Алты тілде еркін сөйлейтін полиглот бала
5 Июля 2017 (15:35) | 3817 |
Автор: Мира Ботабекова
Ақтауда 6 тіл білетін дарынды бала тұрады. 15 жастағы Эдип Ахвердиеви қазақ, орыс, ағылшын, түрік, грузин және әзірбайжан тілдерінде еркін сөлейді. Қабілетті жас тіл үйрену үшін арнайы ұстаздардың көмегіне жүгініп көрмеген. Ғаламтор мен қосымша оқулықтар арқылы меңгерген. Яғни, барлық тілдерді өз бетімен үйреніпті.
Эдип Ахвердиевидің ұлты – грузин. Ол Ақтауға Тбилиси қаласынан 2 жыл бұрын көшіп келген. Грузин – ана тілі. Әзірбайжан тілін бала күнінде көрші балалармен ойнап жүріп үйреніпті. Орыс тіліндегі мектепте білім алғандықтан орысшаны да таза біледі. Ал, Ақтауға қоныс аударған соң Ақтаудағы білім инновациялық лицейінде оқуын жалғастырады. Аталған оқу орнына келгеніне бір жарым жыл болды. Осы аз ғана уақыт аралығында Эдип түрікше мен қазақшаны еркін меңгеріп алды. Ағылшын тілін 5-6 жылдан бері оқып, тереңірек зерттеп жүр.
Эдип биылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада топ жарып, «Полиглот-2017» аталымының иегері атанды. Ақтаудағы білім инновация лицейінің 9-сыныбын аяқтаған ол жазғы демалысын да тіл үйренуге арнап жүр. Алдағы уақытта неміс, француз тілдерін үйренбекші. «Әрбір қазақстандық жас өрен кемінде 3 тіл білсе, білім мен ғылымның көкжиегіне еркін самғайтын болады»,-деп санайды полиглот бала.
ЭДИП АХВЕРДИЕВИ, «ПОЛИГЛОТ-2017» БАЙҚАУЫНЫҢ ИЕГЕРІ, АҚТАУ БІЛІМ ИННОВАЦИЯ ЛИЦЕЙІНІҢ 9-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
-Менің ойымша адамның мүмкіндігі шексіз. Біз көп тіл білетін адамдарды тарихтан танимыз. Фридрих Энгельс 22 тіл білсе, атақты суретші Рерихтің баласы 30 мемлекеттік тілін білген. Біздің бабамыз Әл Фараби 70 елдің тілін білген. Міне, көрдіңіздер ме, менің ойымша мынаның қасында 3 тіл үйрену қолдан келетін нәрсе.
Эдиптің 17 жастағы туған апасы да 6 тілде еркін сөйлейді екен. Ата-аансы болса төрт тілді біледі.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему