Маңғыстаулық жас мемлекеттік қызметшілер шетел сарапшыларымен бейресми форматта басқосты
2 Июня 2019 (20:16) | 1696 | Автор: Нурганым Имашева
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті 31 мамыр күні «Yessenov University» алаңында АҚШ Мемлекеттік департаменті жанындағы Fulbright халықаралық білім беру бағдарламасының өкілдерімен «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде бейресми форматтағы кездесуді ұйымдастырды.
Жиында Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, АҚШ-тан келген қонақтар Ли Хэдлстон, Грэйди Воган, Джо Уилсон, Дэн Дуонг, Джош Дюфо және жобаның қазақстандық үйлестірушісі Елена Феоктистова, аумақтық департамент қызметкерлері, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, өңірдегі ағылшын тілін меңгерген жас мемлекеттік қызметшілер және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері басқосты.
Емен-жарқын әңгімелесуге құрылған басқосуды меймандармен танысудан бастаған Департамент басшысы Н.Жанназарова Агенттіктің бастамасымен қолға алынған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы «Маңғыстау – адалдық алаңы», «Саналы ұрпақ», «Protecting business and investments» сынды бірнеше жобалар туралы әңгімеледі. АҚШ Мемлекеттік департаменті жанындағы Fulbright халықаралық білім беру бағдарламасының аясында қазақстандық жоғары оқу орындары студенттеріне тіл үйрету мақсатымен АҚШ-тан біздің елге келген меймандар бір жыл бойы қазақстандық университеттерде дәріс берген. Олар Алматы, Шымкент, Өскемен және Павлодар қалаларында ЖОО-да жұмыс істеуде. Ақтау қаласындағы «Yessenov University» білім беру үрдісімен танысып, студенттердің шет тілдерін меңгеруіне баса назар аударды.
Кездесу барысында шетелдік оқытушылар Қазақстандағы бүгінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа қатысты өз пікірлерін білдірді, «Жемқорлықтан ада өңірлер» жобасына қызығушылық танытты. Шетелдік қонақтар АҚШ-тың оқу орындарында академиялық адалдық деңгейін анықтау мақсатында студенттер арасында әлеуметтік сауалнама әдісіне көп көңіл бөлінетіні туралы айтып, тұрғындар тарапынан шағымдар түссе, әрбір штаттағы органдар жедел түрде азаматтардың өтініштерін орындауға әрекет ететінін тілге тиек етті.
Кездесу өтіп жатқан кезде ҚР Премьер-Министрінің ресми делегациясы құрамында Маңғыстауға іссапармен келген білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова, мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Раимкулова келіп кетті.
Аумақтық департамент басшысы шетелдік сарапшыларға «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі басымдықтары туралы әңгімелеп, Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұралары және туристік инфрақұрылымы туралы сөз қозғап, меймандарға департамент ұжымы атынан үш тілде жарық көрген «Маңғыстау энциклопедиясын» сыйға тартты.
Дені ағылшын тілінде және еркін кездесу, әңгімелесу форматында өткен бейресми басқосу жылы шырайлы атмосферада өтті. Ағылшын тілін меңгерген маңғыстаулық жас мемлекеттік қызметшілер кездесу барысында белсенділік танытып, шетелдік әріптестерді сұрақтың астына алды. Бес тілді еркін меңгерген «Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу басқармасының» бас маманы Ербол Жұмабай кездесудің барысында шетелдік сарапшыларға өңірдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан маңызды жобалар жөнінде әңгімелей отырып, өзге елдердегі бұл бағыттағы тәжірибе туралы көбірек білу мақсатында түрлі сауалдар тастап, еркін әңгіме өрбітті. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін өзге бірнеше жас мемлекеттік қызметшілер де шетелдік әріптестерімен еркін шүйіркелесіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігін құр жібермеуге тырысты.
Нәтижесінде кездесу өзара жылы шырайлы пікір алмасу түрінде өтіп, барлық қатысушылар одан жақсы әсермен тарасты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Н.Жанназарованың мәлімдеуінше, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесін зерделеу, шетелдік сарапшылардың пікірлерін мемлекеттік қызметшілерге кеңірек таныстыру мақсатындағы осындай іс-шаралар аумақтық департамент тарапынан одан әрі жалғасын табады».
Суреттерді түсірген Департаменттің баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему