Қызметіне адал маман
23 Сентября 2016 (14:54) | 3148 | Автор: Нурганым Имашева
«Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант етемін» деп қызметке келген құқық қорғау саласы мамандарының жұмысы өзіндік ерекшелікке толы.
Тәртіп сақшыларының иығындағы жұлдыздарына қызыға қараған Жарқылдың полиция қызметкері болу – бала күннен арманы болатын.
Осы аяулы арманы алға жетеплеген Бөбекбаева Жарқыл 2009 жылдан бастап ішкі істер органына қызметке орналасты.
2009-2014 жылдар аралығында Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасында алғашқыда штаб бөлімшесінде инспектор болып қызмет атқарған ол, кейін жетекші маман лауазымында дейін көтерілді. Содан бері қызығы да, қиындығы да мол осы салада тынбай қызмет етіп келеді.
Отаныңа қызмет етіп, сондай-ақ халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін күндіз-түні қызмет жасау - Бөбекбаева Жарқыл Нұрбайқызы үшін үлкен мәртебе.
- Осы саланы өзім таңдадым, қиындығы көп мамандық екенін жақсы түсіндім, дегенмен, қай салада болмасын, жетістікке жету үшін көп еңбектенуге, тер төгуге тура келеді. Қызмет орнымдағы аға буын өкілдерінің берген ақылы мен көрсеткен көмектерінің арқасында бүгінгі күні көп нәрсеге қол жеткіздім, - дейді Жарқыл.
2012 жылы Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы колледжді «заңгер» мамандығы бойынша бітірген Жарқыл, кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Академиясына оқуға түсті. Қазіргі таңда аталған оқу орнының 4 курсында оқи жүріп, ЖОО-да алып жатқан білімін полиция қызметіндегі тәжірибесімен ұштастыра білуде.
Еңбекқор, білікті маман өңірде қоғам тыныштығын сақтауда қосқан үлесі үшін қызметінде басшылық тарапынан талай рет мақтау, марапаттарға ие болған.
Жарқылға өз қызметі ұнайды, облыс бойынша болып жатқан криминогендік ахуалды біліп, саралап, ол туралы Ішкі істер департаменті басшылығына ақпарат дайындау, сонымен қатар қызмет бабымен ІІМ, басқа да құқық қорғау органдарымен күнделікті қарым-қатынаста болу - ІІД Штаб басқармасының басты міндеті екендігін жоғары жауапкершілікпен түсінеді. Қызметінде жауапкершілік пен тәртіп қағидатын берік ұстанған Жарқыл басшысының өзіне деген сенімін ақтауға тырысады.
Бөбекбаева Жарқыл өз ана тілінен басқа, ресми тіл - орыс тілін жетік меңгерген. Ағылшын тіліне қызығушылық танытып, жұмыстан бос уақытында үйрену үшін өз бетімен дайындалады. ҚР ІІМ-нен келіп түскен бұйрықтар, нұсқаулар бойынша берілген тапсырмаларды мемлекеттік тілде сапалы да, мазмұнды орындап жүр.
- Тәртіп – ол ішкі істер органдарындағы басты міндет болып келеді, әскери тәртіпті сақтау – ол полиция қызметкерінің басты борыштарының бірі. Тәртіп сақшысы болу, соның ішінде ерлермен бірдей қызмет етудің ауыр екенін кез-келген қарапайым жан түсіне бермейді. Біреу сүйсінсе, екінші біреу аяқтан шалуға тырысады.
Ішкі істер органдарының атағына кір келтірмеуге тырысамын. Болашақта да өз Отаныма, халқыма адал еңбек етіп, қызығы мен шыжығы мол қызметке үлкен үлесімді қосқым келеді, - дейді Жарқыл ішкі істер органындағы келешектегі өз қызметі туралы ойымен бөлісе отырып.
- 2016 жылғы 23 маусымда «Қазақстан полициясы күні» мерекесіне орай еңбегім бағаланып, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Қасымов Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының атынан «Алғыс хат» алдым, - деді Жарқыл ерекше тебіреніспен. Бұл Жарқылдың бір ғана табысы емес. Құқық қорғау саласында қызмет атқарған жеті жылдан бері өз ісінің кәсіби шебері болған сақшы-қызымыз талай рет түрлі марапаттарға ие болып, еңбегінің жемісін татып келе жатыр.
Осындай Жарқыл сияқты жігерлі жастардың Отаны, халқы алдындағы адал қызметі – еліміздің көркейіп, гүлденуі жолында қосқан зор үлесі болуымен қатар, өзі құралпы жастарға үлгі болары анық. Білікті де білімді маман болумен бірге өзі қызмет ететін ұжымда әріптестері арасында абырой мен беделге ие болу да – тынымсыз еңбектің, өз ісіне адал болудың нәтижесі екені сөзсіз. Заман талабына сай, үш тілді жетік білуге деген талпынысы Жарқылдың – өз ісінің нағыз хас шебері болып, ана тілін ардақтаумен қатар, ресми тіл – орыс тілін жақсы білііп және заманауи технология тілі – ағылшын тілін де меңгеруге деген ұмтылысының өзі – қызметінде биік белестерді бағындыруға деген құлшынысының зор екенін аңғартса керек.
- Өз басым «Адам қанша тілді білсе – сонша рет рухани байи түседі» деген қағиданы ұстанамын. Біздің елімізде тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдері үшін өздерінің ана тілін ұмытпай, сонымен қатар мемлекеттік тіл мен орыс және ағылшын тілдерін де меңгеру үшін бар жағдай жсалып отыр.
«Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деп, мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі екенін үнемі назарда ұстап отыратын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тілдің даму стратегиясын ұсынды.
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге, елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет», – деп тіл дамыту мәселесінің маңызын аша отырып, Үкіметке арнайы бағдарлама жасау жөнінде тапсырма берді.
«Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қазіргі таңдағы қоғамның барлық саласында тілдерді дамыту мен қолдану және мемлекеттік тілді кең ауқымда қолдану барысындағы өзекті проблемаларды шешудің негізі болып табылады, - деген Жарқыл Нұрбайқызы елімізде жыл сайын 22 қыркүйекте атап өтілетін «Қазақстан халқы тілдерінің күні» мерекесі қарсаңында еліміздің тіл саясатына қатысты өз пікірімен бөлісті.
- Мемлекеттік тілмен байланысты көкейтесті мәселелер ел тағдырына, қауіпсіздігіне, мемлекеттілігінің нығаюына тікелей қатысты екені айқын. «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» Елбасы қазақстандықтардың алдына 2017 жылы мемлекеттік тілді еркін меңгерген қазақстандықтар саны 80 пайызға жетсе, 2020 жылы олар 95 пайыздан кем болмауы тиіс деген тапсырмасына орай, Жарқыл да әріптестеріне, соның ішінде қызметтес өзге ұлт өкілдеріне тіл мәселесіне қатысты қиындықтар туындаған жағдайда еш көмегін аямайды. Мемлекеттік тілде орындалған хаттары мен тапсырмаларына аса үлкен жауапкершілікпен қарап, олардың сауаттылығын жіті қадағалап отырады. Сонымен қатар, қазақ тілін меңгеру - әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті саналатынын жете түсінеді, - деген пікірлерін білдірді ұжымдастары Жарқыл Нұрбайқызы туралы.
Жарқыл – отбасында бауырының ақылшысы, ата-анасының тірегі, сүйеніші. Жас та болса, парасатты, көркіне ақылы сай. Осындай Жарқылды ұжымдастары жақсы көреді, сыйлайды.
«Алдағы уақытта да Жарқылдың өз қызметінің биік шыңынан көрініп, өмірінде сәттіліктер мен жетістіктерге жете беретініне біз кәміл сенеміз!», - дейді қызметтес әріптестері».
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему