Нұрбек пен Сәндігүл – Республика Чемпионатының қола жүлдегерлері
6 Февраля 2017 (18:17) | 2811 | Автор: Нурганым Имашева
Тараз қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Ел Чемпионаты мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде маңғыстаулық балуан, «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Нұрбек Қуанышұлы мен түпқарағандық Сәндігүл Аманқосова жүлдегер атанып, жерлестеріне қола медальдарды сыйлады.
2000-2001 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен балуандар бәсекесіне еліміздің 14 облысы және Алматы, Астана қалаларынан барлығы 640 спортшы қатысты. Жарыста жеңімпаз атанғандар Азия және Әлем чемпионаттарына жолдама алды.
Сайыстың екінші күні 60 келі салмақта боз кілемге шыққан Нұрбек Қуанышұлы қызылордалық, астаналық, шығысқазақстандық, алматылық, ақтөбелік балуандарды жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Алайда, шешуші сәтте жамбылдық балуанға есесін жіберді. Осылайша, қола медальді қанағат тұтты.
-Нұрбек - 2016 жылы Талдықорған қаласында дзюдодан өткен республикалық жарыста күміс медальді, Талдықорған қаласында самбодан өткен республикалық жарыста алтын медальді, Якутияда өткен алтыншы халықаралық Азия балалар ойындарынан қола медальдіұтып алған болатын.
Сонымен қатар, 2015 жылы Бакуде өткен халықаралық жарыста жеңіске жетіп, қола медальдің иесі және жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Қазіргі таңда Нұрбек-Алматы қаласындағы республикалық мектеп және колледж оқушыларына арналған спорт интернатында білім алуда.
Одан бөлек, жарыста 63 келі салмақта белдескен түпқарағандық Сәндігүл Аманқосова да қола медальді еншіледі. Қос спортшы да биылғы жылы өтетін Азия және Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғауға жолдама алды,-дейді «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобланов.
Сондай-ақ, аталмыш спорт мектебінің дзюдошылары Нұрсұлтан Манарбекұлы, Азамат Ақылбаев, Айкүн Рахметова Талдықорған қаласында өткен «Қысқы демалыс» дәстүрлі республикалық турниріне қатысып қайтты.
730 балуан қатысқан жарыстан 50 келі салмақта Азамат Ақылбаев пен 48 келі салмақта Айкүн Рахметова алтын және 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы қола медальдарды иеленді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему