Маңғыстауда ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға 2019 жылға 1 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінген
11 Января 2019 (11:23) | 1788 | Автор: Нурганым Имашева
Жастар жылына орай биыл Маңғыстау облысында жас кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілмек. Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін жас кәсіпкерлер қауымдастығы құрылады. Бұл туралы «Өңірлік Коммуникациялар қызметі» алаңында жүргізілген брифинг барысында Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрбек Қарасаев мәлім етті.
ТАБЫСҚА ЖЕТКЕН ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР
Өткен жылы кәсіп ашқан маңғыстаулықтарға 27 млрд. теңге несие берілген. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 20 процентке көп. Несие алғандардың басым бөлігін жастар құрап отыр. Брифингке өткен жылы кәсіп ашып, табысты еңбек етіп жатқан жас кәсіпкерлер де қатысып, өздерінің табыс құпияларымен бөлісті. Мәселен, 29 жастағы Сейдалиева Анар темір-бетон дайындайтын зауыт ашқан. Жас қыздың құрылыс саласындағы кәсібі аз уақытта нәтижесін берген. Бүгінде зауыт айына 150 мың шаршы метр өнім өндіріп отыр. Ал, 23 жастағы Чигин Артем Дмитриевич мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, Жаңаөзен қаласынан жиһаз шығаратын кәсіпорын ашты. 30 жастағы Сайөтес ауылының қарапайым жұмысшы жігіті Қанат Әбдиев болса кәсіпкерлер мен компания басшыларын жұмылдырып, ауылға балалар ойын алаңын, аялдама, сахна, спорт алаңы, футбол алаңын салып, ауыл ішіндегі тозығы жеткен жолды жөндеп берген. Осылайша ол туған ауылының дамуына қомақты үлес қосты.
БИЫЛ АУЫЛДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУҒА 1 МЛРД 400 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ
Кәсіпкерлік палатасы басшысының мәлімдеуінше, «2018 жылдың есебі бойынша аймақта 51 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Шағын және орта кәсіппен айналысатын адамдар саны – 120 мың. Берілген микронесиелер саны – 2,2 млрд, бұл көрсеткіш те алдыңғы жылдармен салыстарғанда 2 есеге артқан.
Биыл ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін қазынадан 1 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінбек. Өткен жылмен салыстырғанда 20 процентке көп.
2018 жылдың қаңтар-қараша айлары бойынша бөлшек сауда айналымы – 86 537 млн. теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 101,1 % орындалды.
Бүгінде облыста 35 базар орталығы, 16 сауда орталығы тіркелген.
КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ
2018 жылы кәсіпкерлік палатасының құқықтық блогына 382 құқықтық өтінім түсіп, оның 132-і кәсіпкерлік субъектінің құқығына қатысты, 69 өтінімге оң баға беріліп, 51 өтінімге түсіндірме жұмыстары ұсынылды, 12 өтінім қаралу үстінде.
Көбіне кәсіпкерлер жер қатынастары мен сәулет құрылысы бойынша хабарласады. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу мен салық саласына қатысты да өтінімдер көбеюде.
«Атамекен» палатасының қолдауымен құны - 2 млрд. 199 млн. 449 теңге тұратын жобалардың құқығы қорғалды.
Бизнесті қолдау мен дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асырудағы 4-бағыт (финанстық емес көмек көрсету) бойынша 1197 тұтынушыға 1645 қызмет көрсетілген, олардың ішінде 79 кәсіпкер 2 487,47 млн. теңге көлеміндегі өз жобаларын іске асырған.
Кәсіпкерлік палатасы басшысының мәлімдеуінше, «Аудан, ауыл кәсіпкерлеріне көмек көрсету мақсатында аудан орталықтарында 6 кәсіпкерлік орталық өз жұмысын атқаруда, осы орталықтарда 2499 кәсібін бастаған адамға 5159 консультациялық көмек көрсетілген. Нәтижесінде сомасы – 386,4 млн.теңге тұратын 192 кәсіпкердің жобасы іске асып, құжаттары реттелді».
Бизнесті оқыту бойынша кәсіпкерлік білімін көтеруге байланысты 1050 адам арнайы оқытылды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру аясында кәсіпкерлікті кешенді оқытуға арналған «Бастау» жобасы іске асырылды. 2018 жылы аталған оқыту барлық аудандар мен Ақтау, Жаңаөзен қаласында жүргізілді. 1056 адам оқытылып, 294-і 966,2 млн. теңгеге өз жобаларын іске асырды.
АҚПАН АЙЫНАН БАСТАП КӘСІПКЕРЛІК СКРИНИНГ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
-Биыл Маңғыстау облысында ақпан айынан бастап кәсіпкерлік скрининг жүргізіледі. Бұл жұмыстардың алғашқы кезеңіне қазынадан 50 млн. теңге бөлінді. «Мәселен, құс бағып, жұмыртқа өндіріп отырған немесе бақша егіп, өнім алып отырған азаматтарды анықтап, оларға қолдау көрсетілмек. Өнімдерін тапсыруға көмектесеміз. Осылайша тұрғындардың күнделікті табысын арттырып, кәсібін дөңгелетуіне қолұшы беріледі. Бұл аймақтағы кәсіпкерлердің санын арттырып, көлеңкелі бизнестің алдын алуға мүмкіндік береді», - деді Н.Қарасаев.
Суреттерді түсірген өңірлік коммуникация қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему