Анар Нұғманова «Маңғыстау ханшайымы» атанды
6 Мая 2017 (11:15) | 2034 | Автор: Нурганым Имашева
Аймақта тұңғыш рет жас мамандар арасында «Маңғыстау ханшайымы-2017» байқауы өтті. Сайыс облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылды
21-29 жас аралығындағы арулар қатысқан сұлулық байқауында өңірдегі іргелі кәсіпорын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның жұртшылықпен байланыс департаментінің маманы Анар Нұғманова өзгелерден озып, «Маңғыстау ханшайымы» атанды.
-Байқауға қазақ тілін жетік меңгерген, сымбаты мен сұлулығы жарасқан, білімді, өнерлі әрі бұрымды арулар қатысты.
Басты мақсат-әр салада жұмыс жасайтын дарынды аруларды анықтау, шеберлігін шыңдау. Сондай-ақ жастарды рухани, кәсіби жағынан дамыту, қазағымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын насихаттау.
Жалпы, байқауға қатысуға 14 ару өтініш білдірді. Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімімен олардың арасынан 7 үміткер іріктеліп, сынға қатысуға жолдама алды.
Талап бойынша байқауға қатысушы қазақтың ұлттық киімімен және мекеменің логотипі бейнеленген арнайы киімдерімен өнер көрсетті.
Байқауды тамашалауға келген залдағы көрерменнің ықыласы, қошеметі ерекше болғанын айта кеткім келеді. Жалпы, бұған дейін біз жас мамандар арасында «Жігіт сұлтаны» байқауын ұйымдастырдық. Сондықтан да мұндай сайыстарды өткізуде біраз тәжірибие жинақтадық деп айта аламын.
Алдағы уақытта байқауды дәстүрлі түрде өткізіп тұру жоспарланып отыр,-дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Бурxандинова.
Сұлулық сынына «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның кітапханашысы Гаухар Нұрқали, «ӨзенМұнайГаз» АҚ мұнай өнеркәсіп құралдарының және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының темір жонушысы Сәнім Мурадова, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің маманы Анар Нұғманова, «Қазпошта» МОФ АҚ орталық операциялар учаскесінің бақылаушы Гүлнара Байтерекова, ҚФ «Нельсон Петролеум Бузачи Б. В.» аудармашысы Дана Оспанова, №2 Жаңаөзен қалалық емханасының жалпы тәжірибелік мейірбикесі Зина Матжанова, «Ақтау қалалық жастар орталығы» КММ Жастар және үкіметтік емес ұйымдар қызметін үйлестіру бөлімінің бас маманы Азиза Қобланова қатысты.
Арулар байқаудың талабы бойынша өздерін таныстырып, өнерлерін көрсетіп, жеміс-жидекті әсемдеуден сынға түсті. Одан бөлек экран арқылы еліміздің эстарда жұлдыздары тарапынан қойылған қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпына, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысты қойылған сауалдарға жауап беріп, білімдерін де байқатты.
-Байқауға қатысуға мұнайшылар қаласынан арнайы келдім. Іріктеу турынан өтіп, сайысқа қатысуға жолдама алғаныма қуаныштымын.
Жалпы бұған дейін ақ халатты арулар арасында өткен байқауда түркімен ұлтын дәріптеп «Этно-медицина-2017 ханымы» атанған болатынмын.
Бұл жолы да дайындығым жақсы, әрине жүлделі орыннан үміттімін. Байқау барысында әріптесім Сүндет Бұғыбаев екеуміз қазақ билерінен поппури көрсетеміз. Мені қолдап келген медицина қызметкерлеріне алғыс айтамын,-деді №2 Жаңаөзен қалалық емханасының жалпы тәжірибелік мейірбикесі Зина Матжанова.
Арулардың өнері мен білімін, парасатын бағалау сынына Маңғыстау облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Жакаева, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдаулетов, белгілі биші Айнұр Сариева, «Арай» тобының әншісі Рысбек Аташ, облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев, «Кухня» аспаздық студиясының директоры Зухра Таласова, өлкеге белгілі әншілері Асылбек Құрманов пен Аида Байгелова, «Қазақстан аруы-2015» байқауының жеңімпазы Әлия Мергенбаева қазылық етті.
Сынақтан өткен сұлулар сан алуан өнерін көрсетті. Бірі-қазақ, екіншісі-үнді биін мың бұрала билесе, тағы бірі-ағылшын тілінде ән шырқады. Арулар монолог пен сатирадан өнер көрсетуден де құр алақан еместігін байқатты.
Сұлулығы мен біліктілігі келіскен арулардың арасынан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің маманы Анар Нұғманова озып шығып, «Маңғыстау ханшайымы» атанып, жеңімпаз арудың тәжін киді. Жеңіске жеткен сұлуға ұйымдастырушылар атынан тоңазытқыш сыйланды.
-Қыздардың барлығы да жақсы өнер көрсетті. Байқауға қатысқан кезде тек Алғыс хат алып қалмасам екен, «Бас жүлде» маған бұйырсыншы деп тіледім.
Сайысқа бізді өте жақсы дайындаған облыстық жастар ресурстық орталығына алғыс айтамын. Маған қолдау көрсеткен ұжымыма, кәсіподақ ұйымына ризашылығымды білдіремін. Сұлулық байқауына алғаш рет қатыстым, жеңімпаз атанғаныма өте қуаншытымын,-дейді Анар Нұғманова.
Екінші орынға «ӨзенМұнайГаз» АҚ мұнай өнеркәсіп құралдарының және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының темір жонушысы Сәнім Мурадова лайық деп танылып, үшінші орынға «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның кітапханашысы Гаухар Нұрқали жайғасты. Қос аруға тігін машинасы мен шаңсорғыш сыйға тартылды.
Маңғыстау облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Жакаева:
-«Маңғыстау ханшайымы» атанған Анар қызымыз барлық жағынан өте жақсы өнер көрсетті. Сәнім қызымыз қазақ аруының өжеттілігін, Гаухар қызымыз арулардың биязылығын көрерменге жеткізе білді.
Жас мамандар арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырған сұлулық байқауы болғанымен жоғары деңгейде өтті. Жастарымыз «Бірлік
бар жерде - тірлік бар» екенін көрсете білді. Аруларымыз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысты қойылған сауалдарға мүдірместен жауап бергені мені қуантты. Байқаудың жалғасын табуына тілекшіміз. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Бурxандиноваға ерекше алғыс айтып, еңбегіне табыс тілеймін,-деді.
Сайыс барысында «Арай» тобының әншісі Рысбек Аташ, Асылбек Құрманов, Ермаш Бауыржан, Екпін Толқынхан, «Жігіттер сұлтаны-2016» байқауының қатысушылары ән салып, көрерменнің көңілін көтерді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему