Қылмыстық сот төрелігін жүзеге асыруда алқабилердің рөлі зор
10 Июня 2020 (09:45) | 1823 | Автор: Нурганым Имашева
Елімізде алқабилер сотын құру 2005 жылғы Елбасымыздың халыққа арнаған Жолдауында көтерілген еліміздегі құқықтық реформаларды дамыту міндеттерінен туындағаны белгілі. Қарапайым халық өкілдері болып табылатын алқабилердің сот шешімдеріне қатысуына, жәй қатысып қана қоймай, шешім шығаруға нақты ықпал етуіне жағдай жасайтын бұл өзгеріс еліміз бағыт ұстанған демократиялық қоғам құру талаптарынан туындады.
Осыған орай, елімізде Праламент қабылдаған «Алқабилер туралы» Заң 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшінде. Айыпкердің ақталып шығуы немесе заң бойынша жазаға тартылуы тікелей алқабилердің дауыс беруіне, яғни шешіміне қатысты болғандықтан, мемлекеттік айыптаушы алқабилердің көзін жеткізіп, істің ақ-қарасын анықтауға жағдай жасайды. Алқабилермен қаралатын істер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында нақты дәлелдермен, айғақтармен, куәлармен бекітіліп, дәлелденеді.
Алқабилермен қарайтын істердің тағы бір ерекшелігі, ол еліміздің 25 жасқа толған азаматтарының сот билігіне қатысуына жағдай жасайтындығында десек, артық болмас. Осындай істерді қарау барысында алқабилерге шешім шығаруға тек қана сотталушының айыпталу фактісі ғана ортаға салынады, олар сотталушының бұрын сотталғаны туралы, есірткіқұмарлығы, араққұмарлығы сияқты жаман мінездемесі туралы және өзге де қолайсыз жағдайлары жөнінде мәліметтерді, алдын ала сотталушы туралы теріс пікір туғызбау үшін білмеуі тиіс.
Сондықтан, сот отырысында аталған жағдайлар қатаң бақылауда ұсталуы шарт, тараптар жағынан, басқа да қатысушылардан осындай заң бұзушылыққа баруына жол берілмеуі қажет. Жақтардың жарыс сөзі екі бөлімнен түрады. Біріншісі - алқабилердің қатысуымен өтсе, екінші бөлігі - оларсыз өтеді.Тағы бір ерекшелігі, кеңесу бөлмесінде 10 адамнан құралатын алқабилермен кәсіби судья сотталушының кінәлі, не кінәлі еместігі туралы шешімді құпия, жазбаша түрде бюллетень арқылы негізгі үш (1-қылмыстық әрекеттің орын алғаны дәлелденді ме; 2-бұл әрекетті сотталушының жасағаны дәлелденді ме; 3-бұл әрекеттің жасауына сотталушы кінәлі ме) сұраққа дауыс беру жолымен шешеді.
Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау үшін алқабилер мен судья бір ауыздан дауыс берулері қажет. Он бес жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айырып, жаза тағайындауға ең кемінде алқабилер алқасының 8 мүшесі қолдап дауыс беруі шарт.Алқабилермен шығарылған үкім процессуалдық заңнаманы сақтай отырып шығарылса, жаза мөлшері өзгертілуге, үкім бұзылуға жатпайды.
-Ойымды қорыта айтсам, сотқа алқабилерді қатыстыру заман талабынан туған оң қадам. Елбасымыздың өзі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 21-қадамы бойынша алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейтуді тапсырырды. Бұл алқабилер сотының өміршеңдігінің дәлелі,-деп аяқтапты өз мақаласын Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Жебелханова Меңдігүл Ықласовна.
Суреттер time.kz, advokatura.kz сайттарынан
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему