Маңғыстаудың үздік кәсіпкерлері анықталды
28 Ноября 2014 (08:32) | 4790 | Автор: Redactor
Бүгін «Хан шатыр» салтанат сарайында Маңғыстау облысының үзік кәсіпкерлері анықталды. Облыстық байқаудың жеңімпаздары 15 аталым бойынша марапатталды.
«Жылдың үздік кәсіпкері» аталымының жеңімпазы болып, «Берекет – Ф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Фаталиева Зарета Ахмедулаховна марапатталды. Ол басқаратын кәсіпорын тәтті тағамдар, сүт өнімдері мен нан өнімдерін шығарады. Ал, 2015 жылдан бастап, макарон мен шұжық өнімдерін өндіруді қолға алуды көздеп отыр. Фаталиева Зарета Ахмедулаховна 500 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Ауылшаруашылық саласындағы үздік кәсіпкер» аталымын Жалмұрат Төлеген Базарбайұлы жеңіп алды. Ол 2005 жылы Қарақия ауданына қарасты Қызылқұм жерінен 150 гектар жер алып, «Жаңбыршы» шаруа қожалығын ашты. Егін шаруашылығымен қатар, көкніс егуді, өзге мемлекеттерден өрік ағашын отырғызуды қолға алды. 2007 жылдан бастап Маңғыстау өңірінде алғаш рет тамшылата суару технологиясын пайдаланып келеді.
«Сауда саласындағы үздік кәсіпкер» аталымын «Идальго Ақтау» ЖШС басшысы Беляева Ирина Валерьяновна жеңіп алды. Ол басқаратын серіктестік «Престиж» маркасымен түрлі жиһаздарды жеткізеді.
«Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер» аталымының жеңімпазы болып Iteca қазақстандық көрме ұйымдастыру компаниясының басшысы Бородихин Юрий Русланович танылды. Оның компаниясы түрлі деңгейдегі, республикалық, халықаралық көрмелерді сәтті ұйымдастырып жүр.
«Халықтық қолөнер саласындағы үздік кәсіпкер» аталымын Шынтеміров Қуаныш Қонарбайұлы жеңіп алды. Ол ағаштан, тастан қашап әртүрлі кәдесыйлар жасайды, сурет салады.
«Үздік әйел кәсіпкер» аталымы – Калимова Светлана Құлыбайқызына бұйырды. Ол «Өртке қарсы қорғаныс – Ақтау» ЖШС басқарады.
«Өндіріс саласындағы үздік кәсіпкер» аталымы – «Нұр-Шах» сән үйінің басшысы Нүрпейісова Нұржамал Алдоңғаровнаға бұйырды. Оның сән үйінен шыққан әсем көйлектер тек Қазақстанның ғана емес, Париж, Шанхай, Нью-Йорк сияқты әлемнің айтулы қалаларында болған көрмелерде үздік деп танылған.
«Қонақ үй бизнесі саласындағы үздік кәсіпкер» аталымына Берекетов Бердіғали Мұхамбетқалиұлы лайықты деп танылды. Жаңаөзен қаласында орналасқан «Ақсарай» қонақ үйінде 25 адам еңбек етеді.
«Үздік жас кәсіпкер» аталымын Абдрахманов Фархат Камильевич жеңіп алды. Ол Форт-Шевченко қаласында фотосурет студиясын ашқан.
«Азық-түлік саласындағы үздік кәсіпкер» аталымы «Мегабред» ЖШС басшысы Сауғабаев Айтжан Сахиұлына бұйырды. Ол басқаратын нан зауыты 70-тен астам нан өнімдерінің түрін пісіріп, халыққа ұсынып жүр.
«2014 жылдың ең үздік бизнес идеясы» аталымы – Карась Надежда Михайловнаға берілді. Ол аранйыэкономикалық аймақ аумағында полимерлі қапшықтар дайындайтын зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл идеясын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырмақшы.
«Білім саласындағы үздік кәсіпкер» аталымын – Мұнайлы ауданында орналасқан «Балдәурен» балабақшасының директоры Түлкібаева Әдемі Оразғалиқызы жеңіп алды.
«Денсаулық саласындағы үздік кәсіпкер» аталымын «Нейрон» ЖШС басшысы Чагай Боис Гисебович жеңіп алды.
«Мейрамхана бизнесі саласындағы үздік кәсіпкер» аталымына Бейнеудегі «Дастархан» мейрамханасын ашқан Байтеміров Жалғас Базарбайұлы лайық деп танылды. Ол жеке кәсібін отбасымен бірге бастаған. Бүгінде мейрамханасынан басқа азық-түлік сататын дүкендері бар.
Ал, «Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасындағы жылдың үздік кәсіпкері аталымын» Шетпе ауылының тұрғыны Болатбек Иманов жеңіп алды. Екінші топтағы мүгедек басына түскен тауқыметке қарамастан жеке ағаш шеберханасын ашып, отбасын ғана емес, тағы 2 бірдей ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему