НЗМ оқушыларының жобасына патент берілді
13 Ноября 2020 (09:44) | 2233 | Автор: Редакция
Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ғаламаддин Асқар, Сағынбек Талғатұлы және физика пәні мұғалімі Дамир Еркмалиев автоматтандырылған сүйену таяғын жасап, патент алды.
2019 жылдың қыркүйегінде 12-сынып оқушылары Ғаламаддин мен Сағынбек робототехника бойынша жобасын бастады. Олар зағип адамдарға арналған автоматтандырылған сүйену таяғын жасап, мектепішілік конкурстан өтті.
Кейін оқушылар жобасын республикалық жарыста және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің арасында ғылыми жобадан желілік сайыста қорғап, екеуінен де 1-орынға ие болды.
Автоматтандырылған сүйену таяғы — зағип, көзі нашар көретін жандарға көмек болатын инновациялық құрал. Ол жолда кездесетін кез келген кедергіні оңай анықтайды әрі дезориентация жағдайында көмек шақыруға мүмкіндік береді, себебі touch батырмасы бар. Таяқ жерге құлаған жағдайда дыбыс шығарып, қолданушының оны іздеп табуына көмектеседі. Белгілі бір жерге жету үшін "А нүктесінен В нүктесіне дейін" функциясын қолдануға болады. Оның үстіне, таяқта телефон номерлерін сақтап, қоңырау шалу мүмкіндігі бар.
Бұл жобаның басқаларынан ең басты артықшылығы — таяқ дөңгелектерінің айналуынан пайда болатын механикалық энергияның жүйені толықтай энергиямен қамтамасыз етуінде.
Таяқтың құрастырушыларының бірі Ғаламаддин Асқардың айтуынша, жоба идеясы зағип адамның интернеттегі сұхбатын көргеннен кейін пайда болған.
“Көзі көрмейтін адам әңгімесінде гаджеттерден ән, аудиокітап тыңдай алатынын, ақшаны да санауға мұршасы барын, яғни көп нәрсені өздігінен жүзеге асыра алатынын айтты. Бірақ оның бір жерден екінші жерге баруға шамасы келмейді екен. Сол кезде Сағынбек екеуіміз осы проблеманы шешуді мақсат етіп, Дамир Еркмалиевтің көмегімен сүйену таяғын жасауды қолға алдық ”, - дейді Ғаламаддин.
Құрылғының жиналу механизмі де ерекше. Ол барынша тез әрі оңай кішірейтіліп, қоғамдық көлікке отырғанда қолға алуға ыңғайлы етіп жасалған. Салмағы 2 келіге жетпейді, жиналуына 7-8 секунд қана жеткілікті. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар оны тез көтеріп, көлікке отыра алады.
“Таяқты жасау идеясын жетілдіре келе оның прототипін құрастырдық. Ең алғаш таяқ жай ғана конструктор түрінде болды, одан кейінгісі әлдеқайда жетілді, қолдануға арналып жасалды. Кейін жоба бойынша оның мүмкіндіктерін көбейтіп, үшінші таяқты жасадық. Бұл құрылғының құрылымы күрделірек әрі ыңғайлырақ болды. Жалпы, прототипті жасауға 7 айдай уақытымыз кетті”, - деді Ғаламаддин.
Сүйену таяғындағы құрылымдық бөлшектерді қозғалту механизмдерінің дизайны оның жинаулы күйінде неғұрлым аз орын алуын қамтамасыз етеді. Ол оңай құйылатын әрі композициялық материалдардан жасалған, құрылғының негізсіз эстетикалық бөліктері жоқ. Бүкіл құрылым техникалық минимализм стилінде құрастырылған әрі адамдардың жеке көлік қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Қарапайым да ыңғайлы.
“Енді ең басты жұмыс — осы жобамыздың пайдасын көпшілікке көрсету. Таяқтың тигізер пайдасы мол. Бізді қолдайтын инвестор тапсақ, зағип жандардың өмірінің жеңілдеуіне, бір жерден екінші жерге өздігінен барып келуіне септігімізді тигіземіз деп үміттенемін”, — дейді Ғаламаддин.
Жобаны бастаған екі жігіт те биыл мектепті үздік бітірді. Қазір Сағынбек Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінде Computer Science мамандығы бойынша, ал Ғаламаддин Кореядағы KAIST-те Electrical engineering бойынша білім алып жатыр. Түлектеріміздің айтуынша, енді олар қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешу үшін университет қабырғасында да идеяларын жандандыруды жоспар етті.
Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
Баспасөз хатшысы
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему