Алғыс арқалаған абзал жандар
18 Июня 2020 (10:56) | 14412 | Автор: Нурганым Имашева
Кез - келген адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен аялы алақандарының жылуын сезінеді. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үміттер жалғанады. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, жанына - дауа, тәніне - шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалайтын ақ желеңді абзал жандар.
ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ҰЖЫМ
Елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Маңғыстау облыстық ауруханасының екінші қабатында орналасқан травматология бөлімшесінің ұжымы туралы қалам тербеудің орайы келді. Аталған бөлімшеге жоғары санатты травматолог-дәрігер Шахатбаев Есет Мұханбетович жетекшілік етуде. Атының өзі айтып тұрғандай бұл бөлімшеде түрлі жағдайда жарақат алып, аяқ-қолы, кез-келген дене мүшесі сынған немесе күйік шалып жарақаттанған науқастар күрделі операциядан өтіп, ем қабылдайды.
22 науқасты қабылдауға арналған бөлімшенің 20 кереуеті травматология-ортопедия бағытында емделушілер немесе жарақат алған сырқаттарға арналса, қалған екеуі – денесін күйік шалған пациенттерге тиесілі екені траматология бөлімшесінің меңгерушісі Е.Шахатбаевпен сұхбаттасу барысында белгілі болды. Облыстық ауруханаға Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясын тәмамдап, сонау 1998 жылдың қаңтарында келіп, еңбек жолын бастаған Есет Мұханбетұлы 22 жылдан бері аталған емдеу мекемесінде табан аудармай қызмет етіп, ұзақ жылғы дәрігерлік еңбек жолында талай жанның жарақатын емдеп, сырқатынан жазылып, өмірге қайта оралуына себепші болған алтын қолды дәрігер десек, артық айтпағанымыз болар.
Бүгінде бұл бөлімшеде қаншама адамның жарақатын емдеп жазып, алғысын арқалаған білікті травматолог-дәрігерлер Түймебаев Жәнібек Базарбаевич, Әшір Әнуар Ақылбекович, Есқалиев Құралбек Тұрарович, Нурбосинов Елжас Максутович және үш ординатор-дәрігер еңбек етуде. Ауруханаға түрлі дәрежедегі жарақат алу жағдайында жедел жәрдем көлігімен келіп түсіп, шұғыл түрде операция жасалып немесе жоспарлы ота жасату арқылы дүние есігін қайта ашқандай күй кешкен науқастардың өмірін аман сақтап қалу жолында тез әрі біліктілікпен әрекет етіп, дамыл таппай, күн-түн демей, жұмыс істейтін сәттер оларда көп болады. Сырқат жанның әрбірінің отадан кейінгі денсаулығының қалпына келуі үшін әрі қарай да бақылап, түрліше ем-дом жасап, барын салатын травматология бөлімшесінің дәрігерлерінің еңбегі ұшан теңіз.
-Облыстық аурухананың травматологиялық пунктіне тәулік бойына 24 сағат аралығында түрліше науқастар келіп жатады. Травматология бөлімшесі жоспарлы түрдегі оталарды жасаумен қатар, жарақат алуына байланысты шұғыл түрде медициналық көмек қажет болып, ота жасауға тура келетін пациенттерге қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жарақат алып немесе денесін күйік шалған науқастарға шұғыл операция жасаумен бірге біз ортопедия бағытында әрекет етеміз, яғни, тізе буындарының артроскопиясын, эндопротездеуін, жасы ұлғайған адамдардың ұршығы сынуына байланысты бір полюстік биполярлық протездеу отасын жасаймыз.
Бұрын жасы 70-тен асқан адамдарға ота жасаудан бас тартсақ, енді соңғы 2-3 жыл болды, біз жасы ұлғайған науқастарға да ота жасауды тәжірибемізге енгіздік. Жақында жасы 94-тегі қарияның жамбас сүйегіне ота жасадық. Мұндай жастағы адамдар бұрын әдетте отадан соң төсек тартып жатып қалса, олардың денесі тесіліп немесе өкпелері қабынып, ауыр халге душар болуы мүмкін еді.
Ал қазіргі жағдайда егер науқас отаны көтере алатындай халде болса, наркоз салуға ағзасында қарсы көреткіштер болмаса, ондай сырқатты отаға дайындаймыз. Операция барысында сынықты бекітеміз, орнын тұрақтандырамыз. Ота жасалынған соң жағдайын мұқият тексерумен денсаулығы қалыпты болса, 2-3 тәулік өткен соң науқасты үйіне жіберіп, мүмкіндігінше, балдақ немесе өзге де тіреу құралдарына сүйенумен аяғына тұрып кетуіне жағдай жасаймыз,- деген Есет Муханбетович, жарақат алуға байланысты ота жасалуының бүгінгі ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
Травматология бөлімшесі меңгерушісінің мәлімдеуінше, қазір медицинада концепциялар өзгерген, шағын инвазивті операциялар жасауға көңіл бөлінеді, яғни ота кезінде жарақаттың айналасын көп кеспей, шағын тілік жасау арқылы ашып, остеосинтез жасалынады, бұл көп қан кетпеуіне және жарақаттың жазылу процесінің де тез әрі сәтті өтуіне себепші болады. Гипс салынбайды, буындардың қалпына келуі қадағаланады, яғни аяқ-қолдардағы жарақат болғанда олардың ота жасалған соң тезірек жазылуына ықпал ету көзделеді. Соңғы кезде артроскопияға көп көңіл бөлінеді, яғни айына осындай 5-6 ота жасалады және тізе буынының 3 эндопротезы жасалып отырады. Осының барлығын өзіміздің травматолог-дәрігерлер жасайды, сырттан ешбір маман шақырылмайды бұрынғыдай.
Сонымен қатар, жамбас сүйектері сынған науқастарға ота жасау кезінде сынықты арнайы бекіткіш аппаратпен сырттан бекіту арқылы сынықтың орнынан ығыспауына, екінші шоктың пайда болуының алдын алуға, науқасты орнынан қозғап, қажет болған жерлерге тасымалдауға жағдай жасалады. Сондай-ақ аяқ-қолға да арнайы бекіткіш аппаратпен бекіту жасалады. Мұның да науқасты қозғауға, тасымалдауға мүмкіндік беретіні анық.
-Травматология бөлімшесінде айына 60-таған науқас емделіп шығады. Бұлар –шұғыл көмек көрсетілетіндер және жоспарлы түрде ота жасалатындар. Жарақаттардың қандай түрі көбірек кездеседі десек, бұлар негізінен жол-көлік оқиғаларының салдарынан болған сыну жағдайлары, яғни көлік жүргізушілері, жолаушылары, жаяу жүргіншілер, сонымен қатар қазіргі құрылыс нысандарының көптеп салынуына байланысты жоғарыдан құлағандар, мұнайгаз өндіру саласынан көп түсетіндер - өндірісте күйік шалғандар, яғни өндірістік жарақаттар.
Сондай-ақ, көшеде жарақат алатындар бар және тұрмыста жарақаттанушылар да кездеседі, әсіресе, жасы ұлғайған қарияларда жамбас сүйектері мен ұршық сүйегінің сынуы жиі болады, себебі олардың жасына қарай сүйектері морт сынғыш болып келеді,-дейді Есет Муханбетович.
Оның айтуынша, бөлімшеде еңбек ететін дәрігерлер жас болғанымен өз ісін жетік меңгерген мамандар. Күрделі операция алдында өзара пікір алмасумен әріптестер ретінде бір-біріне кеңес беру, қолдау көрсету, тілеулестік танытумен ортақ істе жақсы нәтижеге қол жеткізуге деген талпыныс, бір-біріне деген жанашырлық, бауырмалдылық, әрбір науқастың отасы сәтті өтіп, жазылып шығуына, денсаулығы тез қалпына келуіне жағдай жасауға деген ұмтылыс басым. Дәрігерлер жасына, тәжірибесіне қарамастан бір-біріне үйрету немесе, білмегенін сұраудан, білгенін бір-біріне айтып, тәжірибесімен бөлісуге келгенде ешбірі аянып қалмай, әріптестер арасында толық түсіністік, татулық атмосферасы орнаған.
Сондай-ақ, травматолог-дәрігерлермен қатар медбикелер, кіші буын медицина қызметкерлері де әрбір науқастың денсаулығының тез түзеліп, қалпына келуіне өз үлестерін қосуда. Медбикелер дәрігерлердің тағайындаған ем шараларын орындау барысында әрбір науқасқа егу, дәрі-дәрмектерін ішкізу, жарақатын таңу, түрліше аппараттарға түсіруге тасымалдау және тағы сол сияқты толып жатқан медициналық көмек көрсетумен айналысса, санитаркалар палатадағы тазалықты қамтамасыз етумен қатар, науқастардың кейбірінің тамағын ішкізіп, ем-дом алған кезінде жәрдем берумен, күтім жасаумен айналысады. Бөлімше меңгерушісі қызметкелерді жұмысқа қабылдаған кезде әрбірімен жеке әңгімелесіп, науқастарға жіті көңіл бөліп, өз міндеттерін адал атқаруын, шағым түсер болса, ешбір талқыланбастан жұмыстан шығарылуы мүмкін екенін бірден ескертілетіні жайлы айтып өтті.
МЕРЕКЕЛІК ҚҰТТЫҚТАУ
Әріптестеріне мерекелік құттықтауын арнаған Есет Муханбетович:
-Барлық әріптестеріме бақыт, мықты денсаулық пен төзім тілеймін. Қазір дәрігерлерге оңай болмай отырғаны анық, себебі әлемді жайлаған пандемия жағдайында ақ халатты абзал жандар алғы шепте. Уақытша қиындықтар аяқталып, өмір бұрынғы қалыпты жағдайға оралып, тыныштық орнағанын тілеймін. Кәсіби мерекеміз құтты болсын, құрметті әріптестер!-дейді.
АЛҒЫС БІЛДІРУ
Бөлімше меңгерушісіне еріп, кейбір палатадағы науқастарға барып, тілдесудің сәті түскенде дәрігерлерге арналған алғыстарын жаудырып, ақ тілектерін арнап жатты. Мария Ивановна мен оның қызы Валентина Кондратьевна бөлімше меңгерушісіне деген алғысын жеткізуге асығып, күнде таңертең Есет Муханбетовичтің жылы сөздерін естуге асығамыз, үлкен жүректі, кең пейілді, мейірімді дәрігердің ыстық ықыласының өзі біз үшін мықты қолдау десе, Суатбаева Айдана Мұратбекқызы есімді пациент сәтті жасалған ота үшін ақ желеңді абзал жандарға алғысын жеткізіп, мерейлерінің үстем, дендерінің сау болуына, отбасында бақытқа кенеліп, алғысқа бөленумен абыройларының асқақтауына тілек білдірді.
Осы мақаланың авторы – өзім де тағдырдың жазуымен қатерге ұшырап, осыдан 8 ай бұрын жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанымда автокөлік қағуына байланысты бірнеше ауыр дене жарақатын алып, 2 аптаның ішінде үш күрделі операциядан өтуіме тура келіп, бір ай ауруханада жатып, осы бөлімшенің білікті травматолог-дәрігерлерінің сәтті жасаған оталарының арқасында ажалдан аман қалып, 4 ай төсек тартып жатқан күйден түзелумен, бүгінде өз аяғыммен жерді басу мүмкіндігіне ие болғаным үшін осы дәрігерлерге басымды иіп, алғыс айтамын. Әуелі Алланың қалауымен, содан соң сіздердің шипалы алақандарыңыздың арқасында бүгінде менің денсаулығым біртіндеп қалпына келуде. Сол үшін, ардақты ақ халатты абзал жандар, Сіздерге асқақ абырой, биік бедел, ел игілігі үшін атқарған еңбектеріңіздің ақталуын тілей отырып, халықтың алғысын арқалаумен кәсіби тұрғыда биік шыңдарды бағындыруларыңызға, денсаулықтарыңыз мықты болып, күш-қуаттарыңыздың арта түсуіне тілек қосамын. Кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлерінің күні құтты болсын!
Суреттер автордыкі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему