Астрахандық өнерпаздар Ақтау сахнасында өнер көрсетеді
Курс валют в Актау
на 16/11/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Суббота,
16 Ноября, 15:20
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Астрахандық өнерпаздар Ақтау сахнасында өнер көрсетеді

15 Апреля 2016 (10:03) | 1813 | Автор: Нурганым Имашева

 

Киелі Маңғыстау өлкесіне Ресейдің Астрахань қаласынан бір топ өнерпаз келді. Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің достығын, ынтымағын насихаттау, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында өңірге алғаш келген меймандарды Маңғыстау бекетінде облыстық мәдениет басқармасының өкілдері құшақ жая қарсы алды.

 

Аймаққа тұңғыш рет ат басын тіреген ресейлік мәдениет өкілдері маңғыстаулықтарға арнайы концерттік бағдарламасын ұсынбақ.

 

Астрахань облысының мемлекеттік автономиялық мәдениет мекемесінің жанынан Володар ауданының Алтынжар елді мекенінде 2005 жылы ашылған «Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығының» өнерпаздары көпұлтты Ресей халқына қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін кеңінен насихаттауды мақсат тұтады.

 

Кеше бейсенбі күні ресейлік қонақтар Орталық коммуникациялар қызметінің Маңғыстау филиалында жергілікті және республикалық БАҚ тілшілері үшін баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

 

Кездесуге «Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығының» директорыӘбілғазиев Амангелді Геннадийұлы, директордың орынбасары Альбикова Светлана Альбикқызы және «Самал» ансамблінің жетекшісі Сибекбаев Рустам Әбубәкірұлы қатысты.

 

Журналистердің сауалдарына жауап берген өңір меймандары Маңғыстауға келген сапарларының мақсаты, Ұлы Баба Құрманғазының есімін иеленген мәдени Орталықтың жұмысы, алдағы жоспарлары, Астарахань өңіріндегі қандастарымыздың туған тілін, дәстүрін, мәдениетін сақтауға деген талпыныстары туралы кеңінен баяндады.

 

 

«Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығының» директорыАмангелді Әбілғазиев:

- Біздің мәдени орталықтың 2005 жылы құрылуына Астрахань облысының билік өкілдерімен қатар Қазақстанның үш облысы – Атырау облысы, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары мұрындық болды.

 

Бұл орталық өлкеміздегі қазақтардың 75%-ы шоғырланған Володар ауданының Алтынжар селосында құрылған болатын. Былтыр 2015 жылы Орталықтың 10 жылдығын атап өттік. Биылғы 2016 жылды концерттік бағдарламамен гастрольдік сапарларға шығуға арнамақпыз. Ең алғашқы сапарымызды осы Маңғыстаудан бастап отырмыз. Сапарымыздың басты мақсаты – Қазақстан мен Ресей елінің достығын, ынтымағын кеңінен насихаттау, екі елдің арасындағы мәдени байланысты нығайту болып табылады.

 

Бізді құшақ жайып, зор құрмет-қошеметпен қарсы алған Маңғыстау облысының әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасының басшылығына алғысымыз шексіз.

 

«Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығын» құрудағы мақсатымыз – Ресей елінде туып-өсіп, өмір сүріп жатқан қазақтарымыздың өз ана тілін, халқымыздың мәдениетін, өнерін, салтын ұмытпасын, жас ұрпақ ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпаса екен деген ізгі ой болатын.

 

Өзіміздің концерттік бағдарламамыз арқылы көпұлтты Ресей мемлекетінің халқына қазағымыздың бай өнерін, мәдениетін насихаттауды, таныстыруды көздейміз.

 

Бүгінде Астрахань өлкесінде 150 мың қазақ ұлтының өкілдері тұрып жатыр. Халқымыз ата-баба дәстүріне адал, туған тіліміз, ұлттық бет-бейнеміз және төл мәдениетімізден ажырамауға тырысуда.

 

Әрбір ауданда өнер мектебі бар, олардың барлығында да домбыра сыныптары жұмыс жасайды. «Отау ТВ» телеарнасын тамашалау арқылы тарихи Отанымыз - Қазақстаннан берілетін ана тіліміздегі хабарларды көріп, тамашалауға мүмкіндігіміздің болғанына қуаныштымыз,- деген ой-пікірімен бөлісті.

 

Құрамында 30 адам бар делегация мүшелерінің қатарында қазақ тілінде өнер көрсететін «Самал» ансамблінің, «Белый город» орыс халық аспаптар ансамблінің және «Алтын» халықтық би ансамблінің өнерпаздары және жекелеген әншілер мен домбырашылар Ақтау қаласының тұрғындарына арнап жұма күні кешке концерт береді деп күтілуде.

 

Астрахандық өнерпаздарға Маңғыстау облысының атынан 30 сахналық костюм, әдістемелік құралдар сыйға тартылғаны белгілі болды. Меймандар аймақ басшылығына, өлкелік мәдениет басқармасының басшыларына бағалы сыйлықтары үшін зор алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

 

Жергілікті БАҚ журналистері тарапынан ресейлік қандастарымыздың ана тілін үйренуі, салт-дәстүрді сақтап, төл мәдениетімізден көз жазбауы, ұлттық болмысымыздан ажырамауы жолында аталмыш Орталықпен қандай жұмыстар жасалып жатқаны туралы сан сауалдар қойылып, қонақтар оларға тұшымды жауаптар берді.

 

Айта кететіні, Ұлы Құрманғазы бабамыздың мәңгілік мекеніне айналған Алтынжардағы дәулескер күйші кесенесі – мұражай кешенінің жай-күйі жайлы тілшілер сауалына Орталық директорының орынбасары Альбикова Светлана Альбикқызының берген жауаптары және «Самал» ансамблінің жетекшісі Сибекбаев Рустам Әбубәкірұлының қазақ музыкасын дәріптеу жөніндегі ой-толғамдары туралы толығырақ газетіміздің келесі жаңа санынан оқи аласыздар.

 

Сөз соңында барша маңғыстаулық ағайынды ресейлік қандастарымыздың өнерін тамашалауға жұма күні 15 сәуірде кешкі 19-00 де М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының концерт залында өтетін өнер кешіне шақырамыз. Концертке кіру - тегін.

 

Концертке келіңіздер, төл өнеріміздің нәрімен сусындап, ұлттық рухымызды көтерейік, ардақты ағайын! Көршілес елде туып-өсіп, атамекеннен жырақта ғұмыр кешіп жатса да жүректері әркез «Мен – Қазақпын!» де соғатын қандастарымыздың ана тілімізді, төл өнеріміз бен мәдениетімізді, бай мұрамыз – салт-дәстүрмізді сақтауға деген талпынысына Сіз болып, Біз болып, баршамыз бірауыздан қолдау білдірелік!

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему