Облыстық соттың судьясы Бердібек Мырзабековты әріптестері құрметті демалысқа шығарып салды
11 Мая 2017 (17:02) | 2760 | Автор: Мира Ботабекова
Жиынға сот төрағасы Ж.Аланов бастаған судьялар корпусы мен сот жүйесінің ардагерлері және мамандар қатысты.
Шара барысында Ж.Аланов Маңғыстау облысы соттарының, жалпы сот жүйесінің дамуына үлес қосқан Б.Мырзабековты абыройлы да құрметті демалысқа шығуымен құттықтап, оған зор денсаулық, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тіледі.
- Саналы ғұмырының сарқылмас бөлігін сот жүйесінің дамуына арнаған Бердібек Қалшабекұлының адам тағдырын қолына алғанда аса байыптылық танытып, өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқаратыны бәрімізге белгілі. Ел басына күн туған қиын жылдары өзінің турашылдығынан, адалдығынан айнымай, ауыл-аудандарды, тіпті тау бөктері мен сайын даланың сар түбегінде жатқан ауылдарды аралап, көшпелі сот отырыстарын өткізетін. Қызықты оқиғаларды қиыстырып, адамға ой салар мақала жазып, қалам тербейтін шығармашылық қабілеті де ерекше, - деді төраға өз сөзінде.
Сот саласында үздіксіз 37 жыл қызмет еткен Б.Мырзабеков алғашқы еңбек жолын қарапайым сот мәжілісі хатшысы болып бастап, әр жылдары Бейнеу аудандық сотының төрағасы, Ақтау қалалық сотында, Қарақия аудандық сотында, облыстық сотта судьялық қызметтер атқарған.
Тынымсыз еңбегі мен қажырлы жұмысының нәтижесінде сот төрелігін жүзеге асырудағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі еленіп, Судьялар Одағының «Үздік судья» құрмет атағы мен «Судьялар одағының Құрметті мүшесі» Құрмет белгісі берілді. Сондай-ақ, «Үш би» құрмет белгісінің, Жоғарғы Соттың ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалінің және көптеген Құрмет грамоталары мен алғыс хаттардың иегері.
Бүгінде ұлтына тіреу боларлықтай ұл мен қыз өсіріп, немере сүйіп отыр.
Бұл күні Бердібек Қалшабекұлының атына ұзақ жылдар бойы бірге қызмет атқарған әріптестерінен де ақ тілектер айтылып, бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді. Зор құрмет пен ақ тілектің белгісі ретінде иығына ақ шапан жабылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему