Ақтауда обырдан сақтандыру шаралары өтті
10 Февраля 2015 (17:26) | 2099 | Автор: Нұрганым Имашева
Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай, республика көлемінде 2-11 ақпан аралығында қатерлі сырқаттың алдын алу онкүндігі өткізілуде. Осыған орай қалалық емдеу-сауықтыру мекемелерінде арнайы ұйымдастырылған шаралар өтті.
Онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған акция №1 Ақтау қалалық емханасында ұйымдастырылды. Емханаға келушілерге обыр ауруларынан сақтандыруға арналған ақпараттық парақшалар таратылып, қатерлі ісіктердің пайда болуы туралы емхана мамандары кеңестер берді. Шараны ұйымдастыруға белсене қатысқан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары да қала тұрғындарына аурудан сақтану жолдарын, сырқатты ерте анықтау бағытын түсіндіретін ақпараттар таратты.
Емхананың 1-қабатындағы фойеде мұнда келушілерді арнайы қабылдаған онколог-маммолог дәрігер Зейнелова Салтанат Өмірзақызы мен онколог-хирург дәрігер Бекберген Сейітбаев халыққа кеңестер берді.
Зейнелова Салтанат Өмірзақызының айтуынша, «2013 жылы-43 адам онкологиялық сырқатпен есепке алынса, 2014 жылы-160 адам дәрігерлік есепке алынған, соның ішінде сүт безінің қатерлі ісігімен 2013 жылы-29 әйел анықталса, 2014 жылы-37 әйел осы сырқатпен есепке алыныпты».
№1 Ақтау қалалық емханасының салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы медицина психологы Қобыланова Айнагүл Аманханқызы: «Аурулардың алдын алу үшін адамдар спортпен көбірек шұғылданып, дұрыс тамақтанып, медициналық психология мамандарымен кездесіп, олардан қажетті кеңестер алып тұрса, салауатты өмір салтын сақтанса, әркім өз денсаулығына деген жауапкершілігін сезінер болса, ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол табылар еді»,-деген пікірін білдірді.
Қатерлі ісік ауруларының алдын алу шараларының келесі бірі Маңғыстау гуманитарлық колледжінде өтті. Болашақ ұстаздарды облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары ауруға бастайтын зиянды нәрселердің құрамы мен зардап әкелер көрсеткіштерімен таныстырды. Орталық қызметкерлері көрнекі құралдарды пайдалана отырып, студенттерді салауатты өмір салтын сақтауға шақырды, ақпараттық парақтарды таратты.
Кездесуден алған әсері туралы Маңғыстау гуманитарлық колледжінің І курс студенті Айтөлеев Жиенбай: «Бүгінгі айтылған кеңестердің біз үшін маңызы зор. Мамандармен кездесуден алған әсерім өте керемет. Бұдан былай жүрген жерімде салауатты өмір салтын сақтау туралы ойыммен бөлісіп жүретін боламын»,-деді.
Оқу орнының директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ешпанова Гүләйім Әжібайқызы: «Мұндай шаралар біздің студенттерге өте қажет. Олар болашақ баламен жұмыс жасайтын ұстаздар мен тәрбиешілер. Сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса, өз жемісін берері анық»,-деген пікірін білдірді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему