Әркімнің дауысы маңызды
10 Апреля 2015 (10:44) | 1813 | Автор: Нұрганым Имашева
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған «Әркімнің дауысы маңызды!» атты акциясын Маңғыстау облысында алғашқылардың бірі болып «Берекет-Ф», «Maga-Bread» және «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС қолдады.
«Берекет-Ф» ЖШС бүгінде 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тәулігіне мұнда 10-15 тонна қышқыл сүт өнімдері дайындалады. Тек сүт зауытының өндіріс көлемі айына 312 тоннаны құрайды. Бұл күні қаймақ, айран, ірімшік, құрт, сүзбе, йогурттарға ҰКП логотипі бар «Әркімнің дауысы маңызды» атты стикер жапсырылған.
Кәсіпорынның бас директоры Зарета Фаталиева өткен жылы өңірлік «Табыс - 2014» көрме-жәрмеңкесінде «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Қазақстанның сауда кәсіпорындары «Сауда үздігі - 2014» республикалық байқауында «Жылдың үздік жетекшісі» аталымында жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Ол басшылық ететін серіктестік сүт, нан және кондитерлік өнімдер шығарады. Ал өнімді сатып алушылардың дені - Ақтау мен Жаңаөзен қалалары, Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия аудандарының көтерме, жекелеген сауда, дүкендер мен көпшілік тамақтандыру сияқты кәсіпорындары.
«Қазақстанның бизнес-қауымдастығы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастаған акцияны біздер бірауыздан қолдадық. Біздің ұжым міндетті түрде сайлауға белсенді қатысатын болады. Мен барлық жерлестерімді өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалануға шақырамын және де сайлаудан тыс қалмау керек деп ойлаймын». – дейді «Берекет-Ф» ЖШС бас директоры Зарета Фаталиева.
Аталмыш акцияны қолдаған тағы бір кәсіпорын «Maga-Bread» ЖШС. Аймақта нан өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын басшысы Мұрат Сауғабаев. Мұндағы зауыт 170 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс орны толықтай автоматтындырылған. Тәулігіне зауыт 30 тонна дайын өнім шығарады. Бүгіннен бастап тұтынушыларға жақсы танымал «Мағаш-Нан» өнімдері «Әркімнің дауысы маңызды!» деген стикер жапсырылған күйінде қаладағы дүкендерге түсетін болды.Енді тек азаматтық парызды орындау ғана қалып тұр.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастаған акцияны біз де қолдадық. Меніңше, бұл акция дұрыс ұйымдастырылған. Сайлауға қатысу-әрбір азаматтың міндеті. Ауызбіршілік танытып, елдің өркендеп дамуына барлығымыз үлес қосуымыз керек. Осы маңызды шараға белсене қатысуға шақырамын, еліміздің болашағы өзіміздің қолымызда екенін естен шығармайық», - деді «Maga-Bread» ЖШС директоры Мұрат Сауғабаев.
Сондай-ақ «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС де қалыс қалмады. Сүт өнімінің 18 түрімен қала тұрғындарын, «ӨзенМұнайГаз», «Маңғыстаумұнайгаз» компанияларының мердігер және серіктес мекемелерін қамтып отырған кәсіпорын айына 400 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Жұртшылықты саяси науқанға қатысуға шақырған шараға белсенді қатысқан олар, өз өнімдеріне 10.000 дана стикер жапсырып шықты. ҚР «Атамекен» ҰКП Жаңаөзен қалалық филиалының маманы Серік Машқұловтың айтуынша, акцияның мақсаты - жергілікті өнім арқылы мұнайшылар қаласының тұрғындарын алдағы Қазақстан Республикасы Президентін сайлауға қатысуға үндеп, қоғам алдындағы азаматтық парызын атқаруға шақыру болып табылады. «Шара еліміздің барлық аймағында, бүкіл отандық тауар өндірушілердің атсалысуымен өткізіліп жатыр», - деді ол.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему