Ақтауда дүлдүл опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның концерті өтті
8 Декабря 2014 (08:31) | 3300 |
Автор: Нурганым Имашева
Өмірінің 30 жылын опера өнеріне арнаған Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, опера әншісі Нұржамал Үсенбаева гастрольдік сапармен ақмаржан Ақтау қаласына атбасын тіреді.
Облыстық М. Өскінбаев атындағы филармония залында «Өнерім – өмірім» деген атпен өткен кеште әлемдік, қазақстандық вокальдық шығармалар шырқалып, көрермен қауым опера дүлділінің өнерін тамашалап, теңдесі жоқ биік өнерге тәнті болды.
Тындарманның ризашылығына бөленген шығармашылық мерейтой иесінің айтуынша, Ақтау-ән сапармен келген жетінші қала.
«Абыл Тарақұлы атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрімен және симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ақтаулық көрерменнің алдында есеп бердім. Музыка өнерінің шыңы саналатын-операны тыңдауға келіп, маған қолдау көрсеткен тыңдарманға ерекше ризашылығымды білдіремін.
Бұл менің шығармашылығыма үлкен серпін, күш-қуат, өз жолымда жаңа белестерді бағындыруда сенімділік береді. Жеткен жетістікпен тоқтамай, әрдайым жетіле түсуіме жетелейді. Биыл алғашқы концертім Прагада өтті, ол жерде маған «Золотая Европа» медалін табыстады.
Жалпы шығармашылығымның 30 жылдығына арналған концертімді Прагада, Таразда, Көкшетауда, Шымкентте, Астана мен Алматыда қойдым»,-деді дүлдүл әнші Нұржамал Үсенбаева.
Опера жұлдызының өмірі мен өнерінен сыр шертетін журналист Н. Байырбектің «Нұржамал» атты кітабы жарық көрген. Болашақта Нұржамал Үсенбаева өзінің өнердегі өнегелі жолы жайында фильм түсіруді жоспарлап отыр. Жақын күндері көрермендер әншінің өнердегі 30 жылдық мерейтойына арнап «Гәкку» әніне түсірген бейнебаянын тамашалау мүмкіндігіне ие болады.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему