Маңғыстаулық каратэшілер 8 жүлдемен оралды
21 Ноября 2017 (17:16) | 1935 | Автор: Нурганым Имашева
Астана қаласында каратэ-додан «Nozawa cup» республикалық турнирі мәресіне жетті. Аталмыш жарыстан Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының 8 спортшысы топ жарып, облыс мерейін өсірді. Қуанышты жаңалықпен елордадан Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Ерлан Сәрсенов бөлісті.
Байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 6 мен 17 жас аралығындағы 380 каратэшілер қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасынан жерлестеріміз Мадияр Баймұрат, Жанғазы Наптал, Бердібек Аныс, Ағабек Орынбек үздік танылып, алтыннан алқа тақты.
-Спорт залға 5 жасымда әкем жетелеп апарды. Бұған дейін аудандық, қалалық, облыстық турнирлерде 1, 2, 3 орындарды еншілеп, бапкерімнің, ата-анамның үмітін ақтадым.
Елорда төрінде ұйымдастырылған жарыста 5 кездесу өткізіп, қарсыластырымның барлығын айқын басымдылықпен ұттым. Ақтық сында алматылық каратэшіні 6:4 есебімен жеңіп, алтын медальді ұтып алдым.
Осылайша, «Спорт шеберіне үміткер» атағын абыроймен қорғадым. Өте қуаныштымын! Спорттан бөлек, сабағыма да көп көңіл бөлемін. Мектепте үздіктер қатарындамын,-дейді 25 келі салмақта алтын медальді еншілеген Мадияр Баймұрат.
Сондай-ақ, аталмыш жарыста Айдархан Джамбаев, Жания Оспанова, Диас Реймбай, Ердәулет Ерлан күміс медальдің иесі атанды. Осылайша, аудан қоржыны 4 алтын, 4 күміс медальдармен толықты.
-19 қараша күні Астанада өткен жарысқа 11 шәкіртімді апардым. Олардың ішінде 8-і жүлделі орындардан көрініп, үмітімді ақтады. Бүгінгі таңда 80 баланы каратэ-доға баулып жүрмін,-дейді Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Ерлан Сәрсенов.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему