Маңғыстаулық қаржыгерлер сырқат сәбилерге Шапағат Нұрын сыйлады
9 Января 2017 (15:22) | 2389 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облысының қаржы басқармасы 2013 жылы «Үміт сәулесі» әлеуметтік қолдау қоры» аталатын жекеменшік қормен бірлесіп, Ақтауда алғаш рет «Шапағат Нұры» аталған қайырымдылық акциясын ұйымдастырған болатын.
-«Шапағат Нұры» қайырымдылық акциясын» ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларындағы және қолдауға зәру болып жүрген мүгедек балалар мен дамуы жағынан мүмкіндігі шектеулі балғындарға көмек қолын созу.
Барлық акция шаралары мемлекеттік мекемелердегі және облыстағы екінші деңгейдегі банктердің қаржыгерлерінің қатысуымен өтті.
Қаржыгерлер дегеніміз – облыс көлеміндегі аудан-қалалардағы мемлекеттік органдардың барлық бөлімшелерінің есепшілері және экономистері, Қазынашылық, қаржылық бақылау, мемлекеттік кірістер Департаменттерінің және жергілікті қаржы институттарының мамандары.
Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктер – «Халық банкі» АҚ, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі», «Fortebank», «Банк Астана», «Нұрбанк», RBK банк және т.б. филиалдардың қаржыгерлері, - деп мәлімдеді Маңғыстау облысының қаржы басқармасының басшысы Әлбекова Марина Борисқызы.
Ең алғашқы қайырымдылық акциясы Маңғыстау облысының құрылғанына 40 жыл толуы және Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - төл теңгеміздің айналымға енгеніне 20 жыл толуына орай өткен.
Марина Борисқызының айтуынша, «Сол шаралар аясында 20 науқасы ауыр бала мен 20 мүжәлсіз отбасына көмек көрсетілді. Оларға 130 мың теңгенің сертификаты табысталды. Бұл қаржы 13 баланың Алматы және Астана қалаларына медициналық тексеруден өткізуіне және жол қаражатын өтеуіне берілді. 7 балғынды алыс және жақын шетелге жіберу мүмкіндігі жасалды. Сонымен қатар Түпқараған ауданының Таушық кентіндегі газ жарылысынан зардап шеккен отбасына және онкологиялық сырқатқа ұшыраған жанға Беларусь Республикасындағы онкологиялық орталыққа емделуге баруға қолдау жасалды».
2014 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай 40 мүгедек-балаға көмек көрсетілген. Сонымен қатар «Здоровье детям» Қоғамдық қорымен бірлесіп,Маңғыстау облыстық қуыршақ театрында60 мүгедек-балаға арналған Жаңа жылдық мерекелік кеш ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылған.
2015 жылы Наурыз мейрамы қарсаңында Ақтау қаласының №12 орта мектебінің оқушылары болып табылатын көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балаларына құны 50 мың теңгенің сертификаты және тәттілер тарту етілген.
1маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Ақтау қаласының 5 шағынауданында орналасқан «Bamby» балалар орталығында 40 мүгедек-балаға және дамуы жағынан мүмкіндігі шектеулі балғындарға арналған мерекелік шара ұйымдастырылғаны белгілі болды. Өткен мерекелік кештен зор әсерге бөленген бүлдіршіндер қуанышқа кенелген.
Ол туралы өз алғыстарын білдірген ата-аналар қауымы ризашылықтарымен бөлісті.
-Мен Тынкышева Рыскуль, Тынкышева Айнұр Болатовнаның анасымын. Кызым туылғаннан бері церебралды сал ауруымен ауырады. Алматыға, Астанаға жылда бір рет барып отырамыз. Көбіне Астанаға барамыз. Ем қабылдап жатырмыз, қызым жайлап-жайлап жақсы болып келе жатыр.
Әкесі мемлекеттік мекемеде жұмыс істеді. Содан зейнетке шықты. Осы берген қаржыны қызыма массаж алуға, емделуіне, дәрі-дәрмегіне жұмсаймын. Бүгін біз де тағы да жақсы жаңалығымыз бар, жаңа пәтерге ие болдық. Сіздерге осындай қаржылай көмек көрсетіп жатқандарыңызға мың да бір рахмет! Жанұяларыңызға амандық, жақсылық тілеймін. Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын.
2016 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай және Ұлттық валюта күні қарсаңында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасындағы 30 балаға материалдық көмек көрсетіліп, құны 40 мың теңгенің сертификаты табысталған. Жаңа 2017 жылды қарсы алу кезінде облыстық қаржы басқармасының қызметкерлері 20 мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіннің үйлеріне барып, Жаңа жылдық мерекелік сыйлықтармен қатар 50 мың теңге қаржылай көмек берген. Қаржыгерлер бұл қолдау денсаулығында кінәраты бар сәбилердің сауығу шараларын алып, оларға қосымша медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін береді деген сенімде.
Осы материалдық көмекке разы болған бірқатар ата-ана қаржыгерлерге алғыстарын айтты.
Дүйсенбаева Айнаш Утешкенқызы, Жібектің анасы:
-Бізге осылай Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай көмек көрсетіп жатырсыздар, өте ризамыз. Біз сияқты мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасына көмек көрсеткендеріңізге көп рахмет, еңбектеріңіздің жемістерін көріңіздер. Қазақта айтады ғой, «Жақсы сөз - жарым ырыс» деп, осының өзі бір үлкен көмек бізге, осылай ешкімге керек емес далада жатқан жоқ екенімізді сезініп жатырмыз, қамқор жандар бар екенін сезіндік, бәріңізге рахмет!
Бала-шағаларыңыздың қызығын көріп, жүре беріңіздер. Біз сияқты ата-аналарға да айтарым - жазылып кетсін балалары. Аллаһ тағаладан сұрайтынымыз, сол баламыздың амандығы, тек солар ауырмаса екен. Ата-аналар жыламаса екен деп тілеймін.
Бұдан бөлек облыстық қаржы басқармасының қызметкерлері отбасылық типтегі балалар үйінің 40 тәрбиеленушісіне киім-кешек сатып алуға қаржылай көмек қолын созды. «Здоровье детям» Қоғамдық қорының қызметкерлері Маңғыстау облысының қаржы басқармасына ұдайы ұйымдастырып келе жатқан қайырымдылық шаралары үшін ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтуда.
Қор қызметкерлері: «2016 жылы сіздердің қолдауларыңыздың нәтижесінде 10 сырқат бала «Микрополяризации» курсынан өту мүмкіндігіне ие болды. Бұл емшара – жүйке жүйесін (ДЦП, тіл және психикалық дамудың кешеуілдеуі, эписиндром, және т.б.) емдеудің бір тәсілі. Оның ақысын төлеуге кез-келген ата-ананың мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан мұндай қаржылай көмек дер кезінде келген құнды қолдау болды. Осындай игі іске өзгелер де атсалысар деген үміттеміз. Сіздерге өрлеу мен барша ізгі бастамаларыңызға табыс тілейміз» дейді.
Акцияны ұйымдастырушылар – облыстық қаржы басқармасының мамандары Наурыз мейрамында, 1маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде және Жаңа жылдық мерекеде балаларға арналған қайырымдылық шараларын ұдайы өткізуді әдетке айналдырған.
«Шапағат нұры» қайырымдылық акцияларын өткізген жылдар аралығында мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен қатар, облыстың банк саласының мамандары да өз еріктерімен бір күндік жалақыларын және одан өзге қаржылық көмектерін қолдауға зәру жандарға көмек көрсететін қоғамдық қордың шотына аударды.
Барлық шаралардың нәтижесінде шотқа 9 млн.тенгеден аса қаржы түсіп, облыстағы көмекке зәру 300 ден аса балақанға қайырымдылық көмек берілген. Келешекте де Маңғыстау қаржыгерлері осындай ізгілікті істі жалғастыруды жоспарлауда, балалардың жүзінен шаттық шуағы төгіліп, адамдар бір-біріне мейіріммен қарап, айналасындағылардың денсаулығына көңіл бөлуіне себепші болуды қалайды.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему