«Тәрбияның тәлімі» реалити шоуында кім жеңді?
Курс валют в Актау
на 25/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
25 Апреля, 18:19
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

«Тәрбияның тәлімі» реалити шоуында кім жеңді?

27 Января 2017 (22:41) | 2797 | Автор: Мира Ботабекова

 

Халқымыздың дәстүрлі қолөнері – қайнар бұлақ, сарқылмас қазына, бай мұра. Қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісі де, түріде еш халықтан кем болған емес. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен ойып тұрып орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-құрмет, дипломатиялық қаынастарда ескерткіш, сыйлық ретінде жүрген. Ат мінгізіп, шапан жабу құрметтеудің көрінісі деп бағаланған. Осынау ұлттық өнеріміздің өшпей, қайта дамуына үлес қосып жүрген шеберлердің бірі – Тәрбия Айдымбаева. Сәнгер көненің көзіндей болған ұлттық киімдерімізді жан-жақты зерттеп, жаңа заман талабына сай жаңартып, халыққа ұсынып келеді. Өткен аптада Тәрбия Өсерқызының шығармашылығына 20 жыл толған мерейтойлы кеші өтті.

 

«Адай қыз» киіміне сұраныс жоғары

Тәрбия Айдымбаева 20 жылдан бері «Ең әдемі киім – өз ұлтымның киімі» қағидасын ұстанып келеді. Қазақ халқының қолөнерін, бай мұраларын жинап, заманымызға лайықты сапа, түр беру әдісімен оларды сақтап қалу және дамытуды мақсат тұтқан сәнгер көптеген ұлттық киімдердің үлгілерін жаңартып, ел тұрғындарына ұсынып келеді.

Кәсіби сәнгер осы уақыттың ішінде жүздеген киім үлгілерін өмірге әкеліпті. Бүгінде Тәрбияның қолынан шыққан дүниелерге тек Маңғыстау ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінің тұрғындары қызығушылық танытып, тапсырыс беруде. Ұзатылатын қыздың киімінен бастап, той, жиындарға арналған қыз-келіншектер көйлектері, аналарымызға бешпет, кәжекей, ерлердің кастюм, шапандары үлкен сұранысқа ие.

Тәрбия заман талабына сай ұлттық нақыштағы көйлектермен қатар, дәстүрлі киімдерге де сұраныстың арта түскенін айтады.

«Менің коллекциямда ойып тұрып орын алатын киімнің бірі – «Адай қыз». Тарихи киім. Тарихи болғандықтан шығар бұл киімді ұзату тойына киіп шыққысы келетін қыздарымыз көп. «Адай қыз» киімі арқылы ұлтымыздың бай өнерін, қыздарымыздың сұлулығын көрсетуге тырыстым. Сәукелесінің өзі көп нәрседен хабар береді. Теріні көмкеріп, ою-өрнектерін кестелеп, қолмен тіккен дүние бұл»,-деді сәнгер.

Бармағынан бал тамған шебердің қолынан шыққан киімдер Ресей, Оңтүстік Корея, Болгария, Македония, Түркия, Маңғолия мемлекеттерінде өткен халықаралық көрмелерге қойылып, жоғары бағасын алған. 20 жылдан бері ұлттық өнерді дамытқаны үшін бірнеше алғысхаттар мен құрмет грамоталарына ие болды. Тәрбия тіккен дүниелер осыдан екі жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған ұлттық киімдер байқауында бас жүлдені жеңіп алған болатын.

Шебер «Тәрбия» сән үйін ашып, бүгінде бірнеше жергілікті қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отыр. Іскер әйел мұнымен тоқтамақ емес. Ол алдағы уақытта еліміздің бірнеше өңірінен ұлттық киім тігетін сән үйін ашуды жоспарлап отыр. Расында да, азаматқа айбат, қызға көрік беретін ұлттық киімдерді барша халық кисе, жарасып-ақ кетер еді.

Алпыстан асса да ине мен жібі қолынан түспеген

«Ана көрген тон пішер», демекші Тәрбияға бұл өнер ана сүтімен дарыса керек. Анасы Тұрша апай 7 жасынан кесте тігудің бар құпиясын меңгерген хас шебер. Алпыстан асса да ине мен жібі қолынан түскен емес. Қарапайым қошқар мүйіз оюдан бастап, аспан мен жердің арасындағы тыныс алған тіршілік иелерінің бәрін кестеге салады. Тұрша апай қолөнерді өз анасынан үйренген екен. Бала күнінен кестетігіп, кілем тқыған. «Анамнан қалған асыл мұраны енді қызым жалғастырып жатыр»,-дейді қарт шебер.

Тұрша Ағаділқызы, шебер:

-Бойымда әлі күш қуатым бар, қызыма көмектесіп келемін. Таңғы 6-да тұрып, кешкі 8-ге дейін Тәрбияның сән үйінде киімдер тігемін. Кестелеу, оюды салу, оны пішу жұмыстарын жасаймын. Ешқандай шаршамаймын. Осы ұлттық киімдер маған күш береді, қуат береді. Шеберханаға келгенде ауырып тұрған жерім жазылып кетеді. Қай іс болмасын оны бар ықыласпен, махаббатпен жасасаң нәтижелі болады.

 

Ұлттық киімдер кеші

Тәрбия Айдымбаеваның шығармашылығына 20 жыл толған кеші Ақтаудағы зәулім салтанатты сарайда өтті. Сән кешіне ұлттық өнер мен әсем киімге жаны жақын жандар жиналды.

Алдымен жиырма жылдан бері жасалған дүниелер жиналған қауымға таныстырылды. Қыз-келіншектерге арналған көйлектер бірінен бірі өтеді. Көздің жауын алатын киімдер түрлі матадан тігілген. Ұлттық нақышта жасалған. Тәрбияның есеп беру топтамасында ер азаматтардың киімдері де таныстырылды.

Тәрбия жеке азаматтардың сұранысынан өзге өңірдегі өнер ұжымдарын да ұлттық өрекпен көмкерілген киімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Облыстық филармония, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры сияқты мекемелердің өнерпаздарына концертке, түрлі кештерге киетін киімдер тігеді. Кеш барысында театр әртістері «Ант» спектаклін сахналап, сол киімдердің топтамасын да көпшілікке ұсынды.

Ұлттық өнерді ту етіп жүрген Тәрбия Айдымбаеваны шығармашылығының мерейтойымен құттықтай келген эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. Ару қала Алматыдан келген республикаға белгілі дәстүрлі әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Қосанова, белгілі әнші Ғалымжан Жолдасбай, Асқар, Асанәлі Көшеровтер кеш көрігін әсем әндерімен қыздыра түсті.

 

Теріден тігілген сырт киімдер

Сәнгер Тәрбия Айдымбаева қаракөл терісін өңдеумен айналысатын «Сенек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе жаңа жобаны жүзеге асыратын болды. Шебер өңделген қаракөл терісінен сырт киім мен тондар тігіп, халыққа ұсынбақ.

Бұл жоба «Сенек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін де, «Тәрбия» сән салоны үшін де тиімді бастама болғалы тұр. 100 пайыз отандық өнім болып табылатын сырт киімдердің су жаңа топтамасы кешке жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды. Ерлер мен әйелдерге арналған пальто, тон, желеттер көпшіліктің көңілінен шықты.

Тәрбия «Қазақстанда жасалған» брендімен жаңа тондарды биыл елімізде өтетін «Экспо-2017 халықаралық көрмесіне қатысып, шетелдік меймандарға таныстырмақ ниетте.

 

Ұтысқа ұлттық киімдер тігілді

Шығармашылық кеште болған тағы бір ерекшелік – келген қонақтарға ұтыс ойындары ойнатылды. Ұтысқа сәнгер Тәрбия Айдымбаеваның қолынан шыққан керемет ұлттық киімдер тігілді.

Ұтысқа қатысып, бағы жанғандардың қуанышында шек болған жоқ. Бірі бешпет, енді бірі қымбат тастармен көмкерілген кәжекей, енді бірі кестеленген шапанға қол жеткізді. Ұтыстары «Тәрбия» сән салонынан берілген керемет естелік болары сөзсіз.

 

«Тәрбияның тәлімі» реалити шоуы

«Қазақстан-Ақтау» телеарнасы мен «Тәрбия» сән үйі бірлесіп «Тәрбияның тәлімі» атты реалити шоуын жүзеге асырған болатын.

Бұл жобаның басты мақсаты - талапты жанның болашағына жол ашу. Ұлттық киім үлгілеріне қызығушылық танытқан жандарға қабілетін ұштауға мүмкіндік беру. Ал байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылғаны Тараз қаласына оқуға жіберіледі.

Бұл шоуға қатысуға ниеттілер көп болды. 40-қа жуық қыз-келіншек тіркеліп, 22 үміткер бақ сынасты. Оның ішінде алтауы іріктелді. Үздік алтылық осы саланың қыр-сырын меңгеріп, танымал дизайнер Тарбия Айдынбаевамен өзге де білікті мамандардан тәлім алады.

Шеберлігімен көзге түскен ісмер қыздардың ішінен мықтылар анықталып, сән үйіне жұмысқа қабылданады.

«Қазақстан-Ақтау» арнасы мен Тарбия Айдынбаеваның сән үйі бірлескен жоба үш ай бойы әр жұма сайын эфирден көрсетілді.

Кеште аталған реалити шоудың ақтық сыны өткізіліп, жеңімпаз анықталды. Айша Исмағұлова, Ару Қадырова, Гүлнұр Ақышева, Ақтоты Озғанова, Мадина Үйсімбаева, Марал Төлесіновалар подиумға шығып, өздері тіккен кешкі көйлектерін таныстырды.

Үздік шеберді анықтауға қазылық ететін әділ қазылар құрамында Тәрбиядай талантты сәнгерді қанаттандырған ұстаз, ұлттық өнерге жаңа есімді жетелеп әкеліп қосқан ару қала Алматыдан арнайы келген ұлағатты ұстаз Гүлнара Ниязбекқызы, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Пәния Оңалбайқызы, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының бас редакторы Гүлнұр Қалдыбаева, жас кәсіпкер, «Замандас кәсіпкер әйелдерді қорғау» орталығының мүшесі Раушан Аймырзаевалар болды.

Әділ қазылардың шешімі бойынша, Айша Исмағұлова «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы мен «Тәрбия» сән үйі бірлесіп ұйымдастырған «Тәрбияның тәлімі» атты реалити шоуының жеңімпазы болды. Ал, «көрермен көзайымы» болған Мадина Үйсімбаева «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының арнайы сыйлығымен марапатталды.

 

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему