Аймақтағы іргелі оқу орнын 22 студент үздік бітірді
24 Июня 2018 (14:00) | 1802 |
Автор: Нурганым Имашева
Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов Маңғыстау өлкесінің еңселі білім ордасы «Yessenov University»- де түлектердің диплом алу салтанатына қатысып, оқу орнын қызыл дипломмен бітірген 22 студентке өз қолымен дипломдарды табыстады.
Биыл «Yessenov University»-ді бакалавриат бағдарламасы бойынша - 517, магистратура бағдарламасы бойынша - 67, кешкі жəне сыртқы бөлімдерді - 178 түлек тәмамдады.
Оның ішінде - 22 студент қызыл дипломмен бітіріп отыр. Университетте бүгінде 3100 студент білім алуда, оның ішінде күндізгі бөлімде оқитын 2500 студенттің 265-і мемлекеттік грант бойынша оқып жатыр. Сонымен қатар, облыс әкімінің грантымен оқитын 79 студент бар.
-40 жылдық тарихы бар, 35 мыңнан астам маман дайындаған Университет түлектері облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқынды үлесін қосуда, халық шаруашылығының барлық салаларында қызмет атқаруда.
Бүгінде университетте 306 оқытушы қызмет етсе, оның 12-сі ғылым докторы, 148-і ғылым кандидаты. Соңғы дерек бойынша, Есенов университеті республикада білім беру деңгейі жағынан 130 университеттің ішінде 18-орында.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін орындау мақсатында университетте 500 орындық 2 жатақхана, колледж студенттері үшін 1600 орындық 4 жатақхана салу жоспарланып отыр.
Және де осы жылы университетте Үздіксіз Білім беру Институты ашылған болатын, - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, мерекелік от-шашумен аяқталды.
Бұл туралы біздің басылымға Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттерді түсірген Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Зарегистрируйтесь или войдите в систему