Ауыл кәсіпкерлерінің мұң-мұқтажы тыңдалды
3 Июня 2020 (09:11) | 1873 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы кәсіпкерлерінің түйіткілді мәселелерін Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Ізбергенов іскерлермен жеке-жеке кездесіп, сұрап білді.
Алдымен темір жол мен тас жолдың тоғысқан тұсынан бой көтерген көкөніс сақтау қоймасының құрылысымен танысты. Бір мезетте 100 вагон көкөністі сақтауға қауқарлы кешенде 100 адам жұмыс істейтін болады. Асхана, қонақ үйі қатар тұратын нысанның құрылысын аяқтау және заманауи құрал-жабдықтары үшін 150 млн тг төмендетілген несие қажет екенін жеткізді кәсіпкер Әлия Сармурзина. Сонда жеміс-жидегі мен көкөнісі сырттан тасымалданатын Маңғыстауда бағаны тұрақтандыруға, азық қорын ұзақ сақтауға мүмкіндік мол.
Мұнайлыдағы тағы бір ірі кәсіпкерлік субъектісі – «Сауқымбек» ЖШС -нің ұн комбинаты. Астықты тікелей Қостанай облысынан тасымалдап, соңғы үлгідегі диірменнен тартып, сапалы ұн шығаратын кәсіпорынның өз қиындығы бар.
Кәсіпкер Ақжібек Сәкенқызының айтуынша, теріскейден батысқа жеткенше астықтың тасымал құны шарықтап кетеді. Сондықтан да темір жол тасымалына субсидия сұрап отыр. Сонда ұнның құнын өсірмеуге сеп болады.
Бұл болашақта макорон, жайма т.б ұн өнімдерін шығаруды межелеп отырған зауыт үшін аса маңызды. Комбинатта күніне 150 тонна өнім шығарылады. Оның 75%-ы ұн, 25 %- ы кебек жем. 2017 жылы іске қосылған кешенде 55 адам жұмыс істейді. Кәсіпкердің жоспары қолдау тапса жұмысшылар санын екі есеге дейін көбейтуге болады,- дейді Ақжібек Сәкенқызы.
Ал, Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының сауда нүктелерін ыстық нанмен қамтамасыз етіп отырған наубайхана иесінің уәжі бөлек. 2018 жылы ашылған наубайхананың электр қуатының құны қымбатқа соғып отыр.
6 адамға жұмыс көзін тауып берген іскер ұн бағасының да уақыт санап көтеріліп бара жатқанын тілге тиек етті. Әлеуметтік нанның бағасын 70 тг асырмай ұстау қиындық келтіретінін жасырмады. Күніне 2 мыңнан астам нан пісіретін орын өзекті мәселелерінің шешім табатынынан үмітті.
-Бизнес өкілдерін мұқият тыңдап шыққан Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Күрентайұлы аталған мәселелер бойынша құзырлы орындарға ұсыныс жасалатынын, іскерлердің мүддесі үшін тиімді келісімге келуге ат салысатынын атап өтті,-деп хабарлайды Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасыныңбаспасөз қызметі.
Суреттер баспасөз қызметінен
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему