Жұптары жазылмаған егіздер
3 Марта 2017 (16:20) | 3968 | Автор: Мира Ботабекова
Елімізде егіздер мен үшемдердің саны көп болғанымен егіздердің егіздерге үйленуі өте сирек кездеседі. Қазақстанда бір-бірімен бас қосқан төрт-ақ егіз жұп бар екен. Оның екеуі Ақтауда тұрады. Осыдан 2 жыл бұрын шаңырақ көтерген егіздер Төребек пен Асыл және Жолдасбек пен Айым бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде.
Ақжайықтың қос аруы Асыл мен Айым бүгінде тату абысынға айналған. Бірі дастархан жайып, шәй құйса, екіншісі тамақ әзірлейді. Үй шаруасын бірге атқарады. Бір біріне қатты ұқсайтын қос келінін енесі әлі күнге шатастырады екен. «Енеміз бір айтқан әңгімесін айналып келіп, қайта айтады. Екеумізге кезекпен айтып жүрмін деп ойлайды. Ондайда күлеміз. Мұндай қызықтар отбасымызда көп болады»,-дейді келіндері.
Арасы он минуттық егіз ұлдарды да бірден ажырату қиын. Ата-анасы оларды отырыстарына қарап анықтайды. Дастархан басына алдымен үлкені, содан кейін кішісі жайғасады. Бұл дәстүр бала күндерінен қалыптасқан.
Лиза Сарбалаева, егіздердің анасы:
-Балаларымды да, келіндерімді де жиі шатастырам. Келіндерімді шақыратын болсам, «Асыл, Айым», деп бірге айта салам. Кейде тіпті балаларымды да шатастырам. Егіз дейтін құбылмалы нәрсе сияқты. Кейде кәдімгідей айыра алмаймын. Мынау Төребек, мынау Жолдасбек, мынау Асыл, мынау Айым деп кей күндері тіпті бетіне қарап айырайын десең де айра алмайсың.
Алғашқы танысқанда егіз жігіттер де қыздарды бірден ажырата алмайтын болған. «Жиі кездесе келе, үйрене келе сүйіктілерімізді айра алатын болдық»,-дейді Жолдасбек.
Төребек пен Жолдасбек Төлепбергеновтер Асыл мен Айым Биназароваларға 2015 жылы қазан айында үйленген болатын. Жастар Орал қаласында жоғары оқу орнында оқып жүргендерінде танысқан. Асылмен және Айыммен бірінші болып егіз жігіттердің кішісі Жолдасбек танысыпты. «Ол дүкенге аяқ киім сатып алу үшін келеді. Өзіне таңдады да сатушы Айымнан тағы осындай аяқ киімді сұрайды. «Сенің егізің бар ма?» деп сұрағанда ол «иә» деп жауап береді. Сол кезде қыз оған өзінің егізі жайлы айтқан», - дейді егіздердің ағасы.
«Жалпы қос келін түсіру қаржылық жағынан да салт дәстүрі тұрғысынан да қиынға түскен. Мәселен бір бала үйленсе, келінді босағадан кіргізесің. Ал екі бала бір күнде үйленсе, екінші келінді бірінші келін аттаған босағадан кіргізуге болмайды екен. Оны терезеден кіргізеді. Бұл қазақтың келіннің басқан қадамы құтты болсын, бастары тату болсан деген ырыммен жасалады. Біз де екінші келінімізді терезеден кіргіздік. Оған да арнайы дайындық жүргіздік. Бірінші қабатта тұрсақ та, терезеге көтерілетін арнайы баспалдақ жасаттық. Оны ырымдап сұрағандар да болды. Бірақ ешкімге бермедік»,-дейді 2 жыл бұрын өткен тойды еске алған Лиза Сарбалаева. Сондай-ақ беташарда келіннің бетін екі адам ашқан.
Егіз жігіттердің егіз қызға үйленулеріне нағашы әжелерінің өсиеті себепші болған. Көз жұмар алдында әжелері бір үйдің қыздарына үйленулерін өтініп, бата берген. Қарияның батасы қабыл болып, қос немересі бір үйдің егіз қызына сөз айтты. Содан бері жұптары жазылған емес. Тіпті қыз бен жігіт болып жүріп, жеке кездесіп көрмеген екен. Төребек пен Жолдасбек бүгінде әке жолын қуып, мал дәрігері қызметін атқарып жүр.
Асыл мен Айым да бір мекемеде еңбек етеді. Облыстық наркологиялық диспансерде психолог болып жұмыс істейді. «Қонаққа да, базарға да, дүкенге де, жұмысқа да бірге барамыз»,-дейді қос келін.
Орталарында кішкентай Әмірбек пен Ақжібек өсіп келеді. Қазір екі егіз келіншектің де аяғы ауыр, екінші нәрестелерін күтіп жүр. Балаларының бір-біріне бауырмал болғанын қалаған егіз жұптар болашақта да бір шаңырақта өмір сүруді көздейді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему