Қазақ әліпбиінің фонематикалық нұсқасы
21 Мая 2017 (10:33) | 2233 | Автор: Нурганым Имашева
Президент Н.Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әрпіне көшіру жөнінде айтқан болатын. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы мәселеге ерекше тоқталып, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін әзірлеуді, 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды тапсырды. Бұл – бүгінгі қазақ қоғамына тың серпін беретін кең ауқымды жоба. Өйткені тілдің тәуелсіздігі ұлттың рухани жетілуіне айтарлықтай мол септігін тигізеді. Осы ретте латын әліпбиінің алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында осы маңызды мәселеге арналған «Қазақ әліпбиінің фонематикалық нұсқасы» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел болып өтті. Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасы, Маңғыстау облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығы мамандары, ғалымдар, оқу орындарының қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәні мұғалімдері және институт қызметкерлері қатысқан дөңгелек үстелді Институт директоры И.Т.Жұмағалиева ашып, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқталды.
Бұдан соң, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-дың Қоғаммен байланыс және баспа жұмыстары жөніндегі бөлімінің басшысы, ұзақ жылдардан бері тіл ғылымымен айналысып жүрген зерттеуші ғалым Қ.Р.Ванов өзінің әліпбиімен – «Қазақ әліпбиінің фонематикалық нұсқасымен» таныстырды.
Латын әріптерінің саны - 26, яғни олар біздің дыбыстарымызды белгілеуге жетпейді. Соған байланысты белгілеуге латын әрпі жетпеген дыбыстарды таңбалауға әркім әртүрлі нұсқалар ұсынуда. Мұндай нұсқалар саны көп болғанмен оларда негізінен 4 түрлі тәсіл пайдаланылады. Олар, атап айтқанда, дыбысты латынның басқаша дыбысталатын әрпімен белгілеу (мысалы, ш-ны c-мен), латын әріптерін қосарлап пайдалану (мысалы, ш – sh), латын әрпіне қоса апостроф таңбасын қолдану (мысалы, ә – a´) және диакритикалы латын әрпін (мысалы, ә – ä) қолдану.
Ал, Қуантқан Рзаұлы бұл мәселені тың жолмен шешіп отыр. Ол өзінің әліпбиіне бүкіл дүниежүзіне ортақ Халықаралық фонетикалық әліпбидің таңбаларын пайдаланған. Осы арқылы оқуға да, жазуға да ыңғайлы әліпби түзіп шыққан. Сондай-ақ, Қ.Вановтың ұсынып отырған әліпбиіндегі тағы бір ерекшелік, мұнда бас әріп жоқ. Бас әріптен басталатын сөздің алдына «`» белгісін қояды. Мысалы «Астана» сөзі «`astana» деп жазылады. Әліпбидің бас әріпсіз болуы бұл техникалық жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді.
Дөңгелек үстелге қатысушы Ақтау қаласындағы Шет тілдер колледжінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Надежда Сологуб Қ.Вановтың әліпбиінің оқуға жеңілдігіне баса назар аударды, «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ Ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы С.Нармұханбетов техникалық жағынан тиімділігін, өлкетанушы ғалым А.Еділханов әліпби таңбалары мен олардың дыбысталуының көзге де, құлаққа да тосын емес, жағымды екендігін айтты. Ал, Ақтау қаласының №13 гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Б.Себепбай әліпбидегі таңбалардың түсініктілігіне, бір әріпке бір таңбаның болғандығына көңілі толғандығын жеткізді. Шет тілдері колледжінің атқарушы директоры, ғалым Б.Дүйсенбаев әліпбиге бас әріптің алынбауына өзінің қосылатынын, бірақ себебін нақты дәлелдермен тереңірек түсіндіру қажеттілігін қаперге берді.
Қорыта келгенде айтарымыз, Дүниежүзіндегі барлық халықтардың дыбыстары жинақталған Халықаралық фонетикалық әліпби таңбаларын пайдалану арқылы дайындап отырған Қуантқан Рзаұлы Вановтың әліпбиін фонетикалық таңбалардан хабардар адамның бәрі түсініп оқи алады.
Роза ЖҮСІПОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ
Қоғаммен байланыс және баспа жұмыстары
жөніндегі бөлімнің бас маманы.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему