«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы мерейтойлық белгімен марапатталды
23 Сентября 2015 (15:19) | 1725 |
Автор: Мира Ботабекова
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының биылғы жеңімпазы – маңғыстаулық Құлсариевтер отбасы «Қазақ хандығына 550 жыл» мерейтойлық белгісімен марапатталды. Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев жеңімпаздарды қабылдап, шаңырақ иесі 84 жастағы Орын Құлсариевке арнайы белгіні табыстады. Өңірдің мерейін асырған отбасыға тоңазытқыш пен Бекет ата жерасты мешіті бейнеленген кілемді сыйға тартты.
Орын ата – ауыл өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан жан, дүлділ домбырашы, Маңғыстаудың ең алғашқы дирижері, мәдениет қайраткері. Қарақия ауданындағы Жетібай ауылында «Өнер» мектебін құрып, ұлт аспаптар оркестрінің негізін қалаған жан. Әлі күнге дейін осы ұжымға жетекшілік етіп жүр. Тіпті, 77 жасында студент атанып, 81 жасында диплом алған. Қазыналы қарттың өнегеге толы өмірі мен өнер жолы көпке үлгі.
Орын Құлсариев пен отанасы Құндыз Жолболдинаның 65 жылдан бері жұптары жазылған жоқ. Бүгінде 12 баладан 46 немере сүйіп, 41 шөбересінің қолынан су ішіп отыр. Перзенттерінің барлығы жоғары білім алып, түрлі салада тер төгіп жүр. «Мерейлі отбасы» атағы үлгілі шаңырақтың мерейін өсірді.
Кездесуге Құлсариевтер жанұясы музыкалық аспаптарын ала келген екен. Ән айтып, жиналған жұртшылықтың көңілін бір серпілтіп тастады.
Елбасының бастамасымен осымен екінші жыл өткізілген ұлттық байқауға еліміз бойынша 2285 отбасы қатысқан болатын.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему