Маңғыстау гуманитарлық колледжінде өзекті мәселелер талқыланды
12 Мая 2019 (09:33) | 2280 | Автор: Нурганым Имашева
Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен білім беру саласындағы жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген сауалнамалар нәтижесі бойынша кездесу өткізілді.
Бұл туралы біздің басылымға Департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
"Маңғыстау - адалдық алаңы" жобасы аясында ұйымдастырылған шараға колледж басшылығы мен оқытушылық құрамы, облыстық білім басқармасының және арнайы мониторинг тобының өкілдері қатысты. Аумақтық департамент басшысы Нұргүл Жанназарова өз сөзінде оқу орындарында академиялық адалдықты қалыптастастыруға бағытталған жобаларды және олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы маңызы туралы айта отырып, жасырын сауалнама нәтижесінде аталған колледж студенттерінің берген жауаптарының нәтижесіне тоқталып өтті.
Спикер сауалнамадағы жауаптарды зерделеу нәтижесінде келесі жайттардың анықталғандығын жеткізді, атап айтқанда колледжге түсу кезінде пара арқылы гранттар ұсынылатыны, оқу орнында жемқорлық көріністерінің орын алатыны, студенттердің заңсыз сыйақы беруге жағдай жасайтын оқытушылардың іс-әрекетіне куә болғандары, оқытушылардың авторлық кітаптарын өткізуге мәжбүрлейтіндігі, дайындыққа арналған емтихан сұрақтарының тегін таратылмайтындығы, "дене шынықтыру" пәнінен оң баға алу үшін студенттердің кеңсе тауарларын және басқа да заңсыз сыйақы түрлерін беруге мәжбүр болатындығы, емтихан кезінде оқытушыларға түскі ас ұйымдастырылатындығы, студенттердің оқытушыларға пара беретіндігі, студенттердің басым бөлігі сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлауға дайын еместігі, жатақханадан орын бөлу кезінде әкімшілік кедергілердің кездесетіндігі жария етілді.
Сонымен бірге, Нұргүл Алмасқызы жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу және жұртшылықтыңәлеуметтік жауапкершілігін көтеру мақсатында өңірімізде ашылған «Адалдық дүкендеріне» тоқталып өтті. Облыста ашылған 106 дүкен тек оқу орындарында ғана емес, сонымен бірге Ақтау қалалық полиция басқармасында, арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында және халықаралық әуежайда өзіне-өзі қызмет көрсету қағидатымен жұмыс жасап тұр. Департамент басшысы осындай креативті тәжірибені гуманитарлық колледжінде де жалғастыру қажет деген ұсынысын білдірді.
Облыстық арнайы мониторинг тобы жетекшісінің орынбасары, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі және «Жаңару» республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысының Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Дайрабай Үсіпбаев өз кезегінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың ең тиімді жолы отбасындағы тәрбиеден бастау, егер әрбір ата-ана өзінің балаларын кішкентай кезінен бастап адалдыққа, өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарауды үйретсе, жалпы адамгершілік құндылықтарды бойларына сіңіре білсе сонда ғана нәтиже болмақ. Қоғам өкілінің айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күресу тек қана уәкілетті органның міндеті ғана емес, бұл қозғалысқа қоғамның барлық әлеуметтік топтарын жұмылдыру қажет.
Шара барысында Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева білім беру саласында жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзектілігін және колледж қабырғасында жемқорлыққа қарсы сауаттандыру жұмыстарының жүйелі түрде өткізіліп тұратындығын жеткізді.
Аумақтық департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Жасұлан Маршакұлы «Digital agent» мобильдік қосымшасымен таныстырып, көрсетілетін қызметтер нәтижесін бағалауға, қоңырау шалу арқылы аумақтық департаментке өз өтініштері мен оң пікірлерін қалдыруға мүмкіндік берілгендігін көрнекі құралдармен көрсетті.
Кездесу соңында спикерлер колледж басшылығына сауалнама барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қолдануға және студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа деген «нөлдік» төзімділік сана сезімін қалыптастыру мақсатында «Саналы ұрпақ» жобасы аясында жемқорлыққа қарсы шараларды жиі ұйымдастыру қажет екендігін атап өтті.
Суреттерді түсірген Департаменттің баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему