Ішкі істер саласының ардагері – Абзал ағаның өмірі жастарға өнеге
3 Июля 2017 (15:37) | 3355 | Автор: Нурганым Имашева
Ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер аға – Тәкенов Абзал Ақмолдаұлы.
-Қазақстандық полицияның 25 жылдық мерекесіне орай, осындай ардагерлеріміздің ішкі істер органдарының қызметі үшін жасаған еселі еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау - үлкен абыройлы іс, - дейді біздің басылымға осы ақпаратты жолдаған Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметінің маманы Ардақхан Нәубет.
Тәкенов Абзал Ақмолдаұлы 1947 жылдың 1 маусымында Маңғыстау облысының Ұштаған ауылында дүниеге келген, 1964 жылы Ленин атындағы орта мектепті ойдағыдай бітірген соң, екі жыл туған ауылында тракторшы-механизатор болып еңбек етеді. 1966 жылы Гурьев педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1970 жылы тарих пәнінің мұғалімі мамандағы бойынша бітіріп, 1973 жылға дейін Ақшұқыр селосындағы Ералиев атындағы орта мектепте мұғалім болды. 1973 жылы Форт-Шевченко қалалық комсомол комитетіне бөлім меңгерушісі қызметіне жұмысқа шақырылып, сол жылы қыркүйек айында хатшылық қызметке сайланды. 1976-1979 жылдары Форт-Шевченко қалалық партия комитетінде саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, 1979-1982 жылдары Форт-Шевченко қалалық үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1982 жылы қалалық партия комитеттерінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, әрі бюро мүшесі болып сайланады. Осы қызметте 1986 жылдың мамыр айына дейін болып, содан кейін облыстық партия комитетінің шешімімен Форт-Шевченко қалалық ішкі істер бөліміне орынбасарлық қызметке тағайындалды.
1987 жылы облыс көлемінде тұңғыш рет Наурыз мейрамы атап өтілді. Аталмыш шараны ішкі істер органдары аясында ұйымдастыру жұмысында да бұл азаматтың еңбегі зор болды. Аталған басшылықта қызметті 1993 жылы наурыз айына дейін атқарады.
1993 жылдан бастап Маңғыстау облыстық Ішкі істер басқармасына жұмысқа шақырылды. Басқармада Абзал аға Кадр басқармасының штат жөніндегі көмекшісі лауазымын атқарған кезде поселкелік милиция бөлімдері ашылды, мұның өзі қылмыстың, құқық бұзушылықтардың орын алуында кездескен сұрақтарды тез шешуде маңызды роль атқарды. Аталған басқармада 1997 жылдың маусым айына дейін әртүрлі жауапты басшылық қызметтер атқарды.
Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімін басқарған кезде өрт апаты, түрлі кездейсоқ жағдайлардан сақтандыру үшін құтқару басқармаларымен бірлесе қызмет жасап, үйлестіру жоспарына сәйкес сақадай сай тұрды, семинар–кеңестерге тиімді ұсыныстар енгізді. Қала, аудандардан түскен қылмыс туралы ақпараттар бойынша ІІМ-не есеп беріп отырды. 1986-1997 жылдар аралығында дейін Форт-Шевченко қаласында Ішкі істер органдарында қызмет жасаған жылдары қалалық Ішкі істер басқармасының саяси істер және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Абзал аға тек тәртіп сақшыларының қызметіне қатысты мәселелермен тоқталып қалған жоқ, олардың әлеуметтік жағдайларына да араласып отырды.
Осы қызметтік міндетін орындай отырып, жеке құраммен түрлі бағыттарда: қызметкерлермен тәрбие жұмысы, кадр мәселесі, яғни ішкі істер органдарына қызметкерлерді іріктеу, мезгілінде шендерін беру және оларды марапаттау, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ету, атап айтқанда отбасы жағдайы мәселелерін шешуге көмектесу, балаларын балалар бақшасына орналастыруға қолдау көрсету секілді проблемалық жағдайларын шешуді қамтамасыз етті.
Форт-Шевченко қаласында жұмыс жасаған кездерінде бірнеше рет облыстық, қалалық пария конференцияларына делегат, үш дүркін халық депуттары қалалық кеңесіне депутат болып сайланды.
Елін, жерін сүйген азамат Абзал Такенов туған жердің тарихын, ана тілін, халқының салт-дәстүрін насихаттау бағытында, туризм саласы, оның ішінде: қасиетті орындарға саяхат сияқты ауқымды шаралардың өтуіне атсалысты.
Абзал ағаның ұзақ жылғы еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болды. ВЛКСМ Орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен», облыстың «Құрмет грамотасымен», Түпқараған ауданының «Құрмет грамотасымен», облыстың пионерлер мен жастар арасындағы «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, «Ішкі істер органдарының үздігі», «ІІМ-нің құрметті ардагері» төсбелгісімен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Абзал Ақмолдаұлының ішкі істер органдарында атқарған қызметінде жұмысты ұйымдастыру бағыты мен жас мамандарға тәлімгерлік тұрғыдан қолдау көрсетіп келді. Оның тәлімін алған қызметкерлердің ішінде біразы бүгінде осы салада үлгілі еңбек етуде.
Абзал ағаның биылғы жылдың 1 мамырында 70-жасқа толуына байланысты ұзақ жылғы қызметін бағалап, Маңғыстау облысы Ардагерлер кеңесінің атынан «ҚР ішкі істер органдарының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады.
Қазіргі таңда Абзал Ақмолдаұлы - ішкі істер органының зейнеткері, әскери шені - милиция подполковнигі.
Жолдасы Шманова Балсекер – жоғары білімді педагог, бала тәрбиесінің майталманы, бүгінде зейнеткер, бес бала өсіріп, тәрбиелеген бақытты ана. Жолдасы екеуі Гурьев мемлекеттік пединститутының тарих факультетін бітірген. Балаларының барлығы да жоғары білімді. Біреуі - мұнай саласында, екіншісі – заңгер, әртүрлі мамандық иесі. Кіші ұлы Болатбек - ішкі істер органдарында қызмет жасаған.
Қазіргі таңда Абзал Ақмолдаұлы Такенов зейнет демалысына шықса да ардагерлер қатарында өлкеміздің қоғамдық істеріне белсене араласуда.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему