Германия елінен келген туристер Маңғыстау жерін қызыға тамашалады
9 Декабря 2015 (14:02) | 2369 | Автор: Нурганым Имашева
Өткен аптаның аяғында киелі Маңғыстау жеріне Германиядан бір топ турист келді. Меймандарға арналған инфотурды Украинаның Халықаралық әуе желілері аталатын компания ұйымдастырды. Ақтау қаласына Киев арқылы келіп жеткен өлке қонақтары екі күн бойы қасиетті Маңғыстау өлкесінің тарихымен, мәдениетімен, табиғаты сұлу, көрікті жерлерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Алғашқы күні киелі өлкемен танысуды Маңғыстаудың қарашаңырағы саналатын Түпқарағаннан бастаған туристер алдымен облыс орталығы-Ақтау қаласының тарихына қаныға отырып, Форт-Шевченко қаласына жол тартты.
Жол бойы ауданның «Ақшұқыр», «Сайын Шапағатов» елді мекендерімен таныстырылған шетелдік меймандарға күре жолдың бойында орналасқан Қошқар Ата, Қалипан қорымдары, Бала Әулие және т.б. тарихи ескерткіштер туралы баяндалды.
Аудан орталығына жеткенше туристер өлкенің экономикалық дамуы, алыс-жақын шет елдермен қарым-қатынасы туралы, аймақ тарихы жөнінде өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оларға тұшымды жауаптар алды.
Форт-Шевченко қаласына жеткен соң меймандар өңір тарихынан терең сыр шертетін қаладағы Т.Г.Шевченконың мұражай кешені мен этнографиялық мұражайдың залдарын аралап көріп, мұражай қызметкері Нұрсұлу Сүйіннің баяндауындағы өлке, аудан тарихы туралы терең әңгімені тыңдап, үлкен әсерге бөленді.
Қоштасарда мұражай қызметкеріне ризашылықтарын білдірген туристер аймақ тарихының талай парақтарын ақтарғандарын айтып, алғыстарын жаудырды.
Мұражайдан кейін туристер Түпқарағанның өзге де тарихи орындарын көріп, тамашалады.
Сапарларының екінші күнін қасиетті Отпан тауға барумен жалғастырған өңір меймандары ауа райының қолайсыздау болып, жаңбыр жауып, суық жел соққанына да қарамастан, ұзақ жол бойы өлке тарихына, кешегіден гөрі өзгеше болып келетін жер бедері, табиғи ландшафттың ерекшелігіне қызыға түсті.
«Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне келген соң, ондағы ескерткіштер, мұражайдың жәдігерлерімен жақын танысу барысында туристер киелі өлкенің бай тарихы, мәдениеті, салт-дәстүріне терең бойлады. Тарихи кешеннің қызметкері Құралай Абдуллаеваның баяндауындағы қызықты, мазмұнды әңгімелеулерден мол мағұлмат алған өлке қонақтарының ризашылықтары анық байқалды.
Әсіресе «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені қызметкерлерінің меймандарға арнап жайған қазақы дастарханынан дәм татқан еуропалық туристер қазақша ет, қуырдақ, қазы, бауырсақ, шұбат, балқаймақ сынды ұлттық тағамдардың дәмі тіл үйіретінін айтып, қайсы қалай дайындалатыны жөнінде сауалдар тастап, өз қызығушылықтарын жасырмады.
Ұлттық салт-дәстүрімізді қонақтарға кеңірек танытуды мақсат тұтқан тарихи кешеннің қызметкерлері аянып қалмады. Олар шетелдік меймандарға қонақты қалай қарсы алу, дастарқан басына жайғастыру, дәм ұсыну, бата беру, келіннің үлкендерге табақты дастарханнан алар кездегі көрсетер құрметі, ақсақалдардың бата-тілегі, тағы сол сияқты толып жатқан жөн-жоралғыларды көрсетіп, таныстырды. Қазақтың қасиетті қоңыр домбырасын шертіп, ән салған кезде меймандар жадырап сала берді, домбыра шанағынан төгілген әуезді әуенге қосылып, украин, орыс тілдерінде ән де шырқады.
Туристер Германия елінен келгенмен, олардың кейбірі бұрын Ресей мен Қазақстанның Павлодар облысында тұрған екен. Осыдан біраз жыл бұрын тарихи отаны Германияға қоныс аударған олар өздерінің балалық, жастық шақтары өткен жерлерін сағынып келгендерін жасырмады. Көпшілігі мұражайдағы жәдігерлерді көргенде балалық шағына оралғандай болғандарын айтып, сағыныштарын басты.
Германия елінің Берлин, Штудгард, Офенбах, Ахин, Донау, Франкфурд, Карл-Сруя және т.б. қалаларынан келіп, Маңғыстаумен танысуды мақсат еткен туристер киелі өлкенің бай тарихы мен мәдениеті туралы мәліметтерге қанығып, ұлттық салт-дәстүр туралы түсініктерін байытты.
Отпан тау кешеніне барған сапарында қазақ халқының бай салт-дәстүрін өз көздерімен көріп, тамашалау барысында еуропалық меймандар таңқалғандарын жасырмады, зор ризашылықтарын білдірді. Кейбір туристер өз ойларымен бөлісті.
Ахин қаласының тұрғыны Елена Рупель:
-Киелі Маңғыстау жерінің бай тарихымен, мәдениетімен жақын танысқаныма қуаныштымын. Салт-дәстүрлеріңізді қастерлеп, келешек ұрпаққа мұра ретінде жалғастыруға тырысуларыңыз көңілге қонымды. Қазақ халқының қонажайлылығына, мейірбандығына тәнті болып отырмын.
Бұл елге болашақта тағы келсем деп қызығып тұрмын. Балаларым мен немерелерімізге бар көрген, ойға түйгендерімізді айта барамыз, әрине.
Балалық шағымда Павлодар облысында тұрғанбыз. Сондағы көргендеріміз есіме түсіп, елжіреп тұрмын. Қазақ елін өзім үшін қайтадан ашқан әлемдей көріп тұрмын.
Қасиетті жердің тарихы туралы көп мағұлмат алдық. Маңғыстаудың жерасты мешіттеріндей тарихи жәдігерлерді ешбір жерден кездестірмейсің. Біз әлемнің талай жерлеріне барып жүрсек те, мұндайды көрген емеспіз. Тек осында келіп естіп, біліп, таңданып тұрмыз,-десе, оның сөзіне қосылған Наталья Рупель есімді Ахин қаласының тұрғыны:
-Қазақ халқының ұлттық киімдерін көріп, қызығып тұрмыз. Наурызда киетін қыз-келіншектердің ұлттық киімдері қандай сәнді! Кішкентай балғындар балабақшадағы мерекелерде ұлттық киіммен жүргенін суреттен көріп, сүйсініп отырмын. Қандай сүйкімді! Қандай тамаша!
Қонақты қарсы алу салттарыңыз қандай керемет! Пейілдеріңіз кең екен. Дастархандарыңыз мол, көңілдеріңіз ашық, жайдары.
Маңғыстаудың табиғаты да тамаша екен, әркелкі. Көрікті жерлері көп екен. Шетсіз-шексіз даласы, ақ бор таулары қандай әдемі. Маған өте ұнады өлкеңіз. Алдағы уақытта тағы келуді де ойлап тұрмын. Мұнда көруге қызықты жерлер жетерлік екен,-деп сүйсінгенін жасырмады.
Германиялық меймандар Ақтауға қайтар жолда да Отпан тауда болған кезде алған әсерлерімен бөлісіп, қасиетті өлкенің сұлу табиғаты мен адамдарының кең пейілі, қонақжайлылығы жүректеріне жылу сыйлағандарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему