Маңғыстаулық және Ислам Иран Республикасы кәсіпкерлері арасында тиімді ынтымақтастық орнады
23 Октября 2018 (11:26) | 2720 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облысына Иран Ислам Республикасы Гүлстан провинциясының губернаторы Манаф Хашеми бастаған ирандық делегация келді. Оның құрамында мемлекеттік орган басшылары, туризм, медицина, сауда-өнеркәсіп палатасының қызметкерлері бар.
Маңғыстау облысы мен Гүлстан провинциясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында Ақтауда бизнес-форум өтті. Онда «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Гүлстан облысының сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржігіт Хайруллаев:
-Маңғыстау облысында 50 мыңдай кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр. Еліміздегі негізгі саясаты - экспорт көлемін артыру. Иранға қой етін экспортқа шығаруға мүдделіміз. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 300 мың қой алып, теңіз порты арқылы жеткізуге мүмкіндігіміз жоғары. Қазірдің өзінде «Құрықстрой» мекемесі арқылы Иранға 30 тонна қой етін жеткіздік. Егер қой шаруашылығын дамытуға Иран тарапынан қызығушылық болса, кәсіпкерлеріміз жайылымдарында бірлескен шаруашылық құруға дайын.
Қазір «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 500 млн. АҚШ доллары соммасында 27 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Өңірдің климаттық жағдайы күн және жел электр станцияларын салуға зор мүмкіндік береді. Мұнан өзге агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция салу, жылыжай шаруашылықтарын дамыту, егін және құс шаруашылығы, тамақ өнеркәсібіне қатысты жобаларды нақты жүзеге асыруға ирандық инвесторлар тас түйін дайын.
Гүлстан провинциясының губернаторы Манаф Хашеми:
-Біздің облыс Иран бойынша сүт пен тауық етін ең көп шығарады. Біз Маңғыстаудың тұтынушылары туралы нақты зерттеп, тауық етімен қамтамасыз етуге үмітіміз мол. Екі елдің облыстарының арасы қашық емес. Өнімді өте сапалы күйінде жеткізуге дайынбыз. Қанша сұраныс болса, сонша жеткізіп береміз.
Шара соңында екі елдің кәсіпкерлері мен басқа да мекемелердің мамандары келіссөздер жүргізді. Ауылшаруашылығы, туризм, өндіріс, сауда, теміржол және әуе қатынастарын дамыту жайы талқыланды.
-Әуе қарым-қатынасын дамытуға байланысты нақты сұрақтар көтерілген болатын. Бірінші кезеңде жүк тасымалын жетілдіруге шешім қабылдадық. Соған байланысты екіжақты нақты жүзеге асыруға келісімге келдік,- деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Статистикаға жүгінсек, биылғы жылдың 6 айында Маңғыстау облысы мен Иран арасындағы жалпы тауарайналымы 27,2 млн. АҚШ долларын, оның ішінде экспорт – 4 млн. АҚШ долл., импорт – 23,2 млн.АҚШ долларын құрап отыр. Маңғыстау өңірі Иранға: 4 млн. АҚШ доллары көлемінде астық пен жармалар, темекі бұйымдары, құрылыс материалдары, болат және басқа да тауарларды экспорттаған. Ираннан Маңғыстау облысына: көкөністер, жеміс-жидектер, ағаштар, спорттық құрал-саймандар, жиһаздар және басқа да тауарлар импортталды.
Екі жақты кездесу ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, Иран мен арадағы экономикалық қатынастардың күре тамырына қан жүгіретін болады.
Бұл туралы біздің басылымға Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттерді түсірген Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему