Көліктегі өрт оқиғасының алдын алу
13 Ноября 2017 (10:20) | 5031 | Автор: Нурганым Имашева
Жыл басынан бері Ақтау қаласының аумағында 67 өрт оқиғасы тіркелді, соның ішінде 26 өрт автокөліктерде болған. Өрттің шығу себебі - көбінде автокөлік иелерінің өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан. Машинадағы электр жабдықтары, жанар-жағар май мен синтетикалық материалдар тез тұтанып, жылдам жанады. Соның нәтижесінде көлік санаулы үш-төрт минуттың ішінде жалынға оранып үлгереді. Электр жабдықтарының бұзылуы, жанар-жағар май жүйесінің ақауы, салонда шылым шегу, сайып келгенде көлік иесінің машинадағы өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауы – көліктегі өрттің басты себебіне айналып отыр.
Атап айтсақ, автокөліктегі 26 өрт оқиғасының ішінде 18 өрт электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болған.
Төмендегі өрт қауіпсіздігі ережелеріне назар аударыңыз, ол Сіздің автокөлігіңіздегі өрттің алдын алуға септігін тигізері анық:
- қыс кезінде көптеген жүргізушілер суықтан оталмай қалған машинаның қозғалтқышына ашық отты жағып (паяльная лампа, факел, ашық спиральды калорифер) жылытатыны белгілі. Бұл мүлде дұрыс емес;
- аккумуляторларды тікелей көлік құралдарында зарядтауға болмайды;
- көлікке жарық түсіру мақсатында ашық отты пайдалануға тыйым салынады;
- көліктің жанар-жағармай құятын багының аузын ашық тастауға болмайды;
- автокөліктің қозғалтқышына ғана емес, сонымен қатар электрлік жабдықтарына да назар аударып, техникалық қарауды жиі жүргізу қажет;
- автокөлікте міндетті түрде өрт сөндіру құралын алып жүру керек.
Егер, көлік өртенсе не істеу керек?
- автокөліктің жылдамдығын арттырып, өртті сөндіремін деп ойламаңыз;
- машинаны өшіріп, қолданбалы тежегішке қойыңыз;
- жолаушыларды дереу көліктен шығарып, өрт сөндіру қызметіне 101 нөмірі арқылы хабарлаңыз. Өрттің шығу көзіне қарап, оның қауіптілігін бағалай беріңіз.
Егер, өрт жанармай құятын бак жақта болса, онда жағдай өте қиын. Ондай жағдайда қасыңыздағы адамдармен бірге машинадан аулаққа қашып, қауіпсіз жерге тығылған дұрыс, себебі өртеніп жатқан көлік кез-келген секундта жарылуы мүмкін.
Капотты ашқан кезде от ұшқындарынан сақ болыңыз. Капотты ашар кезде қолыңыз күймес үшін шүберекті пайдаланыңыз. Бетіңізді шоқтан қалқалаңыз. Өрт сөндіру құралын жалынның ошағына бағыттап, шашыңыз.
Егер, өрт сөндіру құралы болмаса, басқа қолда бар құралдарды: құм, қар, су, брезент немесе өзге де материалдарды (курткалар, тыстар және т.б.) қолданыңыз.
Машинаның сұйықтығы ағуы салдарынан болған өрт кезінде, ең алдымен жанып жатқан сұйықтықты, сосын барып көлікті өшіріңіз.
Өзіңіздің жеке басыңыздың қауіпсіздігін де ұмытпаңыз. Қолыңызбен жанармайды ұстаған болсаңыз, үстіңізге жанармайдың буы сіңген болса, өзіңіз де өртеніп кетуіңіз мүмкін. Сондықтан, сасқалақтамай, сабырлық пен сақтық танытқан жөн.
Құрметті автокөлік иелері! Көлігіңіздің бұзылмай, Сізге ұзақ қызмет етуі үшін, көлігіңіз өртеніп, материалдық шығынға батпас үшін, көлігіңізді барынша күтіп ұстаңыз.
Естеріңізде болсын! Өрт шыққан жағдайда дереу 101 нөмірі арқылы Өрт сөндіру қызметіне хабарлау керек!
Ақтау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы аға инженері азаматтық қорғау лейтенанты Айнабек Жасұлан Қуатбекұлы
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему