Ақтау қаласы әкімінің есебі
17 Февраля 2017 (14:53) | 3161 | Автор: Мира Ботабекова
Ақтау қаласында «сақалды» құрылысқа айналған «Аққу-1» тұрғын үй кешенінде биыл қоныс тойы болғалы жатыр. Өйткені, 33-шағынауданда бой көтерген жаңа үйге 560 отбасы көшіп келеді. «Бұл туралы халыққа есеп берген қала әкімі мәлімдеді»,-деп жазады «Хабар24» сайты.
Әкімнің айтуынша, таяуда жас мамандарды пәтермен қамту мәселесі оң шешім табады. Екі шағынауданда демеушілер есебінен 110 және 500 орындық жатақханалар салынып жатыр.
Ал, бөлмелер бірінші кезекте кімдерге беріледі? Жатақханалар өңірлік бағдарлама бойынша өзге аймақтардан келген жастарға арналған. Сәйкесінше, білім және денсаулық сақтау ұйымдарында маман саны артады. Ал, тұрғындар кезегіне қарай баспанамен қамтылуда. Былтыр 2890 пәтер тапсырылған. Жаңа үйлерге кірген халық құрылыс сапасына сын айтты.
Гүлшат Биданова, қала тұрғыны:
- Қабырғадан, қолмен ұстағанда, салқын келеді. Қосымша пеш қосамыз. Кемінде тоққа 25 мыңдай төлейміз.
Серікбай Тұрымов, қала әкімі:
- Үйлер әзірге біздің коммуналдық меншікте. Сондықтан, тиісті қаражат шығарып, жұмыстарды жасауға мүмкіндік бар деп есептейміз. Бақылауға аламыз.
Кездесуде қоғамдық көлік аялдамаларына қатысты мәселе жиі көтерілді. Әсіресе, жаңадан салынған шағынаудандардың тұрғындары үйден қашық орналасқан аялдамаға жету азабын әкімге жеткізді.
Жексенбай Кәдірбаев, қала тұрғыны:
- Аялдама басқа жақта, тұрғын үй басқа жақта. Сол аялдама үй жанына жақындатылса және соған келіп-кететін маршрут қадағаланса екен.
Серікбай Тұрымов, қала әкімі:
- 33-ші және 34-шағынаудандар арасында жол салынып жатыр. Жолды салып бітіруіміз керек автобус үйдің қасына дейін баруы үшін. Қайткен кезде «Аққу-2» кешеніне аялдаманы жақындата алатынымызды қазір мамандармен ақылдасып көрейін.
Биыл қалаға отандық үлгідегі 15 автобус сатып алу жоспарда бар. Жұмсалған шығын жолаушы ақысын көтерумен өтелмек. Әзірге ең арзан баға Ақтауда. Биыл 50 теңге тұратын жолақы 10-15 теңгеге көтерілсе, тариф көршілес өңірлермен теңеседі.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему