Емделушілерінің алғысын арқалаған ұжымға ризашылық
21 Сентября 2020 (10:40) | 2981 | Автор: Нурганым Имашева
«Ясин» медициналық орталығы ЖШС – нің директоры Құрбанбеков Қалдархан Есенбекұлына, оңалту орталығының меңгерушісі Қарабасова Күмісай Лабаковнаға және осы орталықтың администраторы Махамбетова Айшагүл Қожиковнаға аталған оңалту орталығында өзіме көрсетілген сапалы медициналық қызметтері үшін зор алғысымды білдіремін.
Қызметі инсульттан кейінгі науқастарға және жарақаттар мен нейрохирургиялық оңалту шараларын жүргізу арқылы жарақат-ортопедиялық, неврологиялық және нейрохирургиялық патологиясы бар науқастарды оңалтуға бағытталған «Ясин» оңалту орталығы оңалтуға арналған емдеу үшін қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған және пациенттердің ем-шара қабылдауына ыңғайлы болуы қарастырылған.
Өзім оңалту курсынан өткен екі апта ішінде жол-көлік оқиғасы кезінде алған түрліше жарақаттарымның жазылып, қол-аяқ буындарының қызметін қалпына келтіруге арналған түрліше жаттығулардан тұратын емдік денешынықтыру (ЛФК) шараларының зор пайдасын сезіндім. Күніне екі рет жаттықтырған Самакаев Қойлыбай Құралбекұлы мен Мухат Абзал Нұрғалиұлы сынды білікті нұсқаушыларға олардың жіті қадағалауымен, үйретуімен жасалған түрліше жаттығулар арқылы денсаулығымды түзетуге мүмкіндік жасағандары үшін дән ризамын.
Сонымен қатар, «Полимаг-2» жабдығының көмегімен магнит өрісімен емдеген физиомедбике Дарханбаева Зәуреш Оңбосынқызының және шипалы қолдарымен массаж жасаған Есіркепова Жадыра Нығметқызының жанды жадыратқан жылы сөздері, жүргізген емшараларының арқасында керемет оңалту курсынан өткеніме қуаныштымын.
Медбике Бекенова Балнұр Төремұратқызы жүргізген эрготерапия емшарасы арқылы қол буындары мен саусақтарымның қимылдары қалпына келіп, қызметі түзелді.
Сәрсенғалиева Айнаш Отарбайқызы, Өтесинова Айгүл Аязбайқызы және т.б. кіші медициналық персоналдың да әрбір емделушінің көңілін тауып, жылы сөздерімен жанын жылытып, дәмді тағамдарды ұсынумен бар қолайлы жағдайын жасаулары көңілге қонымды болғаны анық.
Аталған оңалту орталығында ашылу сәтінен бастап білікті көп профильді команда қызмет етуде. Орталықтың барлық қызметкерлері пациенттерді жарқын жүзбен күлімдеп қарсы алып, жылы шыраймен күлімсіреп шығарып салатыны сырқатына ем іздеп келген кез-келген адамды қуанышқа бөлеп, жанын жадырататыны сөзсіз. Әрбір емделушіге тиісінше көңіл бөліп, денсаулығының түзеліп шығуына барын салатын орталық қызметкерлеріне кетерінде алғысын жаудырып, ризашылық сезіммен қоштасқанының өзім де куәсі болдым. Солардың қатарында өзім де осы жазбам арқылы Қарабасова Күмісай Лабаковна жетекшілік ететін «Ясин» оңалту орталығының ұжымына шексіз алғысымды білдіремін.
Емделушілердің әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру және олардың материалдық тұрғыда тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз етуді басты мақсаты санайтын оңалту орталығы көптеген жанның сырқатынан жазылып, қимыл-қозғалысы қалпына келіп, денсаулығын түзетуіне себепші болды және күн сайын олардың алғысына бөленуде.
Ел алғысын арқалаған абзал жандарға – «Ясин» оңалту орталығының ұжымына ризашылығымды білдіре отырып, отбасыларына – бақ-береке, қызметтеріне – толағай табыс тілеп, әрдайым абырой биігінен көрінумен, мерейлерінің үстем болуына тілек білдіремін.
Суреттер - автордыкі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему