Ұлыбританиялық компания Ақтауда тұтас бір шағын аудан тұрғызбақ
2 Апреля 2017 (09:08) | 1562 | Автор: Мира Ботабекова
Ұлыбританиялық компания Ақтауда бірқатар жобаларды қаржыландыруға дайын. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен «Global Project Capital Ltd» компаниясының директоры Кеннет Фултон өзара келісім туралы меморандумға қол қойды.
Қол қойылған құжат аясында бірқатар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Мәселен, жергілікті билік инфрақұрылым толық дайын, тоқ, су, жылу және газ жүйесі жүргізілген аумағы 800 гектар болатын жер бөлігін ұлыбританиялық компанияға жалға беруге тиісті. Ал, «Global Project Capital Ltd» компаниясы саяхаттаушылар тұратын шағынаудан құрылысын жүргізбек. Оған қомақты қаржы құюға әзір екендіктерін жеткізді. Аталған шағынауданда медициналық мекеме, мектеп, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері бой көтереді. Бұл жоба қалада жаңа жұмыс орындарының пайда болуына мүмкіндік береді.
Жоспарланған жобалардың қатарында теңіз суын тазалау және тұщыту саласына жаңа технологияны енгізу, Ақтау халықаралық әуежайы мен теңіз портын дамыту, күн және желдің қуатымен қамтамасыз ету, медициналық және әлеуметтік нысандарды қаржыландыру, ауылшаруашылығын дамыту, жылыжай құрылыстарын жүргізу, ірі туристік нысандарды салу жобалары бар.
Аталған жобаларды жүзеге асырудың алғашқы кезеңіне 500 млн Ақш доллары көлемінде инвестиция бағытталмақ.
-Бүгін біз ірі жобаны іске асыру үшін алғашқы қадам жасап отырмыз. Біз Маңғыстау облысының тұрғындары үшін қажетті деп саналатын денсаулық сақтау, білім беру, сәулет, су тазарту және жасыл энергетика салаларына жаңа технологияны енгіземіз. Біз тұрғызатын қалашық теңізден бастау алады. Кейбір үйлердің шатыры шыныдан болмақ. Ал, көлік қоятын паркингтер жер астында орналасатын болады,-деді «Global Project Capital Ltd» компаниясының директоры Кеннет Фултон. Бұл жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін бірлескен кәсіпорындар құрылады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему