Тегін дәрі-дәрмек: халық нені білуі тиіс?
17 Апреля 2019 (11:54) | 4750 | Автор: Нурганым Имашева
Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек алуға мұқтаж жандар жетерлік. Өйткені, республика бойынша дәрі-дәрмектің бағасы көпшілік үшін айтарлықтай қолжетімді болмауы мүмкін. Әсіресе, созылмалы ауру диагнозы қойылған тұрғындар үшін қымбат бағадағы дәрілерді алу қиынға соғып жатады. Осы мақсатта мемлекет тарапынан халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жолға қойылып келеді. Ал сіз тұрғын ретінде тегін дәрі алу туралы нені білуіңіз керек? Дәрі мен медициналық бұйымдарды қайдан ала аласыз? Мемлекеттен бөлінген дәрілер шын мәнінде мұқтаж азаматтың қолына жетіп отыр ма? Дәл осы сұрақтарға бүгін мақаламызда жауап іздеп көрейік.
Қазақстан Республикасының азаматы қандай да бір ауруға тап болған жағдайда, бірден тіркелген клиникаға қаралады. Тиісті анализдер тапсырған соң, диагноз расталған соң, диспансерлік есепке тұрады. Сөйтіп емдеуші дәрігер дәрілік рецепттер жазып берген соң, науқас тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектерді ала алады.
Дегенмен, кей дәрігерлер науқасқа мұны дұрыс түсіндірмеуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен Тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі шеңберінде арнайы тізімдегі дәрі-дәрмектер ғана тегін беріледі. Ал қалған дәрілер мемлекеттің кепілдігіне кірмейді. Бұл туралы егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, өзіңіз тіркелген емхана қызметкерлерінен, пациенттерді қолдау қызметінен сұрай аласыз.
Науқастар тегін дәрі-дәрмек алғанын SMS арқылы растайды.
Азамат дәрі алғандығы жөнінде қадағалаушы органдарға хабарлауы қажет. Сіздің хат жіберуге бірер секунд уақытыңыз кетеді, сол арқылы мемлекеттік қор қаражаты пайдалы игі мақсатқа жұмсалып жатқанына үлес қосасыз!
Яғни, пациенттерге маусым айының соңына дейін MS-хабарлама жолданатынын ескерткіміз келеді. Хабарлама жүйеге 2019 жылы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін тегін-дәрі дәрмек алғандар ретінде енген тұрғындарға жіберіледі. Ақпараттық жүйеде көрсетілген 5,7 млн телефон нөміріне хабарлама жіберу жоспарланып отыр.
Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетіледі. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттер SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдай алады немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалса болады.
Ескерту: қоңырау шалу да, SMS те – тегін.
«Хабарламаны тегін дәрі алған пациенттердің бәрі бірдей алады деу қиын. Себебі, олардың арасында телефон нөмірлерін қате көрсеткендер де болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға хабарлама келмеген жағдайда «СҚ-Фармация» компаниясының байланыс орталығына хабарласуға болатынын ескертеміз», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» (ӘМСҚ) басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.
Денсаулық сақтау министрлігі, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлескен жобасы өткен жылдың соңында сынақтан өткізілген болатын. Нобайлы жобаны ісе асыру барысында 191 603 SMS-хабарлама жіберілді. Сонымен қатар, абоненттерден 8123 жауап келіп, мамандар 1218 қоңырауға жауап берді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалының хабарлауынша, елімізде тегін дәрі-дәрмектің шын мәнінде мұқтаж науқастарға жетіп отырғандығы SMS-хабарлама арқылы қадағаланатын болады.
«Маңғыстау облысында медициналық ұйымдар арасында тегін дәрі-дәрмек алу жөнінде заң бұзушылықтар орын алған. «2019 жылы І кварталда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмеген 12 жағдай кездескен. Бұл жағдай үшін 762 872,04 тенге көлемінде тиісті экономикалық шара қолданылды», - дейді «ӘМСҚ» Маңғыстау филиалының Медициналық қызмет сапасын мониторингтеу бөлімінің басшысы Мадина Баспаева.
Біле жүріңіз!
Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алумен «СҚ-Фармация» ЖШС айналысады. «СҚ-Фармация» препараттар мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарының өтінімі негізінде сатып алады.
2019 жылы МСҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС 86,9 млрд теңгеге келісімшарт бекіткен болатын. Наурыз айының соңындағы деректерге сүйенсек, елдегі медицина ұйымдары 14 млрд теңгеге рецепт жазып берген, соның ішінде 13 млрд теңгенің дәрісі пациенттер қолына тиген.
Айта кететін жайт, 2018 жылдан бастап, медициналық сақтандыру қоры дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Жаңа тәртіп бойынша, дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне дәрінің берілгені туралы белгі соғылған рецептілерге ғана ақы төленуі тиіс.
2020 жылдан бастап дәрі-дәрмек қандай ауруларға тегін беріледі?
2020 жылдан бастап сақтандырылған азаматтарға мынадай ауру түрлеріне тегін дәрі беріледі:
- Қан айналым жүйесі аурулары
- Ас қорыту жүйесінің аурулары
- Қан, қан айналым органдарының аурулары және иммундық жүйеге қатысты ақаулар
- Эндокриндік жүйе аурулары, тамақтанудың бұзылуы және зат алмасу процесіндегі өзгерістер
- Сүйек-бұлшық ет жүйесінің және дәнекер тін аурулары
- Жүйке жүйесі аурулары
- Мінез-құлық және психика жүйесіндегі ауытқулар
- Жұқпалы және паразиттік аурулардың кейбір түрлері
- Ісіктер
- Паллиативтік көмек
- Тыныс алу органдарында кездесетін аурулар
- Ағалар мен тіндерді ауыстыру операциясынан кейін
- Несеп-жыныс жолдарында кездесетін аурулар
Сондай-ақ, қант диабетімен ауыратын пациенттер, қатерлі ісік, туберкулез, ВИЧ-инфекциясының кең таралған түрлерімен, созылмалы аурулармен ауыратын пациенттер кейбір медициналық бұйымдарды тегін алады.
Ақпаратты ұсынған Медициналық сақтандыру қоры.
Суреттер Медициналық сақтандыру қорынан және bnews.kz сайтынан алынған
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему