Маңғыстаулық спортшылар самбодан Азия чемпионы атанды
23 Июля 2014 (04:05) | 4869 | Автор: Редакция
Ташкент қаласында 24-28-ші маусым аралығында өткен самбо күресінен Азия чемпионатында жерлестеріміз Бауыржан Сағынғалиұлы Азия чемпионы атағын иеленсе, Ғайса Қалмұқанов қола жүлдегері атанып қайтты. Маңғыстау облыстық самбо федерациясының баспасөз мәжілісі кезінде Халықаралық дүбірлі додада аймақтың ғана емес бүкіл елдің намысын қорғаған спортшылар лайықты марапатқа ие болды.
Шетпе кентінің тумалары 17 жасар Бауыржан мен 21 жасар Ғайсаның самбо күресімен айналысқандарына 5-7 жылдың көлемі болған. Олардың жаттықтырушылары Маңғыстау облысындағы самбо күресінің бас бапкері Манарбек Бисекенов.
Өзбекстан астанасында жуырда өткен Азия чемпионатында Бауыржан Сағынғалиұлы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атағын иеленіп, еліміздің көк байрағын желбіретсе, ересектер арасында күрескен Ғайса Қалмұқанов қола медальды жеңіп алып, Азия елдерінің спортшылары қатысқан Халықаралық сайыста ел абыройын асқақтатты.
Маңғыстау облысының самбо федерациясының президенті болып сайланған жаңа басшы Орақ Аяпов Федерацияның Алғыс хаты мен қоса ақшалай сыйлықтың сертификатын табыстап, өжет ұлдарды жеңістерімен құттықтап, ризашылығын білдірді. Спортшылардың бапкерлері Манарбек Бисекеновке де құрмет көрсетілді.
Маңғыстау облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Иванович Пахомов қос спортшыға Басқарманың Құрмет грамоталарын тапсырды.
Ш.Есенов атындағы «КМТжәне ИУ» экономика факультетінде 4 курста білім алып жатқан Ғайса Қалмұқанов болашақта тек спортпен ғана шектеліп қалмай, кәсіби маман болуды көздейтінін айтса, Астана қаласындағы спорт интернатында оқитын Бауыржан Сағынғалиұлы өз өмірін спортқа арнайтынын жасырмады.
Манарбек Бисекенов-самбо күресінің бас бапкері:
- Әлем чемпионатына облыстық құрама командасынан үш спортшымыз ҚР-ның ұлттық құрама командасына қабылданды. Сол үш спортшы жөнінде алдағы уақытта қандай дайындықтар жүреді, не істейді, сол туралы ақылдасып жатырмыз. Енді облыстың самбо федерациясы тарапынан алдағы уақытта бұрын күресіп кеткен, күрсіп жарысқа барып, ел намысын қорғап келген спортшыларымызға ақшалай сыйақы беріліп тұрады және де оларға жарысқа шығуға қаржылай көмектесіп отырады.
Қазіргі таңда спортшыларымыз қызу дайындық үстінде. Ендігі меже, Сеулде өтетін әлем чемпионатында абыройлы белдесіп, құрама қоржынына медаль салу, - деді БАҚ тілшілеріне берген сұхбатында.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему