«Жыңғылды-Шайыр-Шерқала» жол учаскесінің құрылысы қашан бітеді?
24 Апреля 2020 (09:00) | 1931 | Автор: Нурганым Имашева
Автомобиль жолдарының құрылысы мен сапасы республикамыздың барлық аймағында өзекті мәселе екені түсінікті. Осы салаға мемлекет қазынасынан жыл сайын кемі 700 млрдтай теңге бөлінеді.
«Судың да сұрауы демекші, қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалып, нәтижелі игерілуін өкілетті органдар жіті бақылап отыр. Олардың қатарында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны да бар.
Осы ретте Маңғыстау облыстық филиалының мамандары өлке көлемінде жүріп жатқан көлік жолдарына қысы-жазы бірдей рейдтік тексерулерді жүргізіп, сынамалар алып жүр. Тұрғындар тарапынан мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларына келіп түскен өтініш-хаттар негізінде де кешенді жұмыстар жасалуда.
Өзекті мәселенің бірі - Маңғыстау ауданындағы «Жыңғылды-Шайыр-Шерқала» жол учаскесі. Бұл жобаның жыры қашан таусылары әлі белгісіз. Оған қатысты біршама ақпарат жуырда Ақтаудағы «Маңғыстау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде талданған еді. Жиынға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Болат Ережепов қатысып, тұрғындардың фейсбук желісінде тікелей көрсетілім кезінде қойған сұрақтарына жауап берді.
Есіңізге сала кетейік, жол сапасын бақылаушылармен бірге арнайы мониторингтік топ мүшелері де республикалық және жергілікті маңыздағы трассалардаа үнемі тексерулер жүргізіп тұрады.
«Жыңғылды-Шайыр-Шерқала» жол учаскесіне соңғы тексеріс өткен наурыз айының 27-де болған еді. Бұған дейін де осы жобаға жауапты «Алтынқұрық» мердігер мекемесіне бірнеше рет ескертулер берілді. Алайда, ешбірі әлі күнге орындалмай келеді.
Болат Ережеповтың айтуынша, аталған учаскенің ұзындығы 29 шақырым. Бұл жобаны жүзеге асыру 2017 жылы басталған екен. Қаржының тоқсан пайызы республикалық бюджеттен бөлінген.
Бастапқыда жолдың асфальт-бетонды жабындысы шектен төмен екендігі туралы ескертпелер мердігерге берілген. Бұл сынамалар жергілікті ұлттық сапа орталығының зертханасында талданған болатын. Алайда, екі рет жолданған қызметтік хат сол күйі жауапсыз қалып отыр.
Егер де бұл мекеме өзіне жолданған зертхана қорытындысымен келіспеген жағдайда өз қаражатына талдау жасатып, өкілетті органдарға шағымдана алады. Алайда, мұндай әрекетке бармауына қарап өз жұмысына жауапсыздықпен қарайтынын бағамдауға болады.
- Біздің басқарма «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Маңғыстау филиалымен келісім шартта отыр. Осы себепті біз мамандар берген зертхана сараптамасына сенуге тиіспіз. Ендігі кезекте олқылық түзелмесе, ол жерді мердігер толық қырып тастап, қайтадан өз ақшасына салуы тиіс. Республикалық бюджеттен беріліп отырған ақша. Сондықтан бұл жоба биыл толығымен аяқталуы керек, - дейді ол.
Аталған участокта жұмыстың тым баяу жүруі себепті ол жермен өтетін көліктердің, сол жақта жұмыс жасайтын адамдар үшін «Жасыл дәліз» жасалған. Алдағы күндері жол сапасын бақылаушылар тағы бір мәрте тексеру жүргізеді.
Бұл ретте жол материалдары талапқа сай болмай шықса, жалпы трасса сапасыз салынған деп айтуға болады. Кемшіліктер түгел жойылмай, мердігер жауаптылықтан босатылмайды.
Бұл туралы біздің басылымға «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК МОФ баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттерді түсірген баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему