Маңғыстаулықтар балуандар командалық есепте бірінші орында
14 Марта 2016 (09:30) | 2415 | Автор: Нурганым Имашева
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті.
Байрақты бәсекеде маңғыстаулық балуандар Нұркен Домбаев пен Айболат Мұратұлы алтыннан алқа тағып, жауынгерлік самбо бойынша ҚР-ның чемпионы атанды. Сондай-ақ, 57 келі салмақ дәрежесінде белдескен Қазбек Айболатов қоланы еншілеп, балуандар облыс қоржынын 2 алтын және 1 қола медальмен толықтырды.
Жарыс қорытындысында Маңғыстаудың құрама командсы бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Алматы құрама командасы көтерілсе, үшін орынды Қарағанды құрама командасы жеңіп алды.
Жайық жағасындағы денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде (ФОК) ұйымдастырылған ҚР чемпионатына еліміздің барлық аймағынан келген 355 балуан қатысып, күш сынасты.
- Ересектер арасында өткен Ел біріншілігінде біздің маңғыстаулық балуандардың топ жарып, командалық есепте бірінші орынды иеленуі аймақтың спорт тарихында алғаш рет орын алып отырған қуанышты жағдай. Бұл - үлкен көрсеткіш. Облыс балуандары осынау табыстарын Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерей тойына арнады.
Жарыстан жеңімпаз атанғандар биыл өтетін Әлем чемпионатына және Азия чемпионатына қатысып, ел намысын қорғайды. Биыл мамыр айында Ашхабадта Азия чемпионаты, қарашада Болгарияда Әлем чемпионаты өтеді деп жоспарланған.
Жеңіс тұғырынан көріну үшін балуандар күні-түні тынбай еңбектенетін болады,-деген балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов, жарыста алғаш рет маңғыстаулық бапкерлер Ғайса Қалмұханов пен Жаңғали Нұрдәулетов төрелік еткенін атап өтті.
Дүбірлі додада 100 келі салмақ бойынша топ жарған Айболат Мұратұлы өткен жылы Азия чемпионы атанып, облыс мерейін өсірген болатын. Осы уақытқа дейін балуанымыз самбодан 8 рет және жауынгерлік самбодан алғаш рет ҚР-ның чемпионы атанып отыр. Бұл жолы жарыста Айболат қарағандылық балуанды 6:0 есебімен ұтып, ақтық сынға жолдама алды. Шешуші сәтте павлодарлық балуан М. Омаровпен кездесуінде жерлесіміз бірден шабуылға көшіп, қарсыласына дес бермеді. Бұл жолы да өткен жеңісін қайталап, павлодарлық балуанды 3:1 есебімен тізе бүктіріп, Қазақстан Республикасының чемпионы атағын иеленді.
- Алғашқы жылдары спорттық самбомен айналысып жүрдім. Кейін жауынгерлік самбоға ауыстым. Бүгінгі таңда жауынгерлік самбодан шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Одан бөлек облыста ішкі істер саласында қызмет етемін.
Сондықтан да жарысқа баруға қолдау көрсетіп, мүмкіндік жасаған ІІД басшысы Қайрат Дәлбековке және облысқа белгілі бапкер, спорт жанашыры Манарбек Бисекеновке ерекше алғыс айтамын. Ел үмітін ақтап, әлі талай жарыстарда облыс мерейін өсіруге жұмыстанатын боламын, - дейді ҚР-ның чемпионы Айболат Мұратұлы.
Жарыстың шешуші күнінде 57 келі салмақта боз кілемде белдескен Нұркен Домбаев қарсыласы шымкенттік балуанды 8:5 есебімен ұтып, бапкерлер үмітін ақтады. Білекті балуан одан кейінгі кездесулерінде де қарағандылық, тараздық балуандардан басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды.
Соңғы айналымда байқоңырлық балуан Н. Дәулетбековті айқын басымдылықта 11:1 есебімен жеңіп, ҚР чемпионы атанды.
- Мықтылар бас қосқан жарыста топ жарып, туған жеріңе жеңіс сыйлау да оңай емес. Қатысушылардың барлығы да мұндай жарыстардан облысына жеңіспен оралғысы келеді. Өйткені, бұл жарыстың жеңімпаздары алдағы уақытта Азия, Әлем чемпионаттарына қатысатын болады. Сондықтан да менің талабымды ұштап, әрдайым қолдау көрсеткен ата-анама, бапкеріме, бауырларыма алғыс айтамын, - дейді Нұркен Домбаев.
Қола медальдің иесі атанған Қазбек Айболатовтың спортты жанына серік еткеніне биыл - 18 жыл. 26 жасар балуан бүгінде ішкі істер саласында еңбек етеді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему