Маңғыстауда ″Жас тұлпар - 2019″ жастар сыйлығының жеңімпаздары анықталды
21 Декабря 2019 (10:38) | 4420 | Автор: Нурганым Имашева
Ақтауда Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Жас тұлпар-2019» облыстық жастар премиясын табыстау шарасы өтті.
Өңірдегі мемлекеттік жастар саясаты саласының дамуына үлес қосып, сантүрлі саланың тізгінін ұстаған жастарды ынталандыру мақсатында өткен салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев пен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Жұмашев Қаныбек Бекболатұлы қатысты.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін сөз ете отырып, үздік жастарға дәстүрлі «Жас тұлпар-2019» Маңғыстау облыстық жастар премиясын табыс етті. Аталған шарада алғаш рет Маңғыстау жастарының гимні шырқалды.
«Маңғыстау мақтанышы» арнайы номинациясымен қазақ эстрадасының жас әншісі, «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы Б.Ретбаев, композитор А.Құрманов, дәстүрлі әнші Н.Асқанов, жас ақын Тілеген Әли, сонымен қатар «Боранқұл» жайдарман тобы және «Өзенмұнайгаз» құрамасы марапатталды.
«Жомарт жүрек» номинациясына қатерлі ісік ауруына шалдыққан балаларға арналған қайырымдылық шараларын ұйымдастырушы Ерлан Ерубаев, «Бейбіт кезең батыры» номинациясына Ақтау қаласында 10 қабаттан секірмекші болған әйел адамды, сонымен қоса Каспий теңізіне батып бара жатқан жас қызды құтқарып, жақындарымен қайта қауышуына үлес қосқан Тимур Жұмалиев лайық деп танылды.
«Жас тұлпар-2019» Маңғыстау облыстық жастар премиясының конкурстық комиссиясының шешімімен:
«Үздік жас спортшы» номинациясына – Жұбатқан Нұрсұлтан Манарбекұлы;
«Мұнай саласының үздік жас маманы» номинациясына - Ещанов Ерболат Мырзагелдіұлы;
«Үздік жас журналист» номинациясына - Мереке Үсембайұлы Мусаев;
«Үздік волонтер» номинациясына - Тайжанов Нұрлығасыр Жанабайұлы;
«Жас ақын» номинациясына – Дүйсенов Еділбек Медетұлы;
«Жас дарын» номинациясына – Масжанов Серіжан Серікұлы;
«Жас өнертапқыш» номинациясына - Қуанова Айнұр Айсақызы;
«Жас көшбасшы» номинациясына – Құрманғалиев Ғани Дәулеткерейұлы лайықты деп танылды.
Барша маңғыстаулық жастардың беделі биік, абыройы асқақ, мерейлері үстем, еңбектері жемісті болсын деп тілейміз!
Естеріңізге сала кетейік, өңірде «Жас тұлпар» Маңғыстау облыстық жастар премиясын табыстау шарасы 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Суреттерді түсірген Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ақпарат бөлімі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему