Ұлылықпен ұшырасқан мезеттер..
28 Декабря 2016 (11:31) | 2334 | Автор: Нурганым Имашева
Менің өлеңге деген құмарлығым хат танып, сөз түсіне бастаған шақтан-ақ жанымды жегідей жеп ерте басталды. Екінің біріне бұйыра бермейтін, құдайдың өзі таңдау жасап қалаған құлына ғана нәсіп қылатын, біреу үйретпей-ақ о бастан адамның санасына берілетін, осы өлең деген өнердің есігін тұлымшағым желбіреген қызыл орамалды қыз дәуренімде-ақ еркін айқара ашқанмын. Сөздің небір жауһарларын майын тамыза айтып, ындының кеуіп қаталап келгенде ішкен бұлақ суындай жаныңды жай таптыратын ауыл ділмәрларының дариядай арналы әңгімесі, ел ақындарының тот баспайтын саф алтындай жырлары мені осы өлең патшалығына өрімдей балауса күнімде алып келді.
Былай қысыр сөзге үйір болғанымен менімен қарайлас құрбыларымның көбі тек ақын болуды армандап қағаз шимайлаумен ғана шектелді, ақын бола алған жоқ. Оларға өлең тағдырдан шақыру болмады. Ал менің өлеңге құмарлығым әншейін құмарлық емес еді, арғы дүниемдегі қатты бір болмыстың дүмпуі еді.
Өлең маған не қылмады?! Өлең мені сілкіп ерте оятты. Менің тірлікте жандәрмен жанталаса талпыныс жасап мал мен дүние жиып, үлде мен бүлдеге орансам деген бағдарламамды санамнан біржола сызып тастады. Кейбір ағайын мен тамыр-таныстың пікіріндегі «адам болмайтынның» даңғыл жолына түсіріп кетті.
Өлең маған не берді? Ол маған мәңгілікті, шексіздікті жоралғы жасады. Шамалыны жағасына жаңқадай лақтырып тастайтын екпіні қатты ағыны бар өмір-өзенде ағысқа қарсы жүзуді үйретті. Адамды орынсыз қидалап тастайтын заманның қаһарлы қайқы қылышынан қаймықпауды, оның жүзін қалай қайырып мұқалтуды үйретті. Осындай алпауыт қасиеттерді менің бойыма еріксіз сіңіріп, жер бетіндегі сан мыңдаған өлең әскерінің жасағы етті. Мен оған ақылым толысқын осы шақтың өзінде секундтың титімдей бір өлшеміндей өкінбеймін. Патша болып таққа отырмай-ақ, елге патшадан бетер жарлығын жүргізе алатын, әміршіге қасқая қарап тұрып «Дат» айтатын ақындардың ұлы болса атқосшысы болып, қызы болса жанында жүріп бұрымын өрдім.
Мына азғана баяндалған кіріспемнен соң тақырыптың турасына көшкенді жөн көрдім. Жазылып хатқа түскеннің де, көпке айтылар сөздің де мағызының болғаны абзал.
1964- жылы үкіметтегі қым-қиуыт үкімет басшыларының ауысып жатырған кезеңі еді. Бала қызбын. Әкемнің кәсібі-ауылдың жекеменшік қойын бағу. Иліқайыс заманы, білім алып оң мен солына бажайлай қарауға мұрса бермей, аштан өліп көштен қалмай күбірсіп күнелтуіне ғана осы қойшылықты ыңғайлаған сыңайлы. Заман тыныш болған соң адамның бір күн аштығы мен тоқтығы біздің көнбісті халыққа онша уайым емес. Әйтеуір күнәра жатпаймыз, бізде болмаса елде бар бір үйлі жан өз әлімізше күнелтіс жасап отырдық.
Естирақ болып қалған кезім шешемнен бір елі қалмаймын. Қиы мен суын әкеліп, даланың тезегін теріп әйтеуір тыным көрмеймін. Қолым босай қалса, шешемнің көзін ала беріп кітапқа шұқшиямын. Менің оқу оқығанымды олар оғаш көрмейді, үй шаруасын біржақты қылмай бала-бажыр қылғаныма өзім қымсынам. Кешке қойдан діңкелеп шаршап келетін әкемнің ас-суы, үбірлі-шүбірлі біздің қамымыз тағы бар, ұзақты күнге бір дамыл көрмейтін шешемді аяймын. Менде шаршаймын. Қатты шаршағаннан кейде отырған жерімде ұйықтап қалам. Бірақ балалық жастық па, сәл көз шырымын алсам болды, құлындай ойнап сергіп шыға келем.
Ал енді кітаптың қызығына түссем бар дүниені ұмытам. Шешемнің мені дауыстап шақырғанына анда-санда «қазір» деп тастап, кітапқа қайта шұқшиям. Атам қазақ айтқан, кітап мені бесіктен белім шықпай жатып өзіне байлап-матап тастады. Мен он жасқа келгенде өлеңдерді екшелеп, салмақтап оқитын дәрежеге жеттім. Сол жылдардан бастап менің өлең дәуірге сапарым басталды десем де болады. Қазақ әдебиетінің кең тыныстап қарыштаған жылдары менің әдебиеттегі бастау алған жылдарыммен тұспа-тұс келді. Халықтың жағдайы көтеріліп рухани дүниелерге құлақ салатындай деңгейге жетті. Әржерден там-тұмдап поэзия аспанының жұлдыздары көріне бастады. Менің ол жылдары өлең ауруым асқынбаса жеңілдеген жоқ.
Қазақ поэзиясына бұзып – жарып Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нажмединов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Кеңшілік Мырзабеков, Меңдекеш Сатыбалдиевтар келді. Бұлардың жырларын оқығанда өлеңнің сиқырына арбалмауың тіпті мүмкін емес еді. Күләш Ахметова, Ақұштап Бақтыгереевамен бірге, бүгін естелікке қимасам да қалам тартуға тура келіп отырған менің аяулы ақын апам, жыр апшысын қуырған қайран Фариза Оңғарсыновалар өлеңнің тыңына түрен салды. Менің Фариза ақынның өлеңдеріне табынушысы болуым сол жылдардан бастау алды.
Сол алпысыншы жылдардың басында нақ қай жыл екені есімде жоқ «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің өнер мен әдебиетке арналған бетіне екі ақынның бір-біріне қарап тұрған өлеңдері шықпасы бар ма? Оның бірі Төлеген Айбергеновтың «Мен саған ғашық едім» деген өлеңі де, екіншісі Фариза Оңғарсынованың «Мен саған ғашық емес едім» деген өлеңі болатын. Соның өзі анау-мынауды көтермейтін кінәмшіл заманның тақиясына тар келіп тұрса да, анадай қалыпта жариялануы айта жүрерліктей үлкен жаңалық болды. Тасалау тар жерде туындап дүниеге келген, көзге көрсетіп жариялауға жеделім жетпей, өлеңге таласы бар көптің бірі болып, ауаланып жыр жазып жүрген менің арманымды жетіқақ аспаннан әрмен асқақтатып жіберді. Әлгі газеттің санын әспеттеп барқыт матаға орап, екінің бірінің дәті барып жақындамайтын, анамның біркиер дұшпанкөз киімдері салынған сандығының түбіне салдым.
Уақыт сынап сырғып өтіп жатты. Ішіп-жерің әке мен шешенің мойнында бала дәурен артта қалып, әркімдер көз салар қызғалдақ жылдарыма да кезек келді.
Жұрттан көргенін істеп, мені қатарынан қалмасын деді ме бір күні әкем таңертеңгілік шай үстінде «Осы жұрттың баласы улап-шулап туған күндерін өткізіп жатады, Ақшагүлжанның да сондай бір туған күнін атап өтетін орны бар-ау осы» деді анама сұраулы жүзбен.
Қыз болып жасанып, бір көйлектің өңін үстіме орынсыз іліп көрмеген маған есіркей қараған шешемнің көзінен, маған деген ыстық мейірімнің айдынына көз жетпейтін телегей теңізін сезінгендей болдым. Қаншама қиындық көрсе де бір-біріне қарсы келіп қатуылы сөз айтып көрмеген, қаншама жоқтық көрсе де құдайдың зарын салып көрмеген анам шай құйып отырған тапал шәйнектің астындағы шоғын әшкірімен қозғап жатып «өзің біл» деді. Бұл менің ес білгелі анамның ауызынан естіп келе жатырған үйреншікті сөзім.
Ерлі-зайыптылардың екеуінің біреуінен осы сөз шығар болса, әлемде ымырасыздық деген өмірбақи болмас еді. Азғана тыныштықтан соң әкем қолдағы сары ешкіні сатып, ақшасын менің туған күніме оны-мұны алуға жарататын ниетін білдірді. Әкемнің баққан қойының жарытусыз ақысынан бөгде біздің үйде көлденең табыс деген болмайды. Сары ешкіні сатқаннан түсетін қаржы маған есепсіз байлық болып елестеді. Ол кезде бізден басқа кішкене қазанының қаймағы барлар да думандатып орынсыз мереке өткізе алмайды. Басқа тартса аяққа жетпейтін кедейшілік дүйім елді қамтыған.
Көңілге медет бір жағдай әйтеуір нанға зәрулік жоқ, нан мен шай жұрттың бәрінің дастарханынан табылады. Дүниеге келген күндерін атап өтіп жатырғандардың да дастархан мәзірі бір-бірімен қарайлас, естен кетпейтіндей бір тойып жейтін сары бауырсақ пен зәру астан әр жерге сиректеу шашылған «карамел» кәмпит, азын-аулық бақшасында өскен жеміс жидек. Біздің үйде туған күн тойлау дәстүрі онша әдетке айналмағандықтан, мен үшін сары ешкіден түскен ақшаны желге ұшырып жібергенмен бірдей болды.
Ақша туралы сөз болғанда көптен бері көңілдің түпкірінде жатқан, ешкімге сездермей өзім ғана армандап қоятын бір ойым оянып бүлк ете қалды. Әкеме айтсам менің арманымның түк маңызы болмай қалар-ау деген күдіктің де бойымды бір шарпып өткені жасырын емес-ті. Келіспесе өзінен қалар менің бәлендей шығыным жоқ неде болса ойымды ересектерге ескертуге бекіндім. Күмілжіп тұрып айттым әкеме. Қазір ойлап отырсам түкке тұрғысыз болғанымен нақ сол кезде мен үшін үлкен баға жетпес теңдесі жоқ шаруа еді. Ол баяғы анамның сандығының түбінде қалған Фариза мен Төлегеннің газеттегі бейнелерін, ауыл аралап сурет үлкейтіп жүретін адамға айтып портрет жасаттырып, үйдің қақ төріне іліп қою еді. Баланың алды болғасын әкем көп мені бетімнен қаққан жоқ, орынсыз еркелеткен де жоқ, бірақ мені ерекше жақсы көретінін емірене маңдайымнан искегенде сезетінмін. «Өзің біл» деді. Арманым орындалып біздің үйдің төрінде қасқайып маңдайлары жарқырап қос ақынның жастық шақтағы бейнелері қоныс тапты.
1972-жылы мен орта мектепті тәмәмдап көппен бірге сол баяғы ақындық арманымның соңынан қуып Алматыға келдім. Жүре берсең көре бересің, көптеген талантты жастармен кездестім. Маңғыстаудың кәнігі жорналшысы Маңдайлы Қосымбай, шашасына шаң жуытпай жүрген ақын Ұлықбек Есдәулетпен де сол жастықтың жалындап тұрған жылдары таныстым. Ол кездегі жас талапкерге қойылатын талап жоғары. Оқу орындарының көзі аз, жақсы білім беретін атақты оқу орындары тек Алматыда. Сондықтан жақсы жоғарғы білімнен дәмесі бар екі жастың бірі арып-ашып осында келеді.
Алғашқы жылы менің жолым болмады. Конкурстан өте алмадым. Қазақ жерінің барлық түкпірінен келген ондаған білімді жастардың арасынан оза шабуда оңай шаруа емес, бір орынның өзіне бірнеше жастан келеді. Оқудан «құлап қалып» көздері боталап, біреу мүсіркеп бір ауыз сөз айтса еңіреп жылап жіберуге дайын тұрған көп қыздың бірі, Бердібек Соқпақбаевтың тілімен айтсақ алдарыңыздағы әңгімешілеріңіз еді. Қайтейін өз қолымды өзім кесейін бе «қақалған деген елде бар, құлаған тек мен емес шығар» деп өзіме-өзім басу айтып сабама түстім. Бұрын «құлап» үйренген тісқаққан үміткерлердің бірі, сырттай оқуға тапсыруға кеңес берді. Ауылға бос қайтқанша деп құжаттарымды сол сырттан оқитындардың бірі болуға бағымды сынап көрмекке қайта тапсырдым. Жолым болып оқуға түстім, бірақ түскенім бар болсын баяғы «іштей» түспедім деген жастық намыс көкірегімнен кері теуіп сырттай оқып жарытпадым.
Сол 1972-жылы көп ұзамай дәм бұйыртып тұрмысқа шықтым. Менің жастайымнан әдебиетке жақындығымды, жоғарғы оқу орнын бітірмесем де сауаттылығымды біреулерден естіген «Жетісай» газетінің бас редакторы Әлібек Мейірбеков мені қате түзетушілік (Корректор) жұмысқа қабылдады. Ол газетте бір кездері Маңдайлы Қосымбайда қызмет жасаған.
Араға біраз жылдарды салдық. Есейіп балалы-шағалы болдым. Әлі күні кешегідей жадымда. Мырзашөл ауданына қарасты, Иіржар деген пойыз тоқтайтын стансы бар, біржағынан Абай атындағы совхоздың орталығы. Мені сол ауылдағы орта мектептің директоры Мәлік Әбділдаев деген кісі, тек жұмыс істеп жүрмін дегені болмаса жалақысы адам қызығарлықтай емес химия кабинетіне лаборанттық жұмысқа қабылдады. Онша адам қиналатын жауапкершілігі шамалы сол жұмысты жасап жүргенмін, бір күні директор маған хабар жіберіпті «тез жет сені үйіңде Фариза Оңғарсынова күтіп отыр» деген. Менің ақындығым бар, ортада сөйлей білетін өнерім тағы бар біздің өңірге орталықтан келетін ірілі-ұсақты ақындарды менің жағдайыммен санасып жатпайды біздікіне түсреді. Алдында Тұманбай Молдағалиев келіп жата - жастанып қонақ болған. Сондайлардан ығыр болған күйеуім бір күні ақын Өтеген Оралбаевты «Бұл Жазушылар Одағының үйі емес» деп қуып шыққаны бар-ды. Өз басымыздан артылып басы артық қонақ күтуге біздің жағдайымыз өте мүшкіл деп неқылайын келіңкіремейтін еді. Сондай келеңсіздік тағыда қайталанып қалар деп, орамалым жалпылдап екіетек болып үйге кіріп келсем шошайып төрде ақын апам отыр. Абдырап, дауысым дірілдеп апаға сәлемімді бердім. Алыстан атарытып келген апамның көңіл-күйін менің өзі тар, көптен жөндеу көрмеген екі бөлмем онан сайын түсіріп жіберген, ақынның жүзі өрт сөндіргендей күреңітіп кеткен. Үстіндегі сырт киімі қара тонын да шешпеген күйі падишаларға ұқсап тіп-тік күйінде қаздиып отыр. Қолымда барыммен талқы шайымды бердім. Үйдің көсемдердің бейнесі тұруға тиісті қақ төрінде тұрған өзі мен Төлегеннің суретін көріп «Мырзашөлге барып келгендер айтатын еді «сені хан көтеретін бір қыз бар, суретіңді бас жағына іліп қойған» деп, сол сен екенсің ғой» деді суық жүзінде сәл жымиюдың нышаны байқалып. Мен де күлгеннің реуетін жасап төмен қарадым.
Фариза апамды үйге тастап, онымен кездесу ұйымдастырудың қарекетін жасадым. Ауылдағы осы қалай деген өнерге жақын жігіттердің бәріне хабар жібердім. Көп ұзамай Мәдіреев Бекбол, Бақытов Степан, Базарбаев Таңатар деген көздері ашық, білімді сен тұр мен атайын дейтін жігіттер қаумалай жетіп келді. Темірхан Әліханов деген әнші Роза Әлқожаның нағашысы да көп күттірген жоқ ол да жетті. Сол жердегі беделді АТП деген мекеменің бастығы Теміржан кез-келген ақынның өлеңдерін жатқа айтатын, ел ішіндегі тарихи әңгімелерді жатып өргізетін Тұрысбек деген жігітті ерте келді. Қазақстанға танымал болған «Апа халің жақсы ма, мықты ма денсаулығың» деген сөздері бар әуезді әнді нақышына келтіріп орындайтын Айжан Тәженованы қостайтын, вокалды-аспаптық ансамбілге жетекшілік ететін де сол осы Тұрысбек еді. Апайға қайта дұрыстап қонақасы беріп болып, орталықтағы Абай атындағы мәдениет үйіне ертіп келдім. Ақынның жүзі кішкене жадырайын деді, залға әзер сиып интірескен халықты көріп апам таңқалды. Маған таяп келіп «мынаның бәрін ұйымдастырып жүрген сен бе, сен өзің пысық екенсің ғой» деді. Өзіне бағытталған мақтауды кім жеккөрсін еріксіз қалай күліп жібергенімді өзім де сезбей қалыппын.
Мен сол күні өзімді шексіз бақытты сезіндім, себебі жас та болсам менің жүрегім ол кісіден ұлылықтың сәулесінің төгіліп тұрғанын сезген болуы керек. Кешті Тұрысбек бастады, өлеңдер оқылды. Сақиып қалған адамдары сіресіп отырған жиналысқа ұқсамайтын менің жадымда сақталып қалаған әдемі кеш болды. Бұл менің Ұлылықпен алғашқы жүздесуім еді.
Менің өлеңдеріме шын пейілмен ақтарыла бағасын берді. Ұнамаса «ұнамады» деп бетің бар жүзің бар демей күлбілтелемей сарт еткізіп айта салатын ақын апам маған олай еткен жоқ. Фариза ақынды жұрт қолпаштап үш күн қонақ қылды. Қаржау деген ағамыз ұйымдастырып бір баспақ сойдырып бағанағы Степан деген жігіттің үйінде қайтара қонақ қылды.Ауылдағы ең өңді деген сұлу қыздарды жинап, ең ибалы келіннің қолынан апайға шай құйдырды. Бұл тек жеке адамға емес қазақтың сөз өнеріне жасалған құрмет еді. Кетерінде біздікіне келіп « мына ақын қызды мындай жерде ұстап қор қылма» деп менің күйеуіме ұрысқанның қасында ақылын айтты. Мағанда қатайып «не ақын бол, не қатын бол» дегені әлі құлағымда. Ол маған бақытсыздық тілемеген болар, менің намысымды жанып қайрап «ақындығыңнан алыстап қалма дегені» деп ұқтым.
Тағы бір есте қалатын тарихи оқиға ол менің 1983-жылы «Жігер» деп аталатын фестивальға қатысқаным. Менің ол кезде том-томдап кітаптарым шықпағанымен осы қалай деген беделді газеттерде өлеңдерім жарық көріп атағым біраз жерге барып қалып еді. Тұшымды шығармашылығымен жылт етіп көрінгендер болса ол кездің ақын-жазушыларының ішінде көмек қолын созатындары жиірек кездесетін. Күншілдік өз араларында болса болар менің тікелей өзіме шот салғандары болған жоқ. Фариза апамның өлең түртіп жүргендердің қатарында есімі асқақтамаса төмендемеген шақтар.
Сол фестивальға кімдердің келу керектігін долбарлайтын ықпалды топтың ішінде билігі бар болғанын ақын ападан Мырзашөлді өлеңмен шулатып жатырған маған әдейі шақыру келді. Біздің Оңтүстік өңірінде Жазушылар Одағының бөлімі тегеурінді жұмыс істейтін. Жаңылыспасам сол жылдары ол бөлімшеге балалар жазушысы марқұм Насреддин Сералиев басшылық жасады. Жоғарғы жақтан тегеурінді нұсқау келсе орындалмай қалады деген болмайды жан-жаққа алас-қапас іздеу салып мені тауып шақыру қағазын қолыма ұстатты. Компартиядан беделі жағынан кем түспейтін Жастар Одағын (комсомол) Серік Әбдірахманов басқарады. Мен көңілім көтеріңкі Алматыға жеделдете жеттім. Бұрын газеттерден атақ-жөндерін естігенім болмаса түрлерін көрмеген, шығармашылықта есімдері біраз жерге барып қалған талай ақын жастармен осы фестивльға қатысқан сапарымда бетпе-бет жолығып таныстым.
Түстеп айтар болсам Көкше өңірінен келген Баянғали Әлімжанов, Маңғыстаулық ақын қыз Оңайгүл Тұржанова, қазіргі Жазушылар Одағының белді қызметкері Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегіман, марфуға Бектемірова тіпті Жұбан аға Молдағалиевпен де осы дүбірлі басқосуда таныстым. Бірнеше күн думандатып жыр тұлпарының басын бос жіберіп армансыз бір қақымыздан шықтық. Фестиваль аясындағы шараларды Мұқтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденовтар асқақ серпінмен құтыртып жүргізді. Қарағанды өңірінен келген атақты сазгер Жақсыкелді Сейіловты да осы сапарымда көріп таныстым. Жақсылардан алған шарапат, басқаны қойғанда маған туған сіңілісіндей ілтипат көрсеткен аяулы Фаризаның өзінің ықыласы неге тұрады? Мен елге болмаған шығармашылық қуат алып, көңілім желдей есіп асқақтап ерекше көңілжаймен оралдым.
Сол сапардан көп уақыт өтпей мен Фариза апаның көмегімен Өзбекстандағы беделді оқу орындарының бірі Низами атындағы универиситеттің филология факультетіне оқуға түстім. Бұл оқу орнында қазақтың дарынды ұлы Төлеген Айбергенов оқып тәлім алған-ды. Алғаш оқу корпусының табалдырығын аттағанымда қатты тебірендім, оның табалдырығына маңдайымды тигізіп жылағаным әлі есімде. Себебі ол табалдырықта қалған ұлы ақынның табанының табын сезінгендей болдым. Университетте аса жоғары білімді, кеуделері қазына кезінде Төлеген Айбергеновты оқытқан біраз қазақтың ұлдары Қалдыбек Сайданов, Тұрап Айдаров деген профессорлар дәріс беріп жүр екен. Сол кісілерден сабақ алғанымды мен осы кезге дейін мақтан тұтып алқалы жиындар да болсын, жай отырыстарда болсын үнемі жыр қылып айтып жүремін. Төлегендей ұлы ақынға даналық мәйегін жаратқан тарту қылса, осы білімді ағалар оған демеу болып шығармашылықтың даңғылына салып жол сілтеп жіберді
Ол кезде қаржың болса Одақ ішінде қозғалыс еркін алып державаны қаншама аралаймын десең де қалауың біледі жүре бересің. Орта Азия қаламгерлерінің басқосуы көбіне Ташкент қаласында жиірек өтетін болғандықтан осы бетке атбасын бұратын Фариза ақынды жиі-жиі көріп кездесетінмін. 1986-жылы келген бір сапарында ол заманда біреуде болса біреуде жоқ «нөл алты» деген жигули көлігіммен Самарқандты армансыз аралатқанмын. Сол күндерде менің кеудемде поэзияның арынды ағындары тасып ағатын. Оқылмай өлең қалмайтын, айтылмай сөз қалмайтын. Ыстық күндері ерніміз тобарсып келіп ыстық шайды сораптап терлеп-тепшіп ішіп отырғанда өлең төңірегінде қаншама ойлар өргіздік. Отызыншы қарымды енді ғана басып үлгерген менің сол бар отыз жылым апамен болған азғана күндерге сиып кететіндей әсер қалдырған-ды. Мен онымен көріскен сайын өмірге жаңа келгендей болатынмын, себебі мен ұлылықпен ұшырасып жүрген екенмін.
Алыста қалған жастық күндеріме қайта бір соғып, сағыныш деген жаныңды мазалап тынымыңды алатын сезімнің іште жиналып қалған шерін бір тарқатып алу үшін жазылып отырған естелік еді бұл. Фариза ақынның туған күнін онсыз атап отырғаным көңілімді құлазытқанымен амал нешік, армансыз ағыл-тегіл жылағың келеді. Мұндайда тағдырының алдында осалсып өмірінің тізгінін еріксіз тартпаған апаның асау бейнесі көз алдыма келіп, өксігіме кілт тоқтау саламын. Бар ғұмырында беделіне қылап түсірмеген Ұлы ақын қыздың әруағын сыйлап оның бізбен тылсым дүниеде ауық-ауық ұшырасар рухының алдында менде мықты болуға, әлсіздік танытпауға тиістімін!
Ақшагүл Рамазанова
Ақтау қаласы
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему