Бақытты балалықтың мекені
Курс валют в Актау
на 24/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Среда,
24 Апреля, 11:46
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Бақытты балалықтың мекені

24 Октября 2018 (09:05) | 3456 | Автор: Нурганым Имашева

Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 22 қазаны күні облыс орталығының 33 шағынауданында №37 «Мәншүк» балабақшасы бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашқан болатын. Мектепке дейінгі тәрбие мекемесі «NCOC» компаниясының демеушілігімен салынып, сәбилердің игілігіне берілді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланған жылы пайдалануға берілген тәрбие ошағына қазақтың қос шынарының бірі – батыр қыз Мәншүк Мәметованың есімі берілген.

 

 

Ертеңгі күні ел тізгінін қолына ұстар бүлдіршіндердің саналы тәрбие мен сапалы білім алуы үшін бұл балабақшада барлық жағдай жасалған. 280 балаға арналған мектепке дейінгі мекеме бөбектерге 2 тілде тәрбие береді. 12 топ (4-орыс тілді топ, 8 - қазақ тілінде тәрбие беретін топ бар). Батыр қыздың есімін иеленген №37 балабақшаға білім беру саласында 28 жыл бойы ерен еңбек етіп келе жатқан, жоғары білімді, жоғары санатты, тәжірибелі педагог, директор Рахима Абулхаировна Кабулова басшылық етуде. Алғашында, ашылған кезде 3 топпен жұмысын бастаған тәрбие ошағында бүгінгі таңда балалар саны толық.

 

Бүлдіршіндердің алаңсыз, бақытты балалық шағының мекеніне айналған бұл балабақшада олардың ата-аналары жұмыста болған кезде өз уақыттарын көңілді де тиімді өткізулері үшін бар жағдай жасалғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мұнда заманауи үлгіде жабдықталған медицина кабинеті, балғындардың талғамына және жас ерекшеліктеріне сай безендірілген музыка және спорт залдары, ойын алаңдары бар. Мекеме басшысы Кабулова Рахима Абулхаировна:

 

-Балабақшада 25 тәрбиеші еңбек етеді, ағылшын, қазақ тілі және орыс тілі, саз жетекшісі, дене шынықтыру нұсқаушысы, би жетекшісі, психолог жұмыс жасайды. Бақшада «Біз мектепке барамыз» бағдарламасымен жұмыс жүргізіледі. Тәрбиешілерге әдіскерлік көмек көрсететін екі әдіскеріміз бар. Олар - Жұмалиева Шынар Бексұлтанқызы және Рабаева Клара Изғалиқызы, көп жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандар.

 

Мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің ашылған сәтінен, алғашқы күннен бастап қызмет етіп келе жатқан қызметкерлер: Рабаева Клара, Беккулова Ләззат, Жұмалиева Шынар, Нурдавлетова Жібек, Демегенова Орынгүл, Камашева Үзім.

 

Балабақшамыз қалалық білім бөлімі тарапынан ұйымдастырылатын түрлі сайыстарға және мерекелік шараларға белсене атсалысады. Ата-аналармен тығыз байланыстағы ұжымбыз, - деп өзі басшылық етіп отырған мекемені таныстырып өтті.

 

Мекемедегі тәрбие және оқу процесстерінің сапалы жүзеге асуын қадағалап, тәрбиешілерге әдістемелік көмек беретін екі әдіскермен де жақынырақ танысу мүмкіндігі туды. Олардың бірі – 1984 жылдан бері бала тәрбиесі саласында еңбек етіп келе жатқан, ұзақ жылғы абыройлы еңбегі үшін қала әкімінің және білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталған, ІІ санатты педагог Шынар Бексұлтанқызы Жұмалиева.

 

Бала тәрбиесі туралы өз ой-пайымдарымен бөліскен Шынар Бексұлтанқызы:

 

-Балабақша – бала тұлғасының қалыптасып, білім нәрінің бастау алатын алғашқы білім ошағы. Балалар балабақшада қоршаған ортаға бейімделіп, қоғамдағы өз орнын тауып, алғашқы дүниетанымы қалыптасады. Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, бала ешнәрсеге алаңдамай, тек қана мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып, маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен – оларға, олар маған қажеттігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы – әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып, көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен сезіне білуі қажет. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты, -дейді.

 

Балабақшаның екінші әдіскері – Рабаева Клара Изгалиевна. 2000-шы жылдан бері тәрбие саласында еңбек етіп келе жатқан ІІ санатты педагог өзінің ұзақ жылғы тәжірибесімен бөлісе отырып, тәрбиешілерге әдістемелік көмек көрсетуден жалықпайды. Ұзақ жылғы еселі еңбегі үшін қалалық білім бөлімінің, қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. 2017 жылы қаңтар айында бақшаның бір топ тәрбиешісі Клара Изгалиевнаның бастамасымен Орал қаласына барып, тәрбие ошағына есімі берілген қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың өзі тұрған үйінен ашылған мұражайды көріп келген.

 

Мектепке дейінгі мекеменің ашылғанына ұзақ болмаса да, балғындарды тәрбиелеу үрдісінде қыруар жұмыстардың атқарылып жатқаны туралы әңгімелеген әдіскер Шынар Бексұлтанқызы Жұмалиева:

 

-Қалалық, облыстық көптеген байқауларға қатысып, тәрбиешілер мен тәрбиеленушілеріміз жүлделі орындарға ие болып, биіктерден көрініп жүр. Мысалы: «Әжелер сайысы», «Үздік тәрбиеші», «Үздік педагог», «Дәстүрден тыс сән үлгісі», «Әкем, анам және мен» спорттық сайысына Адиловтар отбасы қатысып, жүлделі орынға ие болды. (Тәрбиешісі А.Сейтмағамбетова). «Үздік флешмоб» сайысы. «Ару қала – Ақтауым» табиғи материалдан бұйымдар жасау қолөнер сайысында Қамбар Асылай (тәрбиешісі Момынова Эльмира) жеңіске жетті. Ұлттық ойын «Ханталапай» сайысын Бекқұлова Ләззат өткізіп, бүлдіршіндері биіктен көрінді.

 

Тәрбиешілеріміз бірнеше мәрте қалалық білім бөлімі және облыстық білім басқармасының, Ақтау қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

 

 

Балабақшада ата-аналармен тығыз қарым қарым-қатынас дұрыс жолға қойылып, жақсы жұмыс жасалуда. Ата-аналар бақшада өткізілетін спорттық сайыстар, салауатты өмір салтын ұстану бойынша іс-шараларға, топ бөлмелері мен балалар алаңдарын жасақтауда, қолөнер сайыстарында көп көмек береді. Бақшада ата-аналарға арналған «Ашық есік күндері», «Әжелер сайысы» үнемі ұйымдастырылып тұрады,- деп атап өтті.

 

Әдіскердің мәлімдеуінше, «Тәжірибелі тәрбиешілер: Бекқұлова Ләззат, Жұбаниязова Перизат, Черная Нұрбибі, Аманова Қарлығаш, Бухарева Нұрсұлу, Уркенбаева Жарқынай, Сейтмағамбетова Алдина, Қолқабаева Гүлзира жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, үлгі көрсетуде. Балабақшада балаларға үш тілді (ағылшын, қазақ, орыс) үйрету жақсы жолға қойылған. Балаларға арналған әрбір мерекелік ертеңгіліктер жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізіледі. Саз жетекшісі Кубейева Қаршыға мен денешынықтыру нұсқаушысының ұйымдастыруымен өткізілетін шаралар балғындар үшін өте қызықты, тәлімді, танымдық бағытта жүргізіледі.

 

Бүлдіршіндермен жұмыс істейтін ізденімпаз тәрбиешілер Қайырбаева Гүлден, Садыбекова Роза, Момынова Эльмира, Докушева Әсем, Қуанышбекова Фариза, Джалғасбаева Жадыра, Нұрғалиева Ақмарал – өз ісінің шеберлері. Сонымен қатар, биыл келген жас мамандар: Қалиева Жанат, Эскуватова Жадыра, Момынова Арайлым, Асқарова Мөлдір – үйренуден жалықпайтын білімін жетілдіріп отыратын мамандар.

 

Тәрбиешілер жылда ұйымдастырылатын педагогика мамандарының білімін жетілдіру курстарынан қалмай, үнемі өз білімдерін ұштап, тәжірибелерін толықтырып отырады».

 

Педагог мамандардан өзге ұжымда бүлдіршіндердің бақшада болған кезінде олардың денінің сау, тамағының тоқ, көңіл-күйлерінің көтеріңкі болуы үшін еңбек ететін қызметкерлер де бар. Олар: балалардың денсаулығының қалыпты болуын қадағалайтын мейірбике Ғалия Қосувакова күнделікті бөбектердің жағдайын тексеріп отырады. Шаруашылық меңгерушісі Камашева Үзім Бекқұлқызы – бүлдіршіндердің күнделікті нәрлі де, дәмді тағамдармен қамтылуына жауапты болса, аспаздар: Демегенова Орынгүл мен Байдиллаева Күнсұлу, Шықбаева Ақтілек апайлардың да еңбегі ұшан теңіз екенінен хабардар болдық. Балалармен жұмыс жүргізетін психолог маман Үзімхан Мұқашқызы Кошкинбаеваның да еңбегі елеулі десті әріптестері.

 

Өзінің педагог ретіндегі ұстанымы туралы ойымен бөліскен бала тәрбиесі саласында 15 жыл еңбек өтілі бар, жоғары білімді, І санатты тәрбиеші Бекқұлова Ләззат Аманбаевна:

 

-Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиешілік қызметте 10 жылдан аса уақыт қызмет етіп келемін. Менің педагогикалық ұстанымым – балаларға ұлттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарымызды балалардың бойына сіңіре отырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Тәрбие үрдісінде бүлдіршіндерді халқымыздың ұлттық салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, ұлттық нақыштарымен таныстырып, ұлттық ойындарды ойнатып, ұлттық ойыншықтармен ойнауды насихаттаймын,-дейді. Ол тәрбиешілер арасында ұйымдастырылатын қалалық сайыстарда, ашық сабақ көрсетуде жоғары деңгейде көрініп жүрген тәжірибелі маман.

 

Бір қолдың саласындай, ынтымағы жарасқан балабақша ұжымы өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде бір мақсатқа жұмылып, табысты еңбек етуде. Бұл істе ұжымды іскерлікпен басқарып отырған басшының ролі зор екені даусыз. Өздері құрмет тұтатын басшылары - директор Рахима Абулхаировна Кабулованы №37 «Мәншүк» балабақшасының ұжымы 24 қазан күнгі туған күнімен құттықтап, өздерінің басшысына деген жүрекжарды ізгі тілектерін жолдады:

 

Құрметті Рахима Абулхаировна!

 

Сізді шын жүректен туған күніңізбен құттықтаймыз. Деніңізге - саулық, отбасыңызға – амандық, кәсібіңізге - өрлеу тілейміз: Осынау ауыртпалығы мен жауапкершілігі мол қызметті атқарып жүргеніңізді, балаларға – қамқоршы, бізге – жылы жүректі басшы болғаныңызды мақтан етеміз. Ұрпақ тәрбиесіне арналған еңбек жолыңызға сәттілік, мол жетістіктер тілейміз. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

 

Өзіңізге деген зор құрметпен, №37 «Мәншүк» балабақшасының ұжымы.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему