Жас өрендердің білімдерін сынға салған сайыс
25 Ноября 2017 (12:38) | 4429 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облысының Дін істері басқармасының ұйытқы болуымен 24 қарашада Ақтау қаласындағы Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 мамандандырылған физика-математика мектебінде аймақ мектептерінің 10-11 сынып оқушыларынан құрылған 6 топ қатысқан білім сайысы өтті.
«Ойыннан - білімге» деп аталған танымдық-зияткерлік сайысқа Ақтау қаласының «Болашақ» және «МанАта» екі тобы, Мұнайлы ауданының «Ақинақ» командасы, Түпқараған ауданының «Мұрагер» тобы және Маңғыстау ауданынан келген «Парыз» командасы мен Жаңаөзен қаласының «Тағылым» тобы қатысып, білім сынасты.
Маңғыстау облысының Дін істері басқармасының «Діни ақпаратты талдау орталығының» ұйымдастыру бөлімінің бастығы Аталикова Жұлдыз Якубқызы:
-«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бұл сайысты ұйымдастырудағы мақсат – жастардың діни біліктілігін арттыру, олардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру және барлық салалардан, атап айтқанда дін саласынан, тарихтан, өлкетану бағытында білімдерін арттыру және сайысқа қатысу арқылы оқушылардың жаңа ақпараттар алуына ықпал ету, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту. Осыған дейін біз аудандық білім бөлімдеріне тапсырма беру арқылы ауыл мектептеріндегі сайыстарды өткізген болатынбыз, соның нәтижесімен облыстық сайысқа жолдама алған топтар бүгінгі сайысқа қатысып отыр.
Облыстық сайыс біздің Дін істері басқармасының жоспарына сай, алғаш рет өткізіліп отыр. Ол алдағы уақытта өз жалғсын табады деген үміттеміз.
Жалпы, біздің көздеген мақсатымыз - жастарымызды діни танымдылық, діни сауаттылыққа үйрету. Бүгінгі таңда өзекті мәселе болып тұрған діни экстремизм мен діни терроризмнің алдын алу, дәстүрлі емес діни идеологияның әсерінен жастарды сақтандыру мақсатында осындай шараны ұйымдастырып отырмыз. Мұндай білім сайыстары – елімізде жат діни ағымдардың көбеюіне тосқауыл болып, оларға жастардың бет бұруына кедергі болады деп ойлаймын,- деп мәлімдеді.
Білім сайысына қатысқан 6 топ оқушылары әрқайсының құрамында 5 қатысушы бар командалар болып, өздеріне арналған үстел басына жайғасты. Командалар белгілі бір шектелген уақытта 7 сауалға жауап табу тапсырмасынан тұратын 3 кезеңді қамтыған сынақтан өтті. І кезеңде – балалар Мұхаммед пайғамбардың өмір жолына қатысты 7 сұраққа жауап іздесе, ІІ кезең –«Киелі өлке Маңғыстау» деп аталып, өлкетану саласына қатысты болды, ал ІІІ – ақтық кезеңде «Әлемдік діндер тарихынан» тақырыбындағы сауалдар қойылды. Командалар, әсіресе аудан мектептерінің оқушылары әр сұраққа дұрыс жауап іздеп, көп қиналмағаны байқалды, себебі тарих және дінтану пәндері бойынша және өлке тарихына қатысты сауалдар мектеп бағдарламасы аясында қойылды әрі оқушылардың аталған қос пән бойынша білімдері біршама терең және қызығушылықтары зор екені сайыс барысында анық сезілді.
Сайыскерлердің біліміне Мұнайлы ауданының №8 мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Аталиков Якуб Қайырұлы бастаған әділқазылар баға берді. Қазылар құрамында «Ақжол» жастар қанатының жетекшісі Исаева Әлия, «Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының» ақпарат бөлімінің басшысы Ахмедов Азамат және облыстық дін істері басқармасының теолог маманы Азамат Хасен болды.
Сайыс қорытындысымен І орынды Мұнайлы ауданының «Ақинақ» командасы жеңіп алды, ІІ-орынға Маңғыстау ауданың Үштаған ауылының Асқар Өтепбергенов атындағы мектебінен келген оқушылар командасы лайық деп танылды, ал ІІІ орын – Түпқараған ауданының «Мұрагер» командасына бұйырды. Орын алмаған өзге 3 топқа облыстық дін істері басқармасының «Алғыс хаты» табысталды.
-Бүгінгі таңдағы оқу процесіндегі реформалардың талабына сай, оқушыларды бұрынғыдай тек оқыта салу емес, өздерін ізденіп оқуға ынталандыру, қызықтыру көзделеді. Сол себептен осындай сайыстарды түрлі-түрлі тақырыптарға ұйымдастырып, сабақ кезінде де қолдануға болады, барлық деңгейде өткізуге болады. Осындай сайыстарға қатысу арқылы оқушы әртүрлі бағытта ақпарат алады. 2018 жылы мұндай білім сайыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Менің кіші отаным» тақырыбымен өтеді деп жоспарлануда,-дейді тарихшы және өлкетанушы, тарих және дінтану пәндерінің оқытушысы Аталиков Якуб Қайырұлы.
Аталмыш білім додасының оқушылардың білімін арттыруға себепші болатыны туралы өз оқушыларын жарысқа бастап әкелген тарихшы ұстаздар да қолдады.
Жаңаөзен қаласының гимназия-мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Есенбаева Гүлшара:
-Бүгінгі шара өте жақсы ұйымдакстырылған екен. Киелі Маңғыстау тарихына, пайғамбардың өміріне қатысты оқушыларға жақсы білім беруге бағытталған сайыс деуге болады. Дінтану пәнінде киелі Маңғыстау туралы айтылмағанмен, Пайғамбар туралы, әлемдік діндер туралы көптеген мәліметтер бар. Сондықтан осы дінтану пәніне киелі Маңғыстау туралы көбірек мағұлматтар қосып, балалардың білімдерін жетілдіру үшін, көбірек болу керек деп есептеймін. Себебі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өз еліңнің тарихын көбірек зерттеп білу қажеттігіне басымдылық берілген. Сол себепті аталған оқулықтың мазмұнын әлем діндері туралы мәліметтерден гөрі өзіміздің туған өлкенің тарихына қатысты мағұлматтармен толықтырылғанын дұрыс деп санаймын, - дейді.
Маңғыстау ауданының Асқар Өтепбергенов атындағы мектебінен келген тарихшы ұстаз Шүйінбекқызы Зәмзәгүл:
-Дінтану пәні бізде факультатив ретінде былтырғы жылдан бері жүргізілуде. Оның пән ретінде кіргенін қалаймыз, бұл жөнінде айтылуда. Оны тек 9 сынып қана оқиды қазір бағдарлама бойынша, келешекте 10 және 11 сыныптарда да болса екен дейміз. Бүгінгі сайыс оқушыар үшін өте қызықты ұйымдастырылған деп есептеймін. Осындай сайыстардың балалардың дін туралы білімдерін кеңейтіп, біздің әулиелі Маңғыстаудың тарихын білуге көп септегін тигізері анық. Діни сауаттылықты арттыру жөнінен осындай білім додаларының пайдасы зор, себебі діни сауаты болмаса, жастар қазір жат діни ағымдардың ықпалына еріп кетуі мүмкін.
Болашақта да осындай сайыстар жиі өткізіліп тұрады деп үміттенеміз,- деген пікірімен бөлісті.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему