Ақтаулық прокурорлар жасөспірімдер тәрбиесіне алаңдаушылық танытты
18 Февраля 2017 (20:03) | 2002 |
Автор: Нурганым Имашева
Ақтау қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен жалпы орта білім беру ұйымдарында және Жастар орталығында «Әлеуметтік желідегі ойындардан сақтану», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу», «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу» тақырыптарында кездесулер өткізілді.
Басқосуға Білім бөлімі, Жастар орталығы, Ішкі істер басқармасының өкілдері, мектеп директорлары, психологтар, оқушылар және ата-аналар қатысты.
Прокурорлар мектеп директорлары, психологтар мен ата-аналарға кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу жөнінде өз ұсыныстарын айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеудің маңызына тоқталып, ересектерді ашық әңгімеге шақырды. Балаларға арнаған сөздерінде әлеуметтік желілердегі қауіпке итермелейтін ойындардан сақтануды ескертті.
-Жиынның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу және әлеуметтік желілерде таралған ойындардан балаларды сақтандыруға бағытталған.
Статистика бойынша көбіне 12-16 жас аралығындағы жеткіншектер психикалық тұрғыдан әлсіз болып келеді. Әлеуметтік желідегі қитұрқы ойындарды ұйымдастырушылардың құрбандары да осы жас аралығындағы балалар екенін байқауға болады. Негізінен, ата-анасы жұмысбасты, өз еркі өзіндегі жасөспірімдер оқыс оқиғаларға бейім тұрады. Үйіне айтпай, жоғалып кететіндер де осындай балалар.
Көптеген ата-аналар баламыздың киімі көк, тамағы тоқ болса болды деп ойлайды. Шындығында, баламен теңдей көріп сырласу, көзқарасымен бөлісу, талап-тілегіне құлақ асу секілді басты нәрселер жетпей жатыр бізде.
Жалпы, әрбір ата-ана баланы жастайынан қызығатын саласына қарай бейімдеп, жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеп отыруы қажет.
Ең бастысы, жеткіншектердің бос сенделіп жүруіне жол бермеу керек. Белгілі бір міндетті мойнына жүктеп, оған жауапты болуға, бастаған ісін аяқтауға үйретуіміз керек.
Мектеп жасындағы баланың жігерін құм етіп үнемі ұрсу, «қолыңнан ештеңе келмейді» деп жәбірлеу жақсылыққа апармайды. Үнемі ұрыс естіген баланың бойында «мен жаманмын» деген ой бой көтеріп, бұл айналып келгенде, рухани әлсіздікке ұшыратады.
Оқыс оқиғаларға душар болатындардың көбі осындай өзімен-өзі күресе алмайтын жеткіншектер.
Сондықтан ата-аналар баласымен әрдайым сөйлесіп, ой-пікір алмасып, сырласып отыруы керек.
Ата-анасының жылы алақанын көріп өскен бала даладан мейірім мен жылулық іздемейтінін әркім есте ұстаған дұрыс, - деп мәлімдедіАқтау қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Айнұр Ғинуллақызы Жөнелбек.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему