Аққулар неге өліп жатыр?
13 Января 2017 (16:09) | 3498 | Автор: Мира Ботабекова
Былтыр қалалық жағажайдан бір аққудың өлексесі табылған еді. Өкінішке қарай, ақтаулықтар биыл тағы екі өлі қанаттыны тауып алды. Құс төресінің неден өлгені әзірге белгісіз. Толқын шайып, жағаға шығып қалғандар - аққудың бір жасқа толмаған балапандары. Бұл туралы «Хабар» арнасы мәлімдеді.
Мамандар Ақтауға келетін киелі құстардың жыл санап азайып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. «Бұған әлемде белең алған құс тұмауы себеп. Каспийге арып-ашып жететін аққуларды қала тұрғындары қолдан тамақтандырып, мәселені ушықтыруда. 2004 жылы жағажайға қойылған ескертулерге мән беріп жатқан адам жоқ»,-дейді мамандар. Экологтар нан өнімдерінің құсқа кері әсер ететінін қайталап айтып келеді. Оның үстіне аққулар тұрғындардың қолынан жем жеп қана қоймай, жағалауға келушілер қалдыратын қоқыстармен де қоректенеді.
Ғаббас Досатов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
-Екі аққудың денесі табылып, инспекцияға әкелініп, біздің мамандар тексерді. Осы бойынша Ақтау қалалық ветеринариялық стансасына хабарланды. Аймақтық инспекция осы аққулардан алынған сынамалардың қорытындысын күтеді. Содан соң, қандай жағдайда өлгені қосымша хабарланады.
Аққу жемтіктерінің адам көп жүретін жағалаудан табылуы мамандарды алаңдатып отыр. Олар мәселенің мән-жайы анықталмайынша, құстарды жемдеуден аулақ болуға кеңес береді.
Кирилл Осин, эколог:
-Көршілес Ресейде құс төресі жыл сайын жүздеп қырылады. Тамақтан уланудан бөлек, аққулар құс тұмауы секілді жұқпалы ауруларға да тап болуы мүмкін.
Экологтар аққу өліміне адамдардың да қатысы болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Жағадан табылған қанаттылар арнайы сараптамадан өткен соң, нақты жауабы айтылады. Әзірге теңіз суының құрамы зерттеліп жатыр.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему