«Мен қазақпын» мегажобасы басталды
6 Июня 2017 (19:11) | 3986 | Автор: Мира Ботабекова
Елімізде «Мен қазақпын» мегажобасы бастау алды. Алғашқы іріктеу Маңғыстауда өтті. Дүбірлі додада өңірден 38 қатысушы бақ сынады. Байқаудың мақсаты - қазақ xалқының төл өнері - жыр-термелер мен күйлерді бүгінгі заман талабына сай жаңғырту. Білікті мамандардан құрылған арнайы топ әрбір облысты аралап, жобаға қатысушыларды анықтайды. Оқ бойы озық шыққандар телевизиялық сынға жолдама алады. Бұл туралы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы хабарлайды.
Ұлттық өнер - ұлылығымыздың нышаны. Дәстүрлі өнердің тұнығы саналатын жыр-терме - қазақтың асыл мұрасы. Әндерді замана сүзгісінен өткізіп, кейінгі ұрпаққа жеткізу - байқаудың басты мақсаты. Ұлттық киімді жарастыра киген өнерпаздар мен асықпен тасталған жеребе де осыны айқындайды.
Тынысы кең, рухы өршіл. Жиналғанның құлақ құрышын қандырып, топ бастаған өнерпаз - Гүлжайна Жолдыбаева. Әнді әуелете орындап, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Гүлжайна қолына домбыраны алғаш 5 жасында ұстапты. Елдің рухы - өнері мен мәдениетінде көрініс табады. Сондықтан Маңғыстаудың жыр мектебін ұлықтауды жөн көріпті.
Байқауға 18 - 40 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Шарт бойынша олар ән, күй, терме жанрларынан және халық сазгерлерінің туындыларынан 2 шығарма орындау қажет. Үміткерлерге талап жоғары.
Айгүл Елшібаева – жыршы:
-Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар мен деген, дәстүрлі әнші, күйші және жыршы іріктейміз. Әр өңірдің өнерпаздарын халық өзі тікелей көріп отырады. Дауыс пен домбыраның қосылған үлкен күрделі жанр. Соны салып айту керек.
Маңғыстаулық өнерпаздар қайқылардың ізімен жеті өнерді игеруге бейіл. Бүгін олардың қай-қайсыда осал еместігін көрсетті.
Әзімхан Баймағанбет - М.Өскінбаев атындағы филормониясының әншісі:
-Кілең сен тұр, мен атайын деген бірінен бірі өткен өнерпаздар. Үмітіміз зор. Бұйырғанын көреміз. Бақ шаба ма, бап шаба ма?
Жобаға Қазақстан азаматтарынан бөлек, Ресей, Қытай мен Маңғолия жерінде тұратын қандастарымыз да қатыса алады. Көрермен байқаудың күнделігі мен негізгі конкурсын теледидардан тамашалайды. Жеңімпаздар «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі» және «Жылдың ең үздік күйшісі» аталымдары бойынша марапатталмақ.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему