Ерлі-зайыпты полицей өзгелерге үлгі
7 Июня 2017 (17:16) | 4509 | Автор: Мира Ботабекова
Маңғыстау облысында жиырмаға жуық ерлі-зайыпты полицей тұрады. Солардың бірі – Ерлан мен Гаухар Биәлиевтер. Қос тәртіп сақшысы Ақтаудағы жергілікті полиция қызметінде еңбек етеді. Олар қызметке деген адалдығымен және отбасындағы сыйластығымен өзгелерге үлгі. Екі перзент тәрбиелеп отырған қос полицей көп балалы отбасы болуды қалайды.
Ерлі-зайыпты полицей Биәлиевтердің 7 жылдан бері жұптары жазылған емес. Үйде де, қызметте де бірге. Таңертең жұмысқа бірге келіп, қызметтен үйге бірге қайтады. Тіпті кезекшілікті де бірлесе атқарады. Алайда міндеттері басқа. Ерлан Биәлиев – іздестіру бөлімінің аға инспекторы. Жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушілерді іздестіріп, анықтап, ұстайды.
Ерлан Биәлиев, Маңғыстау облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі, іздестіру бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны:
-Бұл салада 2008-ші жылдан бері еңбек етіп келе жатырмын. Бір өкініштісі, қазір жол көлік оқиғасын жасап не жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалайтындар бар. Аптасына 2-3 оқиға тіркеледі. Менің міндетім – сол жүргізушілерді, көліктерін анықтап, іздестіру. Кейде тіпті адам өлтіріп, қашып кететіндер бар. Соларды ұстап, әріптестерімнің қолына тапбыстаған кезде азаматтық борышымды өтегендей боламын.
Сөзден көрі іске жақын Ерлан еңбекқорлығымен және қызметтегі адалдығымен көпке үлгі. Мінсіз қызметі үшін бірнеше рет арнайы марапатқа ие болған. Ал, би билеп, ән айтатын өнері бар Гауһар қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
Гауһар Биәлиева жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыру және бақылау бөлімінде аға инспектор қызметін атқарады. Тәртіп сақшысы болу – Гауһардың бала күнгі арманы. Кішкентай кезінде жол полициясында қызмет ететін көршісін көріп, қызығады екен. Мектеп қабырғасында жүргенде «кім болам?», деген тақырыпқа «Полиция қызметкері боламын», деп шығарма жазады екен. Бала арманы алға жетелеп, «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығын алады. 2009-шы жылдан бері Маңғыстау облыстық ішкі істер саласында еңбек етіп жүр. Қос полицейді қызмет табыстырған.
Гауһар Биәлиева, Маңғыстау облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің жұмысты ұйымдастыру және бақылау бөлімінің аға инспекторы:
-Мен қызмет барысында қызметкерлеріміздің үстінен түскен арыздар бойынша тексеру жүргіземін. Тағдырдың бұйырғаны ма, бірде жодасым Ерланның үсітнен де бір азамат шағымданып, Ерланға қатысты қызметтік тергеу жүргізу керек болдым. Ерланды түсініктеме алуға шақырдым. Түсініктемесін жазды. Түсініктемесіне қарап қандай адам екенін түсіндім. Өзі де маған көңілі ауды ма келесі күні кабинетіме келіп, кешке киноға баруға шақырды. Сол күннен бастап екеміздің арамызда ыстық сезім пайда болды. Бір жылға ұзамай шаңырақ көтердік.
Қызметте қатал сақшылар отбасында мейірімді ата-ана. Ерлан мен Гауһар бос уақыттарын балаларына арнайды. 6 жасар Мәдина мен 4 жасар Алан есімді ұл мен қызды өсіріп отыр. Көп балалы отбасынан шыққан олар Мәдина мен Аланның соңынан іні-қарындастарының ергенін қалайды. Мықты маман, аяулы жар, ибалы келін Гауһар үшінші сәбиін күтіп отыр.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему