100 нақты қадам-100 жасыл ағаш!
9 Ноября 2015 (12:41) | 1878 | Автор: Нурганым Имашева
Дәл осындай тақырыпта жуырда маңғыстаулық белсенді жастардың қатысуымен ағаш отырғызу акциясы өтті. Шара аясында аймақтағы жоғары оқу орнының студенттері мен облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері өлкені абаттандыру жұмыстарына өз үлестерін қосып, әуежайға апаратын жол жиегіне 100 ағаш отырғызды.
Ұйымдастырылған шараның мақсаты жайлы баяндаған облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары, Рахман Арыстанбек:
-Елбасының 2015 жылдың 9 ақпандағы ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заңы 4 бабының 4 тармағын жүзеге асыру мақсатында облыстың белсенді жастарының атсалысуымен ағаш отырғызу акциясын қолға алдық. Әуежай жолына жас шыбықтарды отырғызып, өлкемізді көгалдандыру жұмыстарына өз үлесімізді қосудамыз. Осылайша сүйікті қаламыз Ақтауды жасыл желекке бөлегіміз келеді,-деді.
Аймақта күзде және көктемде жаппай жасыл желек отырғызу жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. «Факел құрылыс компаниясы» ЖШС көгалдандыру цехының бастығы Нұрбибі Тулиеваның айтуынша, биылғы маусымға 1370 тал егу жоспарланған. Қараша айының алғашқы аптасында әуежай жолына 600 жас шыбық отырғызылған.
-Қазіргі таңда әуежай жолына отырғызылған көшеттеріміздің айналасына қоршау жұмыстарын жүргізу қолға алынды. 70 жұмысшымыз күні бойы тынбай еңбек етуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң қаладағы төменгі шағынаудандарға, «Ақбота» саябағына 480 жас шыбық егеміз. Одан бөлек 13 мыңға жуық бұтаны (кустарник) отырғызамыз. Бұлардың барлығын қаладағы ботаникалық бақтан және өзіміздің питомнигімізден алып, дайындаймыз.
Биылдан бастап арнайы кесте жасақталып, ағаштардың уақытылы суарылуы жолға қойылғанын атап өткім келеді. Дер кезінде қаражат бөлініп, жағдай жасалса, Ақтау жасыл желекке айналған әдемі қалаға айналары хақ. Жапырағы жайқала өсіп тұрған ағаш шаһарға сән беріп ғана қоймай, ауаны да тазартады. Жазда көлеңкесінен сая тауып, тұрғындар да демала алады. Сондықтан да ару қаламызға қанша жасыл желек ексек те артық етпейді,-дейді цех бастығы.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему