Ақтауда судьялар қылмыстық құқық бұзушылыққа дем берушілік мәселелерін талқылады
6 Октября 2017 (10:49) | 2368 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев соттардағы қылмыстылыққа қатыстылық пен қылмыстық құқық бұзушылыққа дем берушілік үшін жауаптылық туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері бойынша семинар өткізді.
Семинар жұмысына судьялар мен адвокаттар алқасының, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ержан Қарабаев семинарда сөйлеген сөзінде Елбасының 2012 жылы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан–2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қылмыстық іс жүргізу жүйесін жетілдіру қажеттілігі айтылғанын, жалпы қылмыстық процесті реформалау және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселесі Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасында да ескерілгенін атап өтті.
Алқа төрағасы бір адамның аса ауыр қылмыстың орын алатыны немесе терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы нақты ақпаратты біле тұра, тиісті мемлекеттік органдарға хабарламауы қасақана заңда көзделген құқықтық міндетті орындамауды білдіретінін еске салды.
Сондай-ақ, ол қылмысты жасырып қалу, қылмыс жасаған адамды жасыру, қылмыс құралдары мен қаруларын жасыру, оларды жою, қылмыстың іздерін және басқа да дәлелдемелерді жасыру үшін жауаптылық, дем берушілікке қатысты кеңестер мен нұсқаулар, көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену мәселелері туралы кеңінен түсінік берді.
Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Дархан Тұрсынбаев сот тәжірибесінде кездескен және кездесуі мүмкін қылмысқа қатысты құқықбұзушылық пен қылмыскерге көмектесу деректерінің жауаптылығы туралы мәлімет берді.
Семинарда Ержан Қарабаев халыққа ауыр қылмыстар мен террористік актілер туралы ақпаратты құқық қорғау органдарына хабарлаудың және көрінеу жалған ақпарат берген жағдайда жауапкершіліктің көзделетінін түсіндірудің маңызды екендігін ескертіп, қатысушылардың қойған барлық сұрақтарына жауап берді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему