Ақтаулық жас каратистер Венгриядағы Евразия кубогынан жеңіспен оралды
Курс валют в Актау
на 20/12/2025
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Суббота,
20 Декабря, 04:15
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Ақтаулық жас каратистер Венгриядағы Евразия кубогынан жеңіспен оралды

11 Мая 2014 (05:05) | 5371 | Автор: Редакция

 

Маңғыстаулық спорт жанкүйерлеріне жерлестеріміздің Венгрия елінен жүлделі оралғаны туралы қуанышты хабарды жеткізуге асықпыз.

 

Ақтаулық жас каратистердің құрамасы тек қана Маңғыстаудың емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстанның атынан әлемдік додаға қатысып, жеңіспен оралды. Венгрияның астанасы Будапешт қаласында Ашихара-каратэден жуырда өткен Евразия Кубогына қатысқан ел командасын Қазақстанның Ашихара-каратэден бран-чифі Игорь Отаров бастап барды.

 

Ашихара-каратэ Қазақстан бойынша тек қана бізде Ақтау қаласында дамуда. Игорь Викторұлы сияқты тәжірибелі, білікті бапкердің жаттықтыруымен жас спортшылар спорттың осы түріне қызығушылықтары артып, белсене қатысуда.

 

Будапештте өткен дүбірлі додаға Қазақстан атынан қатысқан Ақтау қаласының жас спортшылары Никита Руденко (10 жаста) 30 кг-ға дейінгі салмақта қарсыласынан басым түсіп, күміс медальға ие болып, жеңіске жетсе, оның құрдасы 10 жастағы Нұрғазиев Мирас 35 келі салмақ дәрежесінде мықтылық танытып, қола медальдың жүлдегері атанды. Ал 15 жасар Максим Ларинге өжеттілігі мен қайсарлығы үшін төрешілер арнайы кубокты беріпті.

 

Жеңімпаз болып, Европа төрінде егемен еліміздің намысын қорғап қайтқан қайсар ұлдарды сөзге тарттық.

 

 

Никита Руденко: «Маған бұл жарыс өте ұнады. Оған қатысқан спортшылар саны көп болды. Мен 30 кг-ға дейінгі салмақта Дания, Венгрия, Өзбекстан елінің спортшыларымен күрестім. Жарыста жеңімпаз атанып, күміс жүлдені жеңіп алғаным үшін қуаныштымын» десе, Нұрғазиев Мирас есімді балғын спортшы: «Мен бұл жарыста 35 келі салмақта өзбек, венгр, румын, ресей каратистерімен күш сынасып, қола медальді жеңіп алдым. Сол үшін қуаныштымын. Ата-анам, достарым, жаттықтырушыларым бәрі де менің жеңісіме қуанып жатыр. Алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге ұмтылатын боламын»,-деген ойын білдірді.

 

Ал 15 жасар Максим Ларин: «Төрешілер менің салмақ дәрежемді шатастырып алды да, мені өзімнен салмағы үлкен каратистермен төбелестірді. Өкінішті, өз салмағымда жарысқа түскенде жүлделі орынды иеленер едім.

Спорттың бұл түрімен айналысқаныма биыл төртінші жыл. Өзім қалауыммен осы ашихара-каратэні таңдадым. Ата-анам мені үнемі қолдап отырады. Мұндай дәрежедегі жарысқа қатысқаныма қуаныштымын. Алда әлі талай жеңіске жетем деген үмітім бар»,-деді.

 

Евразия Кубогына еліміздің командасын бастап барған Қазақстанның Ашихара-каратэден бран-чифі Игорь Отаров: «Бұл додаға Европа мен Азияның көптеген елдерінен 250-ден аса спортшы қатысты. Сербия, Дания, Румыния, Венгрия, Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және тағы басқа елдердің өкілдері жарысқа келді.

Командалардың құрамы кейбірі үлкен болса, енді біреулері, мысалы біздің тобымыз-екі 10 жасар, бір-15 жасар-үш спортшы мен бір бапкерден тұрды. Соған қарамастан біздің спортшыларымыздың жеңісі қомақты деп санаймын.

 

 

Жарыс кезінде төрешілер тарапынан кейбір қателіктер кетті. Мысалы, біздің Никита Руденко бірнеше рет қарсыласын нокдаунға түсірді. Кейін төрешілерге соны айтып, қарсылық білдіргенімізде, бізден ойынның бейне түсірілімін талап етті. Ал доданы таспаға түсірген венгр операторы дәл сол кезде жоқ болып шықты да, нәтижесінде І орынды венгрлік спортшыға берді. Ал оған біздің Никита лайық еді.

 

Мирастың жеңісін бағалау кезінде де төрешілер тарапынан әділетсіздік танытылды. Спортшы бірде-бір рет басынан соққы алған жоқ, тек шлеміне тигені ғана болмаса. Сондықтан келесіде мұндай жарыстарға қосымша өзіміздің бейнекамерамызбен барып, өз жазбамыз арқылы дәлелдей отырып, әділетті бағамызға қол жеткізуіміз қажет.

 

Негізінен, І және ІІ орындар бізге тиесілі болуы керек еді, ал іс жүзінде тек ІІ және ІІІ орындар ғана бұйырды. Дегенмен мұндай дәрежедегі дүбірлі додада біз үшін бұл да үлкен жетістік деп санаймын. Себебі Қазақстанның командасы Евразиялық Кубок жүлдесіне бірінші рет қатысып отыр. Бізді қазір ауызша түрде биылғы жылдың қараша айында Венгрияда өтетін Әлем Чемпионатына шақырып отыр. Ол жарысқа жас шамасы ересектеу спортшылар қатысатын болады, 12 жастан бастап.

 

 

Ал енді ондай әлемдік додаға қатысу үшін бізге қаржы жағынан қиындау соғары анық. Өйткені, өкінішке орай, мұндай жарыстарға қатысу үшін спортшыларға мемлекеттен қаржылай көмек беру тетіктері бізде қарастырылмаған. Сондықтан қаржы жағының салмағы ата-аналардың немесе демеушілердің иығына түсері анық.

 

Осы жарысқа баруымызға үлкен көмек көрсеткен біздің демеушілерімізге алғысымыз шексіз. Қалалық спорт Комитеті, әрине, өз тарапынан бізге үлкен қолдау білдіріп отыр. Соның арқасында біз жиындар, түрлі жарыстар өткізуге мүмкіндік таптық. Өкінішке орай, Комитеттің бізді жарыстарға жіберуге бөлетін қаржысы жоқ. Сондықтан ата-аналар мен демеушілерге иек артуымызға тура келеді»,-деген пікірімен бөлісті.

 

Игорь Викторұлының айтуынша, «Алдағы әлемдік додаға барарда Шенген визасын алу үшін 12 жастан бастап спортшылардың саусақ іздерін алу үшін Алматы қаласына бару қажет болады. Ал егер жарысқа түгелдей команда баратын болса, олардың барлығының жолының қаржысын кім көтермек?

 

Теңгенің құнсыздануына байланысты команда Венгрияға барған сапарында 150-160 мың теңгедей қомақты қаржыдан қағылған. Сол қаржының өзін табу да оңайға соқпағаны белгілі».

 

Сөз соңында айтарымыз, жас ұрпақтың дені сау, шымыр болып өскенін, спортпен шұғылданғанын қалаймыз. Алайда олардың спорттың кез-келген өздеріне ұнайтын түрімен айналысып, жетістіктерге жетуіне қаржылай көмек қажет болғанда тығырыққа тірелетініміз өкінішті-ақ.

 

Жас өрендеріміз түрлі әлемдік додаларда еліміздің абыройын асырып, жоғарыда аты аталған ұландардай, жеңіспен оралып жатса, оларға мемлекет тарапынан тиісті дәрежеде қаржылай қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему