«Айсәуле» ардагер әйелдер клубының төрайымы Ақмоншақ Баужанова: Зейнетке шыққан әйелдердің үйде отырғанша, қоғамға пайдасы тисін
Курс валют в Актау
на 27/11/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Среда,
27 Ноября, 05:37
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

«Айсәуле» ардагер әйелдер клубының төрайымы Ақмоншақ Баужанова: Зейнетке шыққан әйелдердің үйде отырғанша, қоғамға пайдасы тисін

8 Декабря 2016 (15:41) | 3133 | Автор: Мира Ботабекова

 

- Ақмоншақ апа, Маңғыстауда алғаш рет облыстық ардагер әйелдер клубы құрылған екен, құтты болсын! Бұл кімнің идеясы?

- Бір жиында «Жұмыс жасағанда ер мен әйел бірдей боламыз да, зейнетке шыққан соң әйелдер қоғамнан тыс қалып қоямыз. Ардагерлер кеңесіне неге тек ер адамдар қабылданады?», дегенім бар еді. Сол сөзімді естіді ме қайдам, мені облыстық ардагерлер кеңесіне шақырды. Мен келгенде кеңесте бірде бір әйел адам болған жоқ. Алдымен ардагерлер кеңесіне мүше болдым, артынша алқа мүшесі болдым. Кейіннен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары етіп сайлады. Өмір бойы жұмыс жасап келіп, үйде отырып қалған өте қиын екен. Жүрдек пойызбен жүріп келе жатып, бір кезде айдалаға түсіп қалып, не істеріңді білмей тұрғандай күй кешеді екенсің. Өзімнің басымнан өткен соң зейнетке шығып, үйде отырған замандастарымның жағдайын жақсы түсіндім. Өмірден көргені мен түйгені көп, аларынан берері мол аналарымыз көп-ақ. Үйде отырғанша қоғамға пайдасын тигізгені дұрыс қой олардың. Осындай ойдың шырмауында жүргенімде, бүгінде зейнетке шыққан бір топ әйел келді. «Қоғамнан тыс қалмауымыз керек, жылдар бойы жинаған тәжірибемізді қоғамның дамуына жұмсасақ, өзекті мәселелерді талқылап тұрсақ, басымызды қосатын бір орталық ашсақ», деген ұсыныстарын айтты. Ақылдаса келе аналар клубын құруды ұйғардық. Облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы қаулысы шығып, ардагерлер жанынан клуб құрылды.

 

- Клубты «Айсәуле» деп атадыңыздар...

-Клуб құрылған соң, атын ойластырдық. Белгілі журналист, танымал қаламгер Маңдайлы Қосымбай «Айсәуле» деп қойсақ қайтеді, деген ұсыныс тастады. Біріншіден, Айсәуле қазақ қыздарына қойылатын әдемі есім, екіншіден, Әбіш ағамыздың анасының аты. Маңғыстаулық ардагер әйелдер клубына Әбекеңдей ұлы тұлғаны дүниеге әкелген ананың есімін қою өте дұрыс шешім деп есептедік. Бәріміз бірауыздан келістік.

 

 

- Маңдайлы Қосымбай апамыздан басқа тағы кімдер мүшелікке өтті?

-Біз әртүрлі салада еңбек етіп, елге қызмет жасаған әйелдерді тарттық. Көп бала тәрбиелеп, отбасымен қызметті қоса атқарған асыл аналарымызды шақырдық. БүгіндеҚазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі күйші Роза Айдарбаева, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Рухия Батыршиева, өзіндік қолтаңбасы бар журналистер Еркеш Нәрембай мен Ғалия Кеңесбаева, Маңғыстау облысы тарихи-өлкетану музейінің директоры Тамара Жұмалиева, мықты кәсіпкер Ұлбосын Ахметова, ақын апайымыз Ақшагүл Рамазановалардай 20 шақты мүшеміз бар.

 

-Клубтың белгілі бір мақсаты бар ма?

-Клубтың құрылғанына көп бола қойған жоқ. Жоғарыда айтып өттім, бұл ерікті әйелдер қоғамы, клуб облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылды. «Достық» үйі ғимаратында орналасқан ардагерлер кеңесінің екі-үш бөлмесі бар еді, соның бір бөлмесін «Айсәуле» ардагер аналар клубына бердік. Клуб мүшелері мұнда кез-келген уақытта келіп, жұмыстануға, ақылдасуларына болады. Клубымыздың ережесін белгіледік. Ережеге сәйкес, екі бағытта жұмыс істейтін боламыз. Жастарға ақсақалды аталарымызбен қатар, ақ жаулық таққан әже, апаларымыздың да ақылы қажет. Клубтың жұмыстанатын бірінші бағыты осы тәрбие ісі болады. Біз негізінен ұлттық дәстүрді насихаттай отырып, қыз тәрбиесіне атсалысуды көздеп отырмыз. Бұл жұмыстар түрлі форматта болуы мүмкін. Жоғары оқу орындарына барып, студенттермен кездесу өткіземіз. Мектептерде қыздармен дөңгелек үстелде бас қосамыз. Клубқа шақырамыз, т.б. шараларды қолға аламыз. Себебі, қазір ұлт тәрбиесі өзекті мәселеге айналып отыр. Өкінішке қарай, бұрыс жолға түскен қыздарымыз көбейіп барады. Бізді әсіресе шетелге тұрмысқа шығып жатқан қаракөздеріміздің тағдыры алаңдатады. Бұл көшке тосқауыл болуымыз керек. Біз жас мемлекетпіз. Халқымыздың саны, оның ішінде қазақтар көп емес. Сондықтан да қыздарымыз іштен көбеюі керек, ұлтымыздың санын көбейтіп, тәрбиелеуі керек деп ойлаймын. Мұхит асып жатқан арулар көп екен. Мұны мүлде құптамаймын. Шет мемлекеттерге тек білім алу үшін, тіл үйрену үшін ғана баруға болады. Себебі, білім қашанда керек.

 

 

- Тағы бір алаңдарлық жағдай, қоғамда тасбауыр аналар көбейіп жатыр. Сататистикалық мәліметтер бойынша, былтыр елімізде 1200 баладан туған аналары бас тартыпты. Қорқыныштысы сол, бірі бауыр еті баласын «тірі тауарға» айналдырып, сатып жіберсе, енді бірі өлімге қиған. Қыздарымыздың осындай қадамға баруына кім кінәлі?

- Аң екеш аңда баласын қорғайды, қиындықта тастап кетпейді. Қыздарымыздың осындай әрекетке баруы ұлтымыз үшін үлкен қасірет. Жалпы, қоғам мықты болуы үшін тәрбие мықты болуы керек. Ал, адам тәрбиені алғаш отбасында алады. Сондықтан да бала тәрбиесіне мүлде атүсті қарауға болмайды. Біздің жас кезімізде кәмелетке толмай ер адаммен қарым-қатынас жасап я болмаса тұрмыс құру ұят болатын. Тіпті ондайды ойламайтын едік. Қазақтың қызы абыройды бәрінен биік қоюы керек. Ар-намысты ойлаған қыз жамандыққа бармайды. Міне, біз қыздарымызды намысшыл болуға тәрбиелеуіміз керек. Жастарға отбасы құндылығын бағалауды үйретуіміз керек. Қазір шаңырақ көтере сала «мінезіміз сәйкес келмеді, жараспай қалдық», деген сияқты көптеген сылтау айтып айырылысып кететін жас жұбайлар көбеюде. Қалай болғанда да шыдап, отбасын сақтауға тырысу керек. Ата-ана бірінші кезекте өздерін емес, баланы ойлауы тиіс. Бала үшін өмір сүрулері қажет. Оның болашағын ойлауы керек, өмірге әкелген перзентіне деген махаббат қиындықтың бәрін жеңу керек. Сонда ажырасу деген азаяр еді. Үлкендер жастардың мейлінше айырылыспауына атсалысуға тиіспіз.

 

-Клуб жұмысының екінші бағытына тоқтала кетсеңіз.

- Тағы бір мақсат - еңбек етіп, елге танылған әйелдерді, көп балалы аналарды ұрпаққа таныту, олардың өмір жолын, тәжірибесін насихаттау. Мәселен, Ұлы Отан соғы­сының қаһарлы күндері Тау­шық­тағы көмір шахтасында қыз-келін­шек­тер бригадасын басқарған, соғыстан соң ұзақ жылдар ұжым­шардың ауылдық кеңесін басқарған Жібек Қорғанова, Форт-Шевченко аудандық партия комитеттері әйелдер бөлімінің меңгерушісі, Форт-Шевченко, Шевченко қалалық партия комитеттерінің хатшысы, 2-ші және 1-ші хатшысы, Маңғыстау аудандық атқару комитетінің төрайымы, Ақтау қалалық атқару комитетінің төрайымы болған Ибаш Жанболатова сынды аты аңызға айналған көптеген аналарымыздың өнегелі істері жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Сол кісілердің фотосуреттерін шығарып, өмірлері туралы кітапшалар дайындап, жастарға танытсақ дейміз.

 

 

-Бұл жұмыстарға қажетті қаржыны кім береді?

-Біз қоғамдық ұйым болғандықтан еш жерден қаржыландырылмаймыз. Клуб мүшелері тегін жұмыс істейді. Арамызда кәсіпкерлеріміз бар. Солар қолұшын бергелі отыр. Тағы да демеушілер іздестіреміз, деген ойдамыз. Мүмкіндігінше клубтың әрбір мүшесі көмек беруге әзір. Қайырымды істерімен көптің алғысын алып жүрген өңірге белгілі кәсіпкер Ұлбосын Ахметова – «Айсәуле» ардагер аналар клубының белді мүшесі. Ұ.Ахметова теңіз жағасынан «Сая» сауықтыру орталығын ашқан болатын. Жақында кәсіпкердің арнайы шақыруымен 25 ардагеріміз тегін ем алып, демалып қайтты. Демалыс орны Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Ардагерлеріміз бір аптадан аса уақыт түрлі ем шараларын қабылдады. Мұнда жасы келген адамға қажетті емнің барлық түрі жүргізіледі. Төрт мезгіл тамағымен қатар түрлі концерттер ұйымдастырылыпты. Ардагерлердің арасында өнерлі азаматтар көп. Олар да өз үлестерін қосқан. Бірі ән айтып, екіншісі күй тартып, енді бірі өлең оқып, демалыстарын өте әсерлі өткізді. Жағалаудан тұтас бір демалыс кешенін тұрғызып, оған ардагерлерімізді тегін демалдырған Ұлбосын Ахметованың жомарттығы көп жас кәсіпкерлергі үлгі болары анық. Шетпеден келген Сарақбай Тілегенов Ұ.Ахметоваға арнап өлең шығарған екен. Өлеңді демалып жатқан барлық ардагер хормен орындап берген. Олар осылайша кәсіпкерге деген ілтипаттарын жеткізіпті.

 

-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

-Жаңа ғана құрылған клубтың жоспарлаған жұмысы көп. Атқаруға тиіс шаруа шаш етектен. Өткенде облыстық ардагерлер кеңесінің ұйтқы болуымен «Тәуелсіз елім» атты дөңгелек үстел өткіздік. Бұрын облысты басқарған бірталай азаматтарды, басшылық қызметте болған әйелдерді шақырдық. Жастарды да қатыстырдық. Үлкен кісілеріміз еліміз Тәуелсіздік алған жылдардағы бастан кешкен қиындықтарды, тап болған кедергілерді, жас мемлекеттің қалай аяқтан тұрғандығын әңгімелеп берді. Осылайша аға буын жастарға облыстың сол жылдардағы өмірі арқылы бүкіл елдің дамуын көрсетті. Мазмұнды жиыннан жастар көп мағлұмат алғандарын айтты. Алдағы уақытта мұндай кездесулер, басқосуларды жиі-жиі өткізіп тұрмақпыз.

 Қоғамның алдына ұрпақ тәрбиесі жүктелген. Сондықтан бұл мәселе қайсыбір қоғамда атүсті қаралмаған.Кеңес үкіметі тұсында жастарды тәрбиелейтін пионер, комсомол, партия сынды ұйымдар болды. Сол ұйымдар жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге, өтірік айтпауға, ұрлық жасамауға, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға үйретті. 

Біз ұрпақтар сабақтастығын жалғауды мақсат етеміз. Ардагерлеріміз өздерінің өнегелі өмірлері мен ғибратты істері арқылы жастарға үлгі болса дейміз. Әрбір жас өзінің алдындағы асқар таудай болған, елінің егемендігі мен балаларының болашағы үшін тайсалмаған ата менен әкенің ерлігіне, жүрегі мейірімге, ақылы дария, дәстүрін сақтаған, ошағын баптаған, керек кезінде алынбас қамалдай бола алатын қайсар ана менен әжеге қарап бой түзейді. Ендеше, бұның жеткіншектерге беретін тәлімі мен тәрбиесі өте зор. Біз отбасының, ата-ананың орнына тәрбие береміз, деген ойдан аулақпыз. Бала үшін отбасылық тәлімнің ролі айрықша. Біз тек болашағымыздың мықты болғанын қалаймыз. Себебі ел болашағы – жастардың қолында.

 

-Рахмет, жұмыстарыңыз табысты болсын!

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему