысына ризашылық танытқан Мамбетова Майра, Қошимова Айнұр есімді аналар аталмыш топтың құрамына кіргелі өздерінің көп нәрселерді үйреніп, бір-біріне қолдау көрсетумен тату-тәтті қарым-қатынаста болып, проблемаларын бірлесе шешуге қол жеткізгендерін жарыса айтты.
«K7 Grouр» құрылыс компаниясының өкілі Шадырақ Ермекбайұлы пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтап, қайырымдылық жасау бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Облыс әкімінің бастамасымен аймақта қолға алынып отырған «Бизнес 3 күнде» жобасына белсенді қатысып, аз қамтылған отбасылардың өз кәсібін ашып, жағдайларын түзетуіне қол ұшын созуға дайын екендіктерін мәлімдеді.
Қиналған жандарға көмек қолын созған атымтай азаматтардың қайырымды істеріне куә болған, қуанышты сәтті бастан кешірген отбасының жүздері бал-бұл жанған балғындарының бақытты кейпін көріп, жақсылық жасауға талпынған, мейірім танытқан адамдардың шуақты жүздеріндегі шапағатқа шомылған жандар жиылған ізгілік шарасына қатысқан тілшілер қауымы да жағымды жаңалықты дүйім жұртқа жеткізуге асықтық.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші», елімізде қиналғанға қолдау танытып - демеу, жапа шеккенге қолтығынан демеп - сүйеу болар «Атымтай Жомарттар» көп болсын.
Суреттер автордыкі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему