Түпқараған ауданында балық шаруашылығын дамыту үшін инвестициялық жобалар іске асырылуда
13 Февраля 2023 (13:24) | 1355 | Автор: Редакция
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев Түпқараған ауданында болып, Форт-Шевченко қаласының тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиынға Маңғыстау облысы мәслихатының хатшысы, ардагерлер кеңесінің және қоғамдық кеңестің төрағалары, қоғам белсенділері қатысты.
Алдымен Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен ауданның даму жоспарын баяндады.
Аудан әкімі ауылда балық шаруашылығы белсенді дамып кележатқанын атап өтті. Былтыр өнімдерді өндіру көлемі 6,6 млрд теңгеге орындалды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 млрд 9 млн теңгеге артқан. Соның ішінде балық шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Нәтижесінде, «Аташ Фиш Пром» ЖСШ 5 тонна балық ұнын өндіріп, 8 тонна ұсақ балық ысытып, 3 тонна ұсақ балықты тұздап, сатып үлгерді.
Ал «Казах Осетр» кәсіпорны бекіре уылдырығын өндіруді қолға алды. 2030 жылға қарай мекеменің өндіріс көлемін екі есеге, яғни 60 тоннаға дейін көтеру жоспарланып отыр. Мұнан бөлек ауданда балық шаруашылығын дамытуға арналған 3 инвестициялық жоба жасақталуда. Атап айтқанда, «Каспий Алтын Балық» ЖШС, «CaspyAltynBalyk» ЖШС, Қызылөзен ауылында «Swiss Choice Holding SA» кәсіпорындарының құрылысы салынып, құжаттары әзірленуде.
Жалпы ауданда 39 мыңға жуық тұрғын бар. Кездесуге келген тұрғындарды жұмыссыздық, баспана, мәдениет үйін салу, карьер, экология, жер беру, туризмді дамыту, газбен қамту сынды бірқатар мәселе алаңдатып отыр.
- Тұрғындар жер мәселесіне қатысты сұрақтарды жиі қойып жатыр. Бұл мәселе Жер кодексіне байланысты шешіледі. Алдымен инфрақұрылымы бар жерлер кезекте тұрғандарға беріледі. Сондықтан жергілікті атқарушы орган осы мәселелерге және ауданның даму жоспарына сәйкес жұмыстардың орындалуына баса назар аудару қажет, - деді Жұмабай Қарағаев.
Күннің екінші жартысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев Түпқараған аудандық жастар ресурстық орталығына барып, жай-күйімен танысты.
Ауданда 9000-нан аса жас бар.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, облыс әкімдігі жастарға қолдау көрсету, оларды дамыту мәселелеріне жіті назар аударуда. Қазіргі таңда жастар орталығы ғимаратын жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Сонымен қатар аудан әкімі Рахат Елтизаров Ақшұқыр ауылында Жастар орталығын орналастыру үшін ғимарат бөлу жоспарланып отырғанын жеткізді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему